Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде қосдипломдық бағдарламалар Қытай, Ресей, Өзбекстандағы серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– Қазіргі уақытта университет жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық үш деңгейін, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беруді қамтитын үкіметтік емес білім беруді іске асыру арқылы елдің индустриялық саласын қамтамасыз ету үшін инженерлік-техникалық кадрларды даярлауды жүзеге асыруда. 2023-2024 оқу жылында білім алушылар саны – 8012 адамды құрады, – деді Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ректоры Сәуле Сағынтаева.
Халықаралық рейтингтердегі позициялар бойынша ЖОО ТОП-801+QS WUR-ға кірді, ал QS Asia University Rankings рейтингінде 180-ші орынға, Webometrics рейтингінде – 4919-шы орынға ие болды. Ал, ұлттық рейтинг нәтижелері бойынша Қазақстанның үздік 5 техникалық жоғары оқу орындарының қатарына енді.
Корпоративтік университеттің құрамына кіретін өңірдің ірі жүйе құраушы – жұмыс беруші кәсіпорындары «Qarmet» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ қатысуымен – it-инжиниринг, Data Science, Желілік қауіпсіздік сияқты 5 инновациялық білім бағдарламасы әзірленіп, оқу процесіне енгізілді.
Дуальды оқытуды жүзеге асыру үшін университеттің инфрақұрылымында «TOTAL» (Франция), «ENSAI» (Италия), «FESTO» (Аустрия-Германия), «Schneider Electric» (Франция), «Mitsubishi Electric» (Жапония), «Leica Geosystems» (Швейцария), «Epam Systems» және «FLUOR» (АҚШ) сияқты белгілі әлемдік өндірушілердің жабдықтарын, стандарттары базасында кафедралардың 60 филиалы жұмыс істейді.
– Жыл сайын Польша, Германия, Румыния, Чехия, Ресейде академиялық ұтқырлық бойынша білім алушылар саны артып келеді. Биылғы оқу жылында мұндай білім алушылар саны 262 адамды құраған.
Біліктілігін арттырудан және шетелдік тағылымдамадан өткен оқытушылардың үлесі 58%-ды құрады. Ғылыми-зерттеу қызметі бойынша биылғы оқу жылында 82 жоба орындалды, – деп атап өтті ректор.
Зерттеу нәтижелерін енгізу мақсатында университетте «Индустрия 4.0», «Цифрлық машина жасау», «Металлургиядағы нанотехнология», «Биоинженерия», «Тау-кен ісіндегі, электр энергетикасындағы, көліктегі цифрлық технологиялар» ғылыми-білім беру кешендері, «Модельдеу және прототиптеу» және «Қуатқа тиімді Schneider Electric технологиялары» атты жаңа зертханалар жұмыс істейді.
Айта кеткен жөн, Әбілқас Сағынов пен Әлімхан Ермековтың атаулы стипендиялары ай сайын 50 белсенді және талантты студентке тағайындалады.
Бүгінгі таңда университет жоғары ғылыми-өндірістік және зияткерлік әлеуетті ескере отырып, индустриямен тығыз өзара іс-қимыл негізінде экономиканың қажеттіліктеріне сай озық мамандарды оқытуда.
– Университет ұжымы мамандыққа жедел бейімделуді қамтамасыз етеді. Бұл – қос дипломдық әрі Minor бағдарламалар, бейресми оқыту нәтижелерін тану, кәсіби сертификаттау, инкубация және акселерация бағдарламалары. Сала сарапшыларының ұсынымы негізінде оқу, зертханалық және ғылыми жабдықтарды жаңартуға қаржыландыруды ұлғайту қажет, – дейді Сәуле Сағынтаева.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»