Тұлға

Озық туған Оразай

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде «Мәңгілік Ел» қайраткерлері» кездесулер циклінің аясында партия және мемлекет қайраткері, ҚР Президенті Архивінің қор құрушысы Оразай Батырбековтің 90 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті.

Шара аясында ҚР Президенті Архивінде сақталған О.Батырбековтің жеке қорынан, оның өмірі мен қызметін айқындайтын өмірбаяндық құжаттар, еңбектер, хаттар, фотосуреттер, басқа да материалдардан тұратын тарихи-құжаттық көрменің ашылуында ҚР Президентінің Архиві директорының орынбасары Қ.Әлімғазинов сөз сөйледі. Дөңгелек үстелдің құрметті қонағы, Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚР Президенті Архивінің қор құрушысы Ш.Жәнібеков «Оразай Батырбекұлымен Кеңес заманынан таныс болдым. Бірақ, 1990 жылдары ғана жақын араласа бастадық. Екі жылдай «Қазақстан» қорында басшылық қызметте жұмыс жасадық. Шетелдерде тұратын қазақтармен байланыс орнатып, олардың проблемаларын шешіп отырдық. Оразай Батырбекұлы – өте сауатты, табанды, ізгі кісі еді» деп қайраткер туралы өз естелігімен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 20 жылдай республиканың мемлекет және қоғам қызметкерлерінің жеке архивтік қорын құрумен, жинаумен айналысып келеді. Оразай Батырбеков 1998 жылы алғашқылардың бірі болып Архивке өзінің құжаттарын мемлекеттік сақтауға өткізді. Осы жылы О.Батырбековке 90 жыл толар еді. Оразай Батырбековтің атқарған барлық қызметтерін атап айту қиын. Ол – тарих пәнінің оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доценті. Партия жүйесінде 20 жыл әртүрлі қызметтер атқарып, 13 жыл Алма-Ата жоғары партия мектебінің ректоры қызметінде болған. О.Батырбекұлы үш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, КСРО ХШЖК медальдарымен, ҚазКСР Жоғары Кеңесінің, Қазақстанның ЛКЖО ОК, Достық қоғамы және тағы басқа мадақтамалармен марапатталған. ҚазКСР Жоғары Кеңесінің 8-9 жиналыстарының депутаты. О.Батырбеков «Сағынамын сендерді» (2006 ж.), «Тағдыр толқынында» (2011 ж.) кітаптарының және көптеген мақалалардың авторы.

О.Батырбековтің жеке қорында оның өмірбаянын, еңбек жолын көрсететін құжаттар бар. Соның ішінде хаттар, мақалалар, құттықтау хаттары, естеліктер, әр жылдардағы фотосуреттер және басқа да материалдар. Оның жеке қор құрамында жұбайы – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1979 ж.), филология ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Сәтбаевтың қызы Шәмшиябану Қанышқызының еңбектері және Батырбеков-Сәтбаев отбасыларының тарихына қатысты құжаттары сақтаулы. 2000 жылы маусым айында Оразай Батырбековтің өтініші бойынша ҚР Президенті Архивіне оның балалары: тарих ғылымдарының докторы Ғазиз Оразайұлы және филология ғылымдарының кандидаты Райхан Оразайқызының құжаттары қабылданған.

О.Батырбеков өзінің автобиографиясында «1927 ж. 23 сәуірде Қарағанды облысының Қарсақбай ауданы (қазіргі Жезқазған), №9 ауылында дүниеге келдім. Революцияға дейін ата-анам шаруа, кейін жұмысшы, ал 1933 жылдан бастап колхоз мүшелері болған. Анам 1930 жылы, әкем 1941 жылы өмірден өткен.

