Баған

Патриархат биліктен тайды…

Әйел затының көретін зорлығы туралы жанымды жеп, жүйке жүйемді тоздырып, материал жазғаным бар-ды. Соны оқыған танысым «Әйелдер қайдан зорлық көрген? Қит етсе, қиқулап, көшеге шығып кетеді ғой қазір» – деді. Тілімді тістедім. «Сөз тапқанға – қолқа жоқ». Расында, осы күні ер-азаматтар әйеліне баласын тіркестіріп, ереуілдетіп қоятыны өтірік емес енді. Оған бір грамм да намыстанбайды. «Балашағасын асырай алмай отыр» деген сөзді естудің өзі – ауыр. Намысы бар  болса,  жарылып өлер еді. Ал,  намысы жоқ елдің ертеңі – бұлдыр. Қазіргі кебіміз – намыстың жұқанасы да қалмай бара жатқанын көрсетеді. Өйткені, отбасында патриархаттан билік матриархатқа жеткен. Әйелдер көшеге шулап шыққан күні-ақ  билік патриархаттан қолын төбесіне қойып, безіп кетіп қалған…

Қазақ «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқы жүнін қампайтып» дейді. Неге білдірмейді? Өйткені, оның түбінде тамырын бүлкілдетіп тұрған Тектілік бар! Ол сол тектілігін сақтайды. Мейлі, қарны қабысып, шегі бұралып аштан өліп бара жатсын. Сыртқа сездірмейді. Тіміскіленіп, тіленшіленбейді екен көкбөріңіз. Ондай тектілік тұрған жерде, оның ұрпағының ұсақталуы  мүмкін емес. Біз қандаймыз?!

Жылауықпыз. Сұрамшақпыз. Жалқаумыз. Масылмыз десем, ит қосып қууға дайын жұрт. Абай хакім айтқан «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» – біздің қас дұшпанымыз емес, «асыл ісімізге» айналып алған.

Бала – Алланың аманаты. Бірақ, сол аманатты пұлдап,  табыс көзіне айналдыру – ардың ісі емес. Әрине, үкімет қолдау көрсетуі тиіс. Бірақ, кешіріңіз. «Не қылсаң да менің баламды бағып бер, мен тауып бердім» деу – мен үшін ерсі. Кезінде шешелеріміз 7-10 бала туған. Сонда әкеміз анамызды көшеге қашан шығарып жіберіпті? Қашан алақан жайдырып қойыпты? Ешкімге тепсінген жоқ. Әйтеуір, Алланың берген несібесін теріп жеп, өсіріп-жеткізді.  Қазір бірдеңе болса, аттандап әлеуметтік желіде жүреді әйел қауымы. Осы қаншалықты қисынды?

Әлбетте, мемлекет қолдау көрсетсін. Көмектессін, жәрдем қылсын. Оған еш дау жоқ. Алайда, әйелдің көше кезіп кетуі, ең әуелі сол үйіндегі азаматына сын емес пе? Кейде ойлаймын, «сол азаматтар қайда қарап отырады екен сонда?» деп. Әлде, әйелдер ереуілдеп кеткенде бала бағып үйде қала ма? 

Бұл білгенге  – психологиялық тұрғыдағы дерт. Кедей-кепшіктің психологиясы ертеңгі күні дені сау, бақуатты  ұлтты қалыптастыра алмайды. Тар, таяз ойлайтын, бір күнгі қарнының тоқтығына мәз тоғышар толқын пайда болмай ма?! Оңай жерден ақша жасауға ұмтылатын опасыз ұрпақ өспей ме?!

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». «Мен – бейшарамын, менде түк жоқ. Бала-шағамды асырай алмаймын» деген зарды тырнақтай күнінен естіп, жұлын жүйесіне сіңірген баладан ертең кім шығады?  Кедейлік психологиясына әбден мойынсұнған ол ертең алға ұмтыла ма? Болашағына алаң адам осыны да ойлауы тиіс әуелі.

Еврейлер баласын «сен осы елдің Президенті боласың» деп тәрбиелейді-мыс. Біз «сен ертең АСП аласың. Үкімет саған жәрдемақы беруі тиіс» деп тәрбиелеп отырған жоқпыз ба?

Қызғалдақ Айтжан,

газеттің экономика, саясат және өнеркәсіп бөлімінің меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button