Отты жылдардағы Жаңаарқа
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, фашистік Германия ол кездегі ортақ отанымыз – Кеңес Одағының батыс аудандарын отқа орап жатқанда, Жаңаарқа халқы да дүр көтеріліп, үш мыңнан астам азаматын майданға аттандырды. Аудандық әскери комиссариат арқылы әскерге 3189 адам шақырылып, кейін олардың 1157-сі қаза тапты немесе хабарсыз кетті. Бір ғана Қараағаш ауылдық кеңесінен Отан қорғауға 111 үйден 64 азамат соғысқа аттанып, олардың 44-і қан майданнан оралмады. Соғыс жылдары ауданның әскери комиссарлары болып аға лейтенанттар – Шамарин, Жирнов, капитан Шапошников қызмет істеді. Әскери комиссариат 1939 жылы 10 мамыр күні құрылды. Алғашқы әскери комиссар Михаил Шамарин 1943 жылғы 28 мамырға дейін қызмет атқарып, өз еркімен майданға сұранып кетті.
Ұлы Отан соғысы басталған шақта аудан орталығында митинг ұйымдастырылып, аудандық «Лениндік жол» газетінің қызметкері Әбілуәйіс Айдаров жерлестерін Отан қорғауға шақырып, өз еркімен майданға аттанатынын мәлімдеді. Әскерге шақырылғандарды аудан басшылары – Сартай Қожахметов, Сәбит Хамитжанов, Сүлеймен Әдіқамов, Оразалы Жұмабеков, Ыдырыс Өтешов, Балғатай Өтешов, Сыздық Төребаев, Бидәулет Өскенбеков, Қамар Жолдаспаев тағы басқалары шығарып салды. Сол жылдары майданға аттанған аупартком қызметкері Балтабай Төребеков, аудан прокуроры К.Жүкеев, ауданның бас агрономы А.Байболов, мектеп директорлары – М.Шауғымбеков, К.Сәдуақасов, Қ.Әбдірахманов, мұғалімдер – М.Қайыржанов, Т.Исаберлин, Ж.Мұстафин, Е.Құттыбаев, Б.Балауатов, әртүрлі қызметтердегі Әбдібековтер, Ө.Қожантаев, Т.Сыздықов, М.Алпысов, «Жеткіншек» колхозынан ағайынды М.Әбдіқадыр, Ж.Омаровтар, Р. және Ә. Құсайыновтар, Жұмаділдиндер, Жақанбетовтер, Елубаевтер, Рахымовтар, «Бостанбек» ауылынан Ілияс, Жақан Бостанбековтер қан майданда ерлікпен қаза тапты.
Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен жерлестеріміздің бірі Амантай Дәулетбеков болды. Ол армия қатарына 1939 жылы шақырылып, әскери қызметті Қиыр Шығыста бастады. Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін А.Дәулетбеков 1942 жылғы жазда өзінің көптеген қызметтес жолдастарымен бірге Брянск майданына жіберіліп, 13-ші армияға қарасты танктерді ататын 1180-ші полктің артиллериялық тобының командирі болды. Жауға қарсы алғашқы шайқасын 1942 жылғы жазда Орел облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде бастады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында шабуылға шыққан болатын. Мұнан кейін А.Дәулетбеков Курск доғасындағы ұрыстарға қатысты. 1943 жылдың 9 шілдесінде Орел мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбіндегі кескілескен ұрыста жаңаарқалық аға сержант Дәулетбековтің зеңбірекшілері жаудың 29 танкісін, 13 зеңбірегін және 200ге жуық солдатын жойып жіберді. Осы ұрыста ерлікпен қаза тапқан А.Дәулетбековке КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1943 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Кеңес Одағының батыры атағы берілді.
Жаңаарқа жерінің ер азаматтары майданға аттанған шақта орнын әйелдер мен қарт адамдар, мүгедектер мен балалар басты. 12-16 жастағы балаларға дейін еңбеккүн минимумы тағайындалды. Тұтыну тауарлары азайып, олардың бағасы жоғарылап, ауыл халқының күнкөрісі мейлінше төмендеп кетті. Соғыстың алдындағы кезеңмен салыстырғанда, 1942 жылы адам басына шаққанда қазақтың қолындағы асы – ет тағамдарын тұтынудың өзі 2,5 есе азайды. Бірақ, жаңаарқалықтар соғыс тауқыметін асқан төзімділікпен көтеріп, еліміздің қорғаныс қорын жасау қозғалысына белсене қатысты. Көптеген адамдар майданға арнап сыйлықтар, жылы киім, қаражат тапсырды. «Алғабас», «Тегістік», «Коммунар», «Еркіндік», «Қарағаш» колхоздары 1942 жылы май тапсыру жоспарын артығымен орындады. «Алғабас», «сарыөзек», «Тегістік» колхоздары ет жоспарын 125 пайызға артығымен тапсырды. «Ынтымақ», «Бірлік» колхоздары мемлекеттік ет тапсыру жоспарын 118 пайызға, төл алуды – 109 пайызға, «Сары өзек» колхозы мемлекетке тапсыруға тиесілі 390 центнер шөп жоспарын 100 пайызға орындады. Бұл жылы гектарынан бидайдан 5 центнер, арпа мен сұлыдан 4,5 центнерден, тарыдан 6 центнер өнім алынды. Егін салу жоспары 109,4 пайызға орындалып, 12000 гектардың орнына 13133 гектар жерге дән сіңірілді. «Бәрі де майдан үшін!», «Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұранмен жоспардан тыс Отан қорғау қорына еңбек ету, күнделікті жоспарды артығымен орындау, социалистік жарыс ұйымдастыру қолға алынды.