Мен, 1937 жылы Қарсақбай орта мектебінің бірінші сыныбына қабылдандым, ал 1941 жылы әкемнің өлімінен кейін әпкемнің қарауына өтіп, Алма-Ата қаласына көшіп кеттім. Сол жылы №18 орта мектептің бесінші сыныбына қабылдандым» деп жазған. Еңбек жолын 1943-1944 жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясында курьер, корректордың көмекшісі болып бастаған. Осы қызмет уақытын Оразай Батырбек-ұлы өзінің «Тағдыр толқынында» кітабында былай деп еске алады: «1943 жылы 6-шы сыныпты бітіріп, жазғы каникулға шыққанда апам мені «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына жеңіл-желпі жұмысқа орналастырды. Жеңіл-желпі дейтінім, редакцияға әуелі хат тасушы (курьер), одан кейін екі жылдай подчитчик болдым. Оқудан қалғам жоқ.

1943 жылдың жазында Алма-Атаға Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин майданнан демалысқа келді. Редакцияда кездесу болып, мол дастарқан жайылды. Мен де қатысып, берілген тапсырманы тиянақты орындауға тырыстым. Бір уақытта Батырдың көзі түсіп, шақырып алып, кімнің баласысың деп сұрағанда: «Ешкімнің баласы емеспін, редакцияның қызметкерімін», деп жауап бергеніме жақын отырған кісілер күлгені бар. Сол кездесуден кейін Мәлік аға редакция басшыларына: «Мына баланы жүгірте бермей, оқуынан қалмайтын қызмет тауып берген дұрыс болар», − депті. Сол себеп болған болар, бір күні редактордың орынбасары Тойғанбаевқа газеттің терілген бетін апарып едім, ол маған: «Осы сен газеттегі жазылғандарды дұрыс оқи аласың ба?» − деді. Мен: «Әрине, оқи аламын», − дедім. Жанында сол кездегі редакцияның партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі Ғұмар Аққұлов ағай отырған. Қолыма ұстатқан газетті аздап оқып бергесін Тойғанбаев: «Мынау сауатты ғой, подчитчик жұмысына ауыстырсақ қалай болады», дегенде Аққұлов ағай «өте дұрыс» деді. Алдағы өмір белестеріне жол ашып берген де «Социалистік Қазақстанның» ортасы, сол кездегі газеттің ұжымындағы ағалар мен апаларымның бәріне ризамын».

1944 жылы қазан айында Оразай Батырбековті С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дайындау бөліміне қабылдап, кейіннен ол осы университеттің тарих факультетіне оқуға түседі. О.Батырбеков студенттік жылдары альпинизммен айналысқан.

Батырбековтің жеке қорында көптеген фотоқұжаттар бар. Мысалы, КОКП ОК бас хатшысы Л.Брежневпен 1976 жылы қыркүйекте Алма-Ата әуежайындағы кездесуі. Алма-Ата жоғары партия мектебінің тыңдаушылары мен кеңестік және партиялық қызметкерлерінің біліктілікті жоғарылату курстарындағы Қазақстан КП ОК бірінші хатшылары: Д.Қонаев, Н.Назарбаевпен түскен фотосуреттері. Д.Қонаевтың О.Батырбековке үкіметтік марапатты беру сәті. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері тобы: Б.Әшімов, Ө.Жәнібеков, С.Жандосов, С.Жиенбаев, М.Есеналиев, С.Ниязбеков және басқаларымен, КСРО ұшқыш-ғарышкерлері: Г.Береговоймен, А.Николаевпен, Кеңес Одағының Батыры Т.Бегельдиновпен түскен фотосуреттері. Сондай-ақ 1972-2004 жылдары О.Батырбековтің өзінің туған жері – Қарағанды облысының Ұлытау ауданына барған сәтінде туыстары және достарымен түскен фотосуреттері де бар. Жезқазған тау-металлургия комбинатының шахтасында Жезқазған облыстық партия комитетінің хатшысы К.Салықовпен және басқа қызметкерлерімен түскен фотосуреттері сақтаулы.

О.Батырбековтің жарық дүниеден озғанына 3 жыл болып қалды. Өзі дүниеден озса да, артына қалдырған рухани дүниесі тозбайды. Оразай Батырбековтің мол мұрасы келешек ұрпақ тағылым алар Отан байлығына, халық қазынасына айналды.

Жібек БАЙҚАШ,

Қазақстан Республикасы

Президенті Архивінің бас сарапшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button