Жаңалықтар

Озық технологияның орасан игілігі

Облыс сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін мейілінше азайту үшін заманауи технологияларды енгізуде. Мәні бөлек мәселеде «Цифрландыру үдерісінің септігі қандай?» деген суалға аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың өзі көз жеткізді.

Сурет assembly.kz

Мұндағы негізгі сандық тетіктің бірі «еӘкімдік 365» жүйесі. Аталған сандық баған былтырдан бастап, стратегиялық әрі бюджеттік жоспарлау салаларын автоматтандырып, бақылау мақсатында іске қосылған. Қуанышқа орай, бүгінде бұл жүйе сынақтан сәтті өтіп, ресми тұрғыда қауіпсіздік сертификатын алды.

– Жүйеде «Стратегиялық жоспарлау», «Бюджеттік жоспарлау» және «Бюджеттің атқарылуы» сынды үш негізгі модуль бар. Оған облысты дамыту жоспарының мақсатты индикаторлары, сондай-ақ, 2015-2023 жылдар аралығындағы барлық ауылдық елдімекендердің тарихи деректері жүктелген. Бұл – 430 көрсеткіш. Яғни, белгілі бір ауылдың құрылысы мен инфрақұрылымын жөндеу қажеттілігін анықтауға таптырмас мүмкіндік, – дейді облыс әкімі.

Цифрландыру денсаулық сақтау, білім беру салаларына да сыналап енгізілу үстінде. Мәселен, шығыстың «мөлдірлігін» қамтамасыз ету үшін бюджеттік жоспарлаудың барлық кезеңдері автоматтандырылған. Мысалы, білім беру мекемелері барлық деңгейде облыстан бастап, ауылға дейін «еӘкімдік 365» жүйесінде өз бюджеттерін қалыптастырады. Бұдан басқа, білім басқармасына қызметкерлердің карточкалық шоттарына төлемдерді қашықтықтан тексеруге мүмкіндік беретін «бұлтты» бухгалтерия тетігі істейді.

Айқын жаңашылдық деп мемлекеттік мекемелердің ұжымы құрамында бұрынырақ штатта болуы мүмкін жалған қызметкерлер саны түйткілі түбегейлі шешілгендей. Қарағанды емханаларында есепшілердің қызметкерлерді өз бетінше қосу мүмкіндігін болдырмайтын арнаулы жүйе сынақтан өткізілді. Аталмыш тәсіл тиімділігі анықталып, облыстың барлық медициналық мекемелерінде, сондай-ақ, мектептерде де кеңінен енгізілуде.

Жұмыс уақытын бақылау үшін қанатқақты түрде сәйкестендірудің заманауи батырмасы да орнатылған. Мысалы үшін, Қарағанды мектептерінің бірінде қызметкерлердің қатысуын дәл белгілеу үшін GPS пен FaceID тетігі қолданылады. Ал, Шахтинск мектептерінде саусақ іздері бар, жұмыс уақытын есептеу терминалдары енгізілді. Бұл технологиялар тәртіп бұзушылықпен күресуге ғана емес, қауіпсіздікті арттыруға да септеседі.

Өңір сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің өңірлік тізілімін өзектендірді. Комплаенс-офицерлер тәуекелдерді анықтап, жоя отырып, квазимемлекеттік секторда белсенді жұмыс істеуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссияның отырыстары тұрақты түрде өткізіледі. Ағымдағы жағдай бақылауда болады.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін дамыту да маңызды бағыт. Жыл басынан бері аймақта 100 мыңға жуық адамды қамтыған екі мыңнан астам іс-шара өткізілген. Осы жұмыс парасаттылықты берік қалыптастыруға, сыбайлас жемқорлыққа қоғамдық төзбеушілікті сіңіруге бағытталған. Алда әлі жұмыс көп. Қазақстан Республикасы Президенті бекіткен Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылға қарай жергілікті атқарушы органдар деңгейінде бухгалтерлік есеп жүргізудің бірыңғай жүйесін құру жоспарлануда. Бұл басқарудың ашықтығы мен тиімділігін одан әрі арттыруға бағытталған маңызды қадам болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге облыстың Гео-ақпараттық жүйесі де оң ықпал етеді. Оны енгізу сәулет және жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді электрондық түрде көрсетуге ықпал еткен. Биыл 24 мыңнан астам өтінім түсті.

Иә, заманауи теңдессіз технология мен ашық басқару жүйелері сыбайлас жемқорлықпен күресте жаңа кезеңнің есігін ашты десек, жалған айтпаймыз. Тіпті, жылдар бойы шешімі табылмай келген түйткілдер енді сандық тетіктер мен инновация игілігі арқасында еңсерілуде. Шынтуайтында, тек арнаулы жүйе мен құрылғының ғана жетістігі емес, бұл – адам санасының да өзгеруі, қоғамның ашықтық пен әділдікке деген талпынысы. Әсілі, мұны – сенімнің селкеусіз символы, қоғам мен билік арасындағы алшақтықты азайтуға бағыт алған веб-көпір десек жарасар. Қарапайым ауылдан бастап, облыс орталығына дейінгі бюджет қаражатының мақсатты түрде жұмсалуы, әр жобаның дер кезінде орындалуы – жарқын болашаққа деген үміт ұшқыны. Тегінде, ашықтық мәдениеті тек белгіленген ереже мен жүйемен ғана емес, әрбір азаматтың жүрегінде мықтап қалыптасуы тиіс. Өйткені, қым-қуыт қоғамның күші – сенімде. Ал, сенім атты сезімді нығайту – ашықтықтың жалғыз жолы. Тек осылай ғана сіз бен біз сыбайлас жемқорлықсыз әділетті қоғамды бірге құра аламыз. Күрес тек бір жылдың, яки, бір басшының немесе бірыңғай жүйенің толайым табысы емес. Әрбір азаматтың саналы таңдауымен айқындалатын ортақ жеңіс. Ашықтықтың ақ таңы жаңа мүмкіндіктер әкелсін. Кемел келешек – әділдік пен парасаттылыққа негізделген қоғамның игілігі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button