Руханият

Патефон

Патефон (Пате – француз фирмасының атауы мен грек тіліндегі рһоnе – дыбыс деген сөздердің бірігуінен пайда болған) – граммофон пластинкасынан дыбыс шы­ғаруға арналған механикалық-акустикалық аппарат. Па­тефон дыбыс жазуға әрі сол дыбысты қайта шығару үшін пайдаланылды. Бертін келе патефонның жетілдірілген түрі – граммофон шығарылды. Ол кейіннен электрлік пластинка ойнатқыш электрофонмен алмастырылды.

Патефон аппараты алғаш рет шыққанда, талайды таңғалдырды. Тіпті, бұл құралдың сиқырлы күші бар деп сенгендер де болды. Америкалық өнертапқыш Томас Эдисон жасап шығарып, 1877 жылы патенттеген фонограф талай тарихи мұралардың кейінгі ұрпаққа жетуіне жәрдемін тигізді. Қазақтың дәстүрлі ән өнерін әлемге жайып, даңққа бөленген Әміре Қашаубаевтың үні қайта жаңғыруына осы фонограф себепші болды.
Өнертанушы Жарқын Шәкәрім Әміре Қашаубаевтың орындауында 1925 жылы фонографқа жазылған «Ағаш аяқ», «Смет», «Бесқарагер», «Жалғыз арша», «Үш дос», «Балқадиша», «Дудар-ай» әндерінің үнтаспасын Мәскеудің Орталық мұрағатында шаң басып жатқан жерінен тауып алып, 1974 жылы жарыққа шығарды. 

Алып жүруге қолайлы, тұтқасы бар қорапқа салынған патефон кейін, электрофон шыққан соң да пайдаланылды. Әсіресе, жоғары кернеулі электр желісі кейін жеткен елді мекендердегі ән-күйге құмар тұрғындардың рухани қуанышы болған патефон ХХ ғасырда адам игілігіне қызмет жасаған құралдың қатарына жатады.

– Осындай тамаша бір жәдігер Осакаров ауданының тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы тұр. Оны мұнда 2013 жылдың 27 маусымында ауданның байырғы тұрғындарының бірі П.Н.Фисенко деген адам тапсырыпты, – дейді мекеменің қор сақтаушысы Жазира Шойымбаева.

Музей қызметкерінің айтуынша, патефонның техникалық жағ­дайы жақсы, қазір де пайдалануға болады екен.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button