Балалар қысы-жазы бұзау соңында болды. «Атасу» колхозының бақташысы Орынбаев 140 бұзауды аман сақтап, бағып, әрқайсының күніне 600 грамнан салмақ қосуына қол жеткізді. «Ынталы» колхозының қой фермасында Күлжан Жанғазина 100 саулықтан 122 қозы алды. Осы колхоздан Жамал нақыпова, Сақыш Биткөзова, Мұсылманбекова соқа айдауда күнделікті жоспарын асыра орындады. Жаңаарқа ауданы бойынша бұл кезеңде егіс саласында 1069 әйел жұмыс істеді. Жоспардан тыс «Отан қорғау қорына» деп 72 гектар, «Неміс басқыншыларынан азат етілген аудандарға» деп 88 гектар жерге егіс егілді.
Бұл жылдары саяси үгітке де зор мән берілді. Үгіт-насихат жұмыстарына аудандық газеттің редакторы Әдақанов, аупарткомның есеп секторының меңгерушісі сүртібаев, үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Жұмабеков, аудан прокуроры Жолшорин, МТС директоры Байғабылов, саяси бөлімнің бастығы Ахтанов, «Ленин» колхозының төрағасы Төсбаев, «Жеткіншек» колхозының партия ұйымының хатшысы Бәйменов мұрындық бола білді.
1943 жылы аудан экономикасының жағдайы біршама ілгеріледі. 1944 жылы теміржол мекемелері, №№16, 17 жол дистанциялары, мыс өндіруден Өспен кеніші жылдық жоспарларын толық орындады. Алғабастық А.Түйтебекова 100 қойдан 129 қозы алды. Озат еңбеккерлердің қатарында 80 жастағы шопан О.Жылқыбековтің («бірлік» колхозы), 80 жастағы сауыншы Қордабаеваның («Атасу» колхозы), 68 жастағы сиыр бақташысы Ы.Өмірбековтің («Коммунар» колхозы), жылқышы Байғұтовтың («Ленин» колхозы), бұзаушы Наукенованың («Еңбек» колхозы), шопан Болатбековтің («Тегістік» колхозы), сауыншы Мергенбаеваның («Қаражартас» колхозы), үкімет тарапынан марапатталған сауыншы К.Шабанбаева («Атасу» колхозы) мен шопан Ә.Әлжановтың («Ынтымақ» колхозы) есімдері жиі аталып жүрді.
Сонымен қатар, 1944 жылы «Өркендеу», «Келтетал», «Ақтүбек», «Еңбек», «Ұйымшыл» колхоздарында мал шығыны көп болды. Аудан бойынша әр сиырдан 850 литрдің орнына 600 литрден ғана сүт өндірілді. Соғыстың аяғына қарай ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайында оң өзгерістер мол болды. 1945 жылы мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша аудан облыс көлемінде 11-ші орыннан 4-ші орынға көтерілді. «Ленин» колхозы 100 биеден 100 құлын алуды қамтамасыз етті. Қызылшоқылық қойшылар (төрағасы Ахметов) 100 саулықтан 120 қозыдан алды. Күзембаев атындағы колхоздың (басқармасы Кадрин, партия ұйымының хатшысы Тоқсеитов) қойшылары 100 қойдан 145 қозы алып, аман-есен өсірді.
Қарағанды облыстық архив қорының деректерінен Жаңаарқа ауданы тұрғындарының 1941 жылдың ортасынан-ақ соғыстың суық ызғарын сезініп, барлық күш-жігерін соғыс экономикасына бейімдей бастағанын көреміз.
- Соғыс жағдайына байланысты 30 әйел комбайнер дайындалған. 46 тракторшының 5-і ғана ер адам, қалған 41-і әйел адамдар болды. Алғашқы дәрігерлік көмек көрсету курсында 142 адам оқытылып, оның 92-сі курсты аяқтап шықты.
- Қызыл армияның қорғаныс күшін ұлғайтуда аудан көлемінде қорғаныс қоры жинақталды. Ол төмендегідей болды:
1) Құнды облигация 308790 сом (оның 126000 сомы колхозшылардан жинақталды).
2) Ақшалай 24153 сом.
Халық арасында әртүрлі мәдени шаралар, саяси тақырыпта бірнеше лекциялар өткізілген. Ұлы Отан соғысы жылдары Жаңаарқа ауданының құрамындағы Өспен кен орынын қайта қолға алу өте маңызды істің бірі болды. Соғыс экономикасына байланысты кеніштен молибден, вольфрам, қорғасын рудасын өндіру қолға алынды. Соғыс кезіндегі аудан еңбекшілерінің жанқиярлығы арқасында мал шаруашылығы біршама жетістіктерге қол жеткізді. Аудан шаруашылығында ірі қара мал өсіру 11300-ден 11389 басқа, қой жөне ешкі өсіру 29717-ден 30265 басқа, жылқы 1365-тен 1589 басқа, түйе саны 313-тен 328-ге жетті.
Асыра орындалған жоспарлардың тасасында аш-жалаңаш, ұйқысыз-күлкісіз өмір сүрген ел адамдарының, әйел-балалардың бейнеті, көз жасы тұрғаны сөзсіз.
Архив құжаттарынан мемлекетке астық тапсыру жоспарының орындалуын аудандық партия комитетінің хатшысы С.Қожахметов псн аудандық атқару комитетінің төрағасы С.Хамитжановтың облыстық атқару комитетіне тапсырған мәлімдемесінен кездестіреміз. 1942 жылы 14150 гектар жердің 7100 гектарына бидай, 1000 гектарына арпа, 700 гектарына сұлы, 3200 гектарына тары себу жоспарланған. Бұл жерлерге 5667 центнер бидай, 823 центнер арпа, 592 центнер сұлы, 434 центнер тары себілген.
Ал, архив деректеріндегі аудан бойынша ерікті және еріксіз түрде қорғаныс қорына деп жинақталған қаражат, еңбеккүн, бағалы материалды заттарды (киім-кешек, тамақ, тағы басқалары) ескерсек, «Барлығы майдан үшін!», «Барлығы жеңіс үшін!» ұранымен жаңаарқалықтардың жеңіске бір кісідей атсалысқанын көреміз. «Қазақстанның бар ауылдары ең соңғы түйірлеріне дейін жеңіс үшін майданға беріп отырды. Соғыс жылдарындағы аудан көлеміндегі колхоздардың табысы мен оған алған еңбеккүндерін талдап көрсек. 29 колхоздың барлық табысы 1941 жылы – 1 млн. 220 мың сом, бұл қаражатты еңбек еткен әр адамға бөлсек, орта есеппен 1 сомнан келеді, ал күндік табыс отбасына шаққанда 60-70 тиынның ғана көлемінде болған. 1942 жылы Жаңаарқаның 29 колхозы мемлекеттік жоспарды мал шаруашылығы бойынша орындағанымен, 17 колхозы егін жоспарын толық орындай алмады. Бұның үстіне 1941 жылдан бастап, ақшаның орнына берілуге тиіс еңбеккүн есебінен аудан колхоз еңбеккерлеріне 200000 центнер астық берешек болған. Кейбір колхоздардың еңбеккүндерін алмағанына жарты жылдан асқан, яғни, колхозшылардың күнделікті тамақ ішуге толық мүмкіндігі болмаған.
Ұлы Отан соғысы кезінде халықты ерен еңбекке баулып, соғысқа аттанған ерлердің орнына жас жеткіншек балалар мен әйелдерді, қарттарды ұйымдастырып, жетекші бола білген сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшылары – С.Қожахметов, Ж.Сүлейменов, атқару комитетінің төрағалары – М.Мәжиденов, С.Хамитжанов, аудандық комсомол комитетінің хатшылары – Қ.Жолдыбаев, А.Хамитжанов, М.Бөкенов болды.
Қарағанды архивының деректеріне сәйкес, ауданның қарамағындағы 29 колхоздың 23 колхозы соғыс кезінде мал шаруашылығы бойынша екпінді колхоздар атанды.
1945 жылы теміржол мекемелерінде 2007 адам, Өспен кенішінде 401 адам жұмыс істеді. 1945 жылғы 1 қаңтардағы мәліметтер бойынша ауданда 29 колхоз («Еркіндік», «Еңбек», «Қаражартас», «Қызылшоқы», «Келтетал», «Өркендеу», «Өндіріс», «Жеткіншек», Күзембаев атындағы, «Ұйымшыл», «Жаңаталап», Ленин атындағы, «Үлгілі», «Талдыбұлақ», «Ақтүбек», «Атасу», «Бірлік», «Алғабас», «Сарыөзек», «еңбекшіл», «Ынтымақ», «Қосшоқы», «Қарағаш», «Ынталы», К.Маркс атындағы, «Коммунар», «Түгіскен», «Жиделі», «Тегістік») болды. Басқа мекеме, кәсіпорындардан Жаңаарқа мен Қызылжар локомотив деполары, №№16, 17 жол дистанциялары, Өспен кеніші, 5-ші қозғалыс бөлімшесі, линиялық теміржол милициясы, ШЧ-5, ОРС, шалғай мал жайылымы бөлімі, сот, прокуратура, НКГБ, байланыс бөлімі, Атасу ГРП-сы, Жаңаарқа МТС-ы, аудандық кеңес, аупартком, тұтынушылар одағы, халық ағарту бөлімі, НКВД, жер қатынастары бөлімі, тері өңдеу өндірістік комбинаты жұмыс істеп тұрды.
Аудан халқы осы отты жылдардарда ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Темірғали АРШАБЕКОВ,
Қарағанды облыстық ғылыми техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы.