Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан жастармен кездесті
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға арналған «Адал азамат» бағдарламасы аясында ерекше, есте қаларлық кездесу өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы әлеуметтік осал топтардың құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Кенжеғұл Сейтжан арнайы келіп, студенттермен ашық әрі шынайы жүздесті.

Депутат – көзі көрмесе де, көкірек көзі ашық, өмірге құштар, белсенді тұлға. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген Кенжеғұл Сейтжан өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, студенттерге қиындықтарды жеңу жолдарын көрсетіп қана қоймай, шабыт сыйлайтын пікірлерін ортаға салды.
– Қиындық – сенің күшіңді сынап, рухыңды шыңдайтын мүмкіндік. Көзің көрмесе де, жүрегіңнің көзі ашық болса, жолың әрдайым жарық. Негізі, барлық кедергі – адамның миында. Содан арылған күні жаңа өмір басталады. Жүрек көзіңіз ашылып, өмірге басқаша қарай бастайсыз, – деді ол.
Кездесу барысында кеш қонағы жастарға мотивация беретін өзі оқыған кітаптардың арасынан бесеуін атап өтіп, өзінің де жазғалы жүрген кітабы туралы айтып берді. Көзінің көрмейтін сәтінде анасының оған кітап оқып бергеніне ерекше көңіл бөлді.

«Көзім көрмей қалғанда анашым менің көзім болды. Сол арқылы мен әлемді оқып, түсіндім. Тоқтап қалмадым, рухым сынбады. Сол үшін анама мәңгілік қарыздармын. Қазір алдыма «Анамды әлемнің 100 мемлекетіне саяхатқа апарамын!» деп мақсат қойдым. Қаржы жиып жатырмын. Сіздер де солай армандап, сол жолда жұмыс істеңіздер», – деді депутат.
Қазір Кенжеғұл Социалұлы брайл әріптерімен айына бірнеше кітапты оқып тауысады, сондай-ақ, аудиокітаптар тыңдап, білімін үнемі жетілдіріп келеді. Ол болашақта өз оқу орнын ашып, жаңа буынға мүмкіндік беруді армандайтынын да жасырмады.
Студенттер сұрақтарын қойып, депутаттың нақты әрі жүректен шыққан жауаптарын тыңдады. Оның өн бойынан сөз саптаудағы шешендігі, биік сахналық мәдениеті және терең білімі байқалып тұрды. Философтардың ұлағатты сөздерін тілге тиек етіп, студенттерді үйіріп әкетті. Өзін сыйлаудың, өзін құрметтеудің де ерекше маңызын дәлелдермен жеткізді.
Айта кетерлігі, Дубайда өткен жасөспірімдер арасындағы V Азия пара ойындарында осы оқу орнының паражүзушілері Ділназ Бейсекеева мен Нұрдәулет Дүйсенбаев тоғыз қашықтықта жүлдегер атанған.
Паражүзуші Нұрдәулет Дүйсенбаев өз өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, «Менің де көзім көрмейді» дегенде, Кенжеғұл Социалұлы сыпайы үнмен: «Жарайсың!» деп жауап беріп, қатысушыларды күлкіге бөледі. Бұл сәт залдағы студенттердің көңілін бірден көтеріп, кездесудің ең әсерлі сәті болды.
Аталған оқиға студенттерге сынаққа күле қарауға, қиындықтарды жеңілдетіп қабылдауға үйрететін тамаша мысал болды. Жас спортшылардың табандылығы мен жетістігі, сондай-ақ, осындай қиындықтарды жеңіп, биіктерді бағындырған депутаттың қолдауы жастарға өмірлік сабақ болып, әр кедергіні жігермен еңсеруге шабыт сыйлады.
«Парламент Мәжілісінің депутаты болғандықтан, алдымда үлкен жауапкершілік бар. Еліме адал қызмет етуім, оның үмітін ақтауым қажет. Мен – халықтың қызметшісімін. Бұл оңай жол емес, әрине, бірақ мен үнемі ізденістемін, әр жаңалықты, әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға тырысамын. Ел ертеңі – менің күнделікті күш-қуатымның қайнар көзі. Жастардың дамуы мен қоғамның өркендеуі үшін іздену мені алға жетелеп, жігерлендіреді. Әр ісің шынайы адалдықпен, жүрекпен жасалғанда ғана нәтиже береді», – деді ол.
Кездесу барысында колледжде инклюзивті білім беруді қолдау мақсатында ашылған кабинетке де баса назар аударылды. Колледж директоры Гүлмира Сұлтанмұратқызы бұл бастаманы көтеріп, Кенжеғұл Социалұлын арнайы шақырған еді. Заманауи техникалық құралдармен жабдықталған кабинет ерекше қажеттіліктері бар студенттерге білім алу мүмкіндігін теңдей қамтамасыз етеді.
Шара музыкалық сәттерге де толы болды. Қазақ халық аспаптар оркестрінің әуендері мен колледждің «Арқа әуені» студенттер хоры қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл кездесу жастар үшін тек мотивация мен шабыт көзі ғана емес, өмірлік сабақ, қиындықты жеңудің үлгісі болды.
«Жас буынға айтқым келетін басты нәрсе – әр кедергі сенің бойыңдағы күш пен жігерді арттырады. Өмірде көзің көрмесе де, бәрін сезіну, бәрін жасауға талпыну әрқашан қолыңда», – деді Кенжеғұл Социалұлы сөзін қорытындылап.
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі осындай шаралар арқылы студенттерге білім беріп қана қоймай, әрбір жасқа өз мүмкіндігін толық ашуға, инклюзия мен теңдік қағидаларын бойға сіңіруге жол ашып отырғанын атап өткен жөн.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



