Польшадан жүлдесіз оралмады
Польшаның Варшава қаласында жастар мен ересектер арасында грэпплингтен әлем чемпионаты өтуде. 21 елден 804 спортшы бақ сынаған әлемдік бәсекесіне Қазақстан құрамасы да қатысты. Оның ішінде Жанұзақ Айтбаев, Александр Ивашкин мен Мейірбек Есқазыев есімді жерлестеріміз облыс атынан қатысып, үшеуі де жүлдемен оралды.
Жанұзақ Айтбаев төрт жекпе жек өткізіп, ақтық кезеңге жолдама алған. Алғашқы екі жекпе жегін мерзімінен бұрын аяқтады. Ақтық кезеңде де қарсыласын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Айта кетейік, жерлесіміз осымен екі дүркін әлем чемпионы атанды. Өткен жылы Испания елінде болған әлем біріншілігін жеңіп алған еді.
Александр Ивашкин мен Мейірбек Есқазыев әлем біріншілігіне алғашқы мәрте қатысуы. Әрі екеуі де турнирдің ақтық бәсекесіне шыққан. Александр финалда қарсыласын жеңіп, чемпион атанса, Мейірбек өкінішке қарай ақтық кезеңде қарсыласынан айласын асыра алмады.
Осылайша қарағандылықтар Польшадан 2 алтын, 1 күміс жүлдемен оралды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz