Жаңалықтар

Перзент алдындағы борыш

Қарағанды облысында алимент төлемей жүрген азаматтар саны аз емес. Бұл жағдай қоғамда алаңдаушылық тудыратыны рас. Дегенмен, қазіргі кезде мемлекеттің қабылдап жатқан нақты шараларының арқасында бұл мәселеге жүйелі түрде жол табылып жатыр.

Борышкерлермен жұмыс жүргізу, оларды іздестіру, әлеуметтік әлсіз топтарға заң көмегін ұсыну сынды жұмыстар қоғамдағы әділдікті орнатуға бағытталған.

Алимент төлемеген жағдайда борышкерлерге қатысты заңда көрсетілген бірқатар шаралар қарастырылған. Бұл – жазалау емес, жауапкершілікке оралуға көмектесетін тәсіл. Мысалы, уақытша жүргізуші куәлігін тоқтату, мүлкін есепке алу, табысын заңдастыру, елден шығу шектеуі сияқты шаралар көп жағдайда оң нәтиже беріп, азаматтарды балалары алдындағы міндеттерін орындауға ықпал етеді. Қарағанды облысының жеке сот орындаушыларының есебі бойынша 2025 жылдың 1-тоқсанында Қарағанды облысы алимент бойынша 274 атқарушылық іс жүргізу аясында жалпы 297 935 781 теңге мөлшерінде берешек өтелді.

Қарағандыда алимент өндіру бойынша сот орындаушылары белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Олар борышкерлердің табыс көздерін анықтап, ресми емес жұмыс орнынан да кіріс табуға мүмкіндік береді. Кейбір ата-аналар табысын жасыруға тырысқанымен, цифрлық технологиялар мен қаржы мониторингі арқылы бұл әрекеттер де бақылауға алына бастады.

– Алимент төлемейтін әке жоғалып кеткен болса немесе байланысқа шықпаса, жеке сот орындаушылары арқылы оны іздеуге болады. Борышкерлерді табу үшін Ішкі істер министрлігі және басқа органдармен бірлесе жұмыс жүргізеді. Сонымен қоса, табысы төмен, әлеуметтік осал санаттағы аналарға тегін заң көмегі көрсетіледі. Бұл алимент өндіру – құжаттарды рәсімдеу, сотқа талап арыз беру бойынша қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Қарағанды қаласы бойынша Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы жобасы іске қосылды, – дейді Қарағанды облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жетекші маманы Әлішер Нұрланов.

Сонымен қатар, кейбір азаматтар алимент төлеудің орнына ата-анасына немесе туыстарына салмақ салатыны байқалады. Бірақ, қазіргі қоғамда бұл да біртіндеп өзгеру үстінде. Көпшілік өз баласының тағдырына бей-жай қарамай, қолынан келген көмекті беруге ұмтылуда.

– Алимент өндіру бойынша Қарағанды облысында бірқатар жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, «Борышкер» жедел алдын алу іс-шарасы аясында алимент төлемей жүрген азаматтарға іздестіру жарияланып, мүлкіне және шоттарына тыйым салу, жүргізуші куәлігін тоқтату сияқты мәжбүрлеу шаралары қабылдануда. Облыс аумағында ай сайын жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты Қарағанды облысы бойынша еңбек мобильділігі орталығы қолдауымен бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеге облыстың Жеке сот орындаушылар өңірлік палатасы әрдайым қатысады, – деп мәлімдейді Әлішер Нұрланов.

Қазіргі уақытта қоғамымызда алиментке қатысты сана-сезім, жауапкершіліктің артып келеді.

Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Қарағанды зерттеу университетінің III курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button