Париж Олимпиадасы: қоржынға қос күміс түсті
Қос спортшымыз Париж Олимпиадасының финалына шықты деп сүйіншілеп жазып едік. Грек-рим күресінен 77 келіге дейінгі салмақта белдескен Демеу Жадыраев та, ерлер арасында 80 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбайда ақтық кезеңде қарсыласынан айласын асыра алмай, күміс жүлдені қоржынға салды.
Демеу Жадыраев ақтық бәсекеде жапондық Нао Куссакиге есе жіберді. Алғашқы айналымда қазақстандық спортшы үш ұпаймен алда тұрған-тын. алайда, қарсыласы екінші айналымда жеңісті қолдан жұлып алды. Осылайша отандасымыз отандық спорт тарихына есімін алтын әріптермен жазды. Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин спортшыны құттықтап, жеделхат жолдады.
– Демеу Жадыраевты Олимпиададағы күміс медалімен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгін барша халық Сізбен мақтанып, қуанышыңызға ортақтасып жатыр. Төзім, күш, рух және тынымсыз еңбектің қайтарымы деп дәл осы жүлдені айтсаңыз болады. Сіздің шеберлігіңіз бен жанкештілігіңіздің арқасында Қазақстанның көк байрағы Олимпиада төрінде желбіреді.
Сондай-ақ, сіздің жеке бапкерлеріңіз Жұмақан Тұрғамбеков пен Боранбек Қоңыратовқа осы жеңіске үлкен үлес қосқаны үшін алғыс білдіріп, Олимпиада жүлдесімен құттықтаймын! – делінген құттықтау жеделхатында.
Ал, боксшымыз Нұрбек Оралбай украиналық Александр Хижнякқа есе жіберді. Осылайша отандасымыз бокстан ел қоржынына екінші жүлдені салды. Геннадий Головкин боксшымызға құттықтау жеделхатын жолдап, жылы лебізін білдірді.
– Ұлттық Олимпиада комитеті мен жеке өз атымнан Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайды шын жүректен құттықтаймын.
Бүгін барша қазақстандықтар Сізбен бірге шаршы алаңда болды десек, артық емес. Олимпиаданың күміс жүлдесі – үлкен марапат. Сіз жанкүйер мақтанатындай жекпе-жек көрсеттіңіз.
Сонымен қатар, Нұрбектің жеке бапкері Асқар Еркебаевты да құттықтаймын! Ол шәкіртін Олимпиада тұғырына алып келген мықты маман екені анық.
Сіздердің алғашқы Олимпиадаларыңыз спорттық мансаптарыңыздың тек бастамасы болсын. Жеңісіміз арта берсін, еліміздің көк байрағы биікте желбірей берсін! – делінген
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.