Жаңалықтар

Поэзияны серік еткен полиция

Қарағандылықтар облыстық полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Қуаныш Медеубаевты әуелі ақын ретінде таниды. Одан кейін барып погон таққан полиция қызметкері ретінде біледі.

Сурет Қ.Абдоллаұлының жеке мұрағатынан

Олай болатын да жөні бар. Қуаныш Абдоллаұлының алғашқы өлең жинағы университет қабырғасында жүріп жарыққа шығады. «Жан-Арым» атауымен. Профессор Нұрлан Дулатбековтің тікелей қолдауымен. Сөйтіп, Қарағандыдағы әдеби ортаға осылай қадам басады. Сөз ұстаған азамат болғандықтан, арасында асаба ретінде де елдің той-қуанышын өткізіп жүреді.

Аракідік «Орталық Қазақстан», «Балқантау» газеттеріне қоғамдағы өзекті тақырыптарға өткір тоқталып, өзінің ой-толғауларын жазып тұрды. Жаны жазуды жақсы көргендіктен, журналист болғысы келген арманы басқаша орындалады. 2014 жылы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне жұмысқа қабылданады. Сонда жүріп полиция қызметкерлерінің қызығы мен шыжығын, құқық қорғау органындағы жылт еткен жаңалықтарды өңірдегі газет беттерінде көрсете білді. Облыстық «Saryarqa» телеарнасындағы «Заң және Заман» бағдарламасы арқылы да халыққа органдағы өмірдің қыр-сырын жеткізіп жүрді.

Баспасөз саласындағы жұмыстарды ұршықша иіріп, ұтымды ұйымдастыра білген қызметкер 2019 жылы департаменттің идеология мен имиджіне жауапты Тәрбие және кадр жұмысы басқармасына ауысады. Бұл басқармадағы шаруа да Қуаныш Абдоллаұлына аса таңсық емес. Осында жүріп ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспектор лауазымына дейін жоғарылайды, қазір майор шенінде.

Мұнда қандай қызмет атқарады? Департамент қызметкерлерінің, яғни, әрбір тәртіп сақшысының патриоттық-рухын көтеру мақсатында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Мәселен, ерлікпен қаза тапқан қызметкерлердің батылдықтарын насихаттап, үлгі етеді. Ішкі істер органының ардагерлерімен «Ерлік сабақтарын» өткізеді. Яғни, жас полицейлерге олардың даңқты жолдарын үлгі етеді. Үнемі театр, кинотеатр секілді басқа да мәдени ұйымдармен бірлесе жұмыс жасайды. Рух көтеретін қойылымға, кинофильмдерге баруын ұйымдастырады. Былайша айтқанда, әр полицейдің имиджіне жауапты.

– Ақын үшін полиция қызметкері болу әжептәуір ауыр. Әйтпесе, қарапайым полиция қыз­меткері болсаң, бар күш-жігеріңді аянбай жұмысқа арнайсың. Ақын ретінде өз шығармашылығыңа еркіндік беру мүмкіндігі сәл ауырлау. Десе де, басшылық үнемі қолдау көрсетіп, шығармашылығыма еркіндік беріп тұрады. Соның нәтижесінде полицияға деген халықтың оң көзқарасын қалыптастыруға бірнеше өлең, патриоттық бағыттағы әндерге сөздер жазылды. Бейнероликтер мен деректі фильмдер түсірілді. Ол, әрине, жалғыз менің ғана еңбегім емес. Департаменттегі «Еңбек және Ерлік даңқы» музейінің директоры Айжамал Бекішқызы мен баспасөз қызметі саласындағы әріптес-достарымның арқасы, – дейді ақын полицей.

Осыдан он жыл бұрын ақын Дәурен Берікқажыұлының қолдауымен «Қара жә­шік» атты кітабы жарыққа шығып, оны әдеби орта жылы қабылдайды. Ал оқырманнан оң баға алады.

Сыршыл өлеңдері испан, түрік, француз, әзірбайжан тілдеріне аударылып, қазақ ақындарының ұжымдық антологиясына енген. Осы ретте айта кеткеніміз жөн болар, испан халқының ғана емес, әлем ақыны атанған Хусто Хорхе Падрон «Әлемдегі 30 елдің ақындарының ішінде полиция қызметінде жүрген ақынды бірінші рет кездес­тірдім», деген пікір білдіріп, поэзиясына бас бармақпен баға беріпті.

Одан бөлек, Қуаныш Абдоллаұлы бірнеше әнге сөз жазған. «Жасай бер, Қазақстан!», «Анашым», «Ару қалқа қыз» секілді әндері ел аузында кең тараған.

Мұнымен қоса, погон таққан ақын –төрт ұл, үш қыздың әкесі. Демек, жұбайы Жадыра Серікбекқызының азаматының жағасына кір, көңіліне кірбің түсірмей, қолдауы да үлкен шаруа. Жадыра жанына жақын кәсіппен, яғни, тігінмен айналысады. Тапсырыспен перде тігіп, отбасының табысын еселеп отыр. Ақын Қуаныш «Балаларым – көз қуанышым, көңіл нұрым. Жұмыстан шыға соларға асығамын. Жалпы алғанда, өлеңде де, өмірде де арманы орындалған жанмын», – дейді. Олай болса, біз де Қуаныш үшін қуаныштымыз!

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button