Бас тақырып

Қоян жылы қандай жыл?

Адам баласы алдында не боларын білмесе де, ғылымның дамуы адамзат ақыл-ойының кемелденуі арқылы болашақты шама-шарқынша болжайды. Өйткені, алдындағыны білуге деген құштарлық адаммен бірге жаратылған. Күнтізбе ауысқанда сол жылдың беталысын байқағымыз келетіні де сондықтан. 2023 жыл – Қоян жылы. Ендеше, Қоян жылында бізді не күтіп тұр? Сала мамандарының болжамына, табиғат тылсымына, бабалар дүниетанымына, Қоян жылының тарихына үңіле отырып, алдағы күнге көз жіберіп көрейік… Қытай күнтізбесінде биыл – Қара қоян жылы. Барыс жылынан соң, Ұлу жылынан бұрын келетін мүшел есебінің төртінші жылы. Қоян әдетте, қорқақ жануар саналса да, ол қажет кезде өз өмірі үшін күресетін жасырын батылдыққа ие. Қоян – көжектеріне ұқыпты, жайлы жануар. Белгілі нумеролог Құралай Бақытқызының сандарды сөйлетіп, болжамынша, Қоян жылының стихиясы – су. «Сол себепті, көбіне көк және қара түстерді таңдаған дұрыс. Ал жыл саны – 7. «Жеті» тұрақсыз сан болғандықтан, ел экономикасында тұрақсыздық болуы мүмкін. Әсіресе, жылдың алғашқы жарты жылдығында. Қаңтар мен ақпанда шығынды азайтып, сабырлы болған жөн. Осыған байланысты адам бойын күйзеліс, стресс, мазасыздық билеуі ықтимал. Бірақ, мұндай құбылмалы көңіл-күй уақытша. Адамдар өткеннен ой түйіп, сабақ алады, өз әрекетіне есеп береді, есейеді. Қордаланып қалған мәселелердің түйіні тарқайды. Жалпы, елімізді жаздың ортасынан кейін оң өзгерістер күтіп тұр», – дейді Құралай Бақытқызы.

Болжамға сүйенсек, Қоян жылының элементі су болғандықтан, адамдар үнемі қимыл-қозғалыста жүруге ұмтылуы қажет. Қозғалыс – өмір заңы. Яғни, жаңашылдыққа, дамуға, жаңаруға ұмытылу маңызды. Мүшел жасқа кіретіндер өз жылы келгенде, тағдыршешті шешім қабылдап, қызмет пен мансапты ойлап келгендер бұл жылы махаббатқа көңіл бөледі екен. Сол себепті, 2023 жылды «махаббат жылы» деуге болатынын атап өткен жөн. Ал, туған жылы 3-ке аяқталатын адамдар үшін, яғни, 1973, 1983, 1993, 2003, 2013 жылы туғандарды сәттілік күтіп тұрған көрінеді. Қазақтың өмір салты мал шаруашылығымен етене жақын десек, Қоян жылында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жиі орын алған. Атап айтсақ, 1867-1868 жылдары «жалпақ қоян» жұты, 1879-1880 жылдары «үлкен қоян» жұты, 1891-1892 жылдары «кіші қоян» жұты, 1915-1916 жылдары «тақыр қоян» жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеп, аштыққа, жоқшылыққа ұшыраған. Сондықтан, халық ол жылдарды осылай атаған. Қазақтың өніп- өсуіне қауіп төндірген «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» оқиғасы да 1723 жылы Қоян жылы орын алыпты. Жыл тарихына зер сала отырып, Қоян жылындағы келеңсіздіктердің азаттықтан бұрын болғанын ескеріп, тағы да жақсылыққа ниет қылайық. Тәуелсіздік алғаннан кейін 1999, 2011 жылдары бірқатар оң өзгеріс орын алған. Мәселен, 1999 жылы ҚР «Білім туралы» заңы қабылданып, Астана қаласы ЮНЕСКО-ның «Бейбітшілік қаласы» сыйлығымен марапатталған. Ал, 2011 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүние жүзі қазақтарының IV құрылтайы салтанатты түрде ашылса, Алматыда Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық кеңесінің I Саммиті өтіп, Астанада «Мәңгілік Ел» қақпасы салтанатты түрде ашылыпты. Қазақша жыл қайыруда «Тышқан жылы – тыныштық, Сиыр жылы – сыйлық. Барыс жылы – бірлік, Қоян жылы – қамбалы» деп сипаттайды.

– Мұсылман баласы үшін қоян – адал ас. Шөппен қоректенеді, еті таза. Жесең – азық, кисең – киім. Қыстың қатты болуының қоянға қатысы жоқ. Табиғаттың құбылыстары, тосын жағдайлар айналып келіп отырады. Сондықтан, адамдар шаруаны ұйымдастырудағы, қыс мезгіліне дайындықтағы кемшіліктерін қояннан іздемесін. Қоян шөпті іздеп, талғап жейді. Сондықтан, ізденімпаз болайық. Дүниені ақылдан жоғары қоймайық. «Жақсы сөз жарым ырыс» дейтін халқымыз жаңа жылдан тек жақсылық күтеді, – дейді зейнеткер Тамара Абдуллаева. Қоянның тісі өмір бойы өсетіндіктен, олар тісін үнемі қайрап отырады екен. Қоянның бұл қасиеті адамды өмір бойы ізденіс үстінде жүруге үндейді. Адамдар қоянды үркек, қорқақ, әлсіз санайды. Шын мәнінде қоян – үнемі достықты қалайтын, кикілжіңнің шешілуіне тікелей әсер етіп, кейде қарсыластарына жол бере салатын жануар. Сыбдыр естісе, ытқып қашатын ширақ, олар өте байқампаз, сақ келеді. Қоянның осындай жағымды қасиеттеріне қарап, алдағы жыл тыныш әрі жемісті болады деп сенеміз. Бізге де қояндай сергектік, сақтық, пәктік һәм еңбекқорлық серік болғай!

 Жәлел ШАЛҚАР

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button