Жаңалықтар

Полиция қарағандылық блогерді ұрлыққа қатысы бар деген күдікпен тергеуге алды

12 наурыз күні таңертең Қарағанды полиция басқармасының Теміржол полиция бөліміне өнеркәсіптік кәсіпорындардың бірінде жабдықтар ұрланғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Жедел-тергеу тобы оқиға орнына келгеннен кейін ұрлау фактісі расталған.

Тергеу барысында әлеуметтік желі арқылы тұрғындардың мәселесін жариялап жүрген блогер Евгений Медведев ұсталды. Белгісіз біреулер өндірістік мекеме кәсіпорынының қоймасынан төрт электр қозғалтқыш пен ысырма редукторды қолды еткен. Ұрлық бейнежазбаға түсіп қалған. Сол аумақтан шыққан «Газель» көлігі блогердің ауласынан табылған.

– Оқиға орнындағы бейнебақылау камераларын қарау барысында ұрлық жасап, сол жерден ізін жасырған «Газель» маркалы автокөлік анықталды. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлыққа қатысы бар автокөлік қаладағы жеке үйлердің ауласынан анықталды. 33 жастағы үй иесі өзін блогермін деп таныстырып, ішкі істер органы қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтірді,- деп мәлімдеді Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция қызметкерлері «Газель» автокөлігін айғақ зат ретінде тәркілеп, оны полиция бөліміне жеткізу үшін эвакуатор шақыртқан.

– Алайда көлікті полицияға жеткізу үшін тасымалдау кезінде оқиға орынына жиналған белгісіз адамдар эвакуатордың дөңгелегін жарып, полиция қызметкерлерінің заңды әрекеттеріне кедергі келтірген. Қазіргі уақытта ол адамдарды анықтау  бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, қалған заттай дәлелдемелерді алу бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде,- деп хабарлады Полиция Департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіге блогерді ұстау барысында түсірілген бейнежазба тарады. Блогер полиция қызметкерлеріне ұстау барысында қарсылық көрсеткен. Ұрлық кезінде бейнетаспаға түсіп қалған көліктің нақты қожайыны әзірге белгісіз. Блогер  тексеріс кезінде көліктің өзінікі емес екенін айтқан. Тергеу жұмыстары жалғасуда.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button