Рухани жаңғыру

Патриоттық тәрбие – шыңдайды

     «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген Әбу-Насыр әл-Фараби сөзінің салмағы күн өткен сайын артып келе жатқанын бүгінгі уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Тал бесіктен басталатын тәрбиенің басы әуелі отбасы, ата-ананың қасында болса, балабақшадан кейін басты өнегені мектеп қабырғасы беретініне ешкім дау айта алмасы анық.

Қазір жаһандық дамудағы ғылыми-технологиялық жетістіктердің арқасында ақпарат кеңістігіне қол жеткізу мүмкіндігі тіптен оңай. Ғаламтор желісі, виртуалды әлем – қолжетімді ақпарат көзі. Тіпті, кезіндегі Гомер мен Шекспирдің, Абайдың қалың-қалың томдықтарын электронды нұсқада осы ғаламтор желісінен оп-оңай тауып аласыз. Тәлім-тәрбие мен білімнің інжу-маржанына жататын даналардың сөзі осы жерден табылып жатқанда, керек болған жағдайда кез келген мәліметке қол жеткізу қиындық тудырмасы анық қой. Алайда, бұл жердегі бір мәселе, әр оқушы осы айтылған тәрбие көздерін өздігінен барып іздеп тауып оқи ма деген сұрақ? Арасында бір-екеуі болмаса, оқушылардың бәрі өздігінен барып ізденіп, оқып кетпейтіні белгілі. Егер ұстаздар мен тәрбиешілер балалардың құштарлығын тудырып, қызығушылығын арттырмаса. Осы орайда мектеп қабырғасындағы тәрбиеші ұстаздардың атқарар қызметі ұшан-теңіз екені талас тудырмаса керек.

Әлемнің екінші ұстазы әл-Фарабидің жоғарыда айтылған даналығын елдік, мемлекеттік тұрғыда Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұштады. Елбасы былтырғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деді. Онысы – қанша жерден білім қуып, ғылыми жаңалықты үдетіп, өркениет көшінің алдына түскеніңмен, ұлттық салт-дәстүрден нәр алмасаң, бекершілік деген сөз. Қылған ісің «құр жаңғырық» қана болып қалмақ. Яғни, бұл жердегі «тарих, рухани код, ұлттық код» сөздерін тәлім-тәрбие деп қарастыруға болады. Тәлім-тәрбиенің үлкені – тарих пен салт-дәстүр, ұлылар ұлағаты. Ал, «ұлттық кодтың» өзі салт-дәстүрден шығады. Осы аталғандарды оқушылардың бойына сіңіріп, қанына дарытпай, отаншыл рухтағы патриот ұрпақ тәрбиелеймін деу – ауаға сіңген құр жаңғырыққа тең бос әурешілік. Және бүгінгі таңда халықаралық аренада ел мен жердің, ұлт пен ұлыстың, мемлекет пен халықтың аты спорттық ойындардағы жетістіктер арқылы шығып жатқанда, бұл мәселе болашақ спортшыларға да қатысты екенін ескерген жөн.

Осы орайда, сөзіміз дәлелді шығуы үшін болашақ спортшыларды дайындап шығаратын білім ошақтарының бірі – Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатындағы тәрбие жұмыстарына тоқтала кетсек. Спорт деген – елдің имиджін көтеріп, халықтың қабілетін көрсететін бірден-бір сала болғандықтан, бұл мектепте оқып, жаттығатын болашақ спортшылар республикамыздың намысын қорғап, халықаралық сайыстарға шығуы әбден мүмкін. Сондықтан, оларды патриоттық рухта тәрбиелеп шығуға тиіспіз. Мұғалімдер, бапкерлер мен тәрбиешілер бірігіп жасаған жұмыс сөйтсе ғана жақсы нәтиже береді. Осы орайда, мектеп-интернаттағы аға бапкерлер Рустам Кулаев есімін атап өткен жөн. Осы мақсатта білім ошағындағы оқушыларды отаншыл рухта баулитын шаралар аз өтпейді. Негізінен көп уақыттарын спортқа арнағанымен, ондай шараларға оқушылар асқан белсенділікпен ат салысатыны қуантады. Мәселен, мектеп-интернатта мектепішілік «Абай оқулары» алғаш рет ұлы ақынның 170 жылдығында ұйымдастырылды. Онда біршама жоғары сынып оқушылары белсене қатысып, қазылар алқасы мен көрермендер алдында Абай жырларын жатқа мәнерлеп оқып, өнер көрсетті. Сол кезде педагог ұйымдастырушы Ләззат Әбілдақызы оқушылардың өнеріне тәнті болғаны есімде.

Мектебіміз есімін еншілеген ержүрек, батыр қызымыз Әлия Молдағұлованы еске алуға арналған түрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ондай шараларға қатысқан оқушыларымыздың кеудесін мақтаныш сезімі кернейді. Талаптана түседі. Осындай өнегелі шараларға ат салысып жүретін оқушымыз М.Қуатбек пен Э.Сыздықова әлемдік олимпиадада жүлделі орыннан көрінді. Ал, тағы осындай Ж.Ырыстаев, С.Бақытжан, Ү.Смайыл сынды оқушыларымыз ҚР спорт шебері мәртебесіне абыроймен жетті.

Қорыта айтқанда, жас спортшылар бойына білім мен спортты патриоттық рухпен қоса бергенде ғана үлкен жетістіктерге жететіні тәжірибеден белгілі болып отыр. Қазақтың батыр қызы Әлия есімін еншілеген мектеп осы жолдан таймақ емес. Бүгінгі жас спортшы болашақ елдің батыры десек, біз тырысып бағамыз.

 Айман ҚҰНДАҚБАЕВА,

Әлия Молдағұлова атындағы спортқа бейімді және дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының тәрбиешісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button