Жаңалықтар

Отшашу өртке бастайды

Жаңа жылда отшашудан талай адам зардап шегіп, түрлі өртке әкеп соғатыны жасырын емес. Аймақ тұрғындарын тілсіз жаудан сақтандыру барысында Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт сөндіру бақылау басқармасының бастығы Нұрлан Жақыпбаев қауіпсіздік шараларына тоқталды.

Сурет: kartinki.pibig.info сайтынан

Қытайда өндірілетін отшашудың түр-түрі мереке басталмай жатып, дүкен сөрелерінде қаптайтын еді. Қазір оның бірі де көрінбейді. Алайда, мектеп оқушылары сол жарылғыш заттарды алып, ойын құралына айналдырған. Салдарынан жылына біршама мектеп оқушысы жарымжан болып қалады. Сонымен қатар, күкіртті отшашу сауда үйлерінде, қоғамдық орындарда өртке әкеп соғады. Мамандар да мұнымызды растап отыр.

– Жарылғыш заттардың қауіптілігі сонша, адам өмірін де жалмап кетіп жатыр. Сондықтан, біздің қызметкерлер қала көшелерінде түрлі акциялар мен үгіт-насихат жұмыстарын үзбей жүргізуде. Әсіресе, алдағы Жаңа жыл қарсаңында мұндай жағдай көптеп кездеседі. Тіпті, тұрғын үйлердің ішінде сақталған жарылғыш заттар қолдану мерзімі өтіп кетсе, өздігінен жарылуы не өртенуі мүмкін. Әрбір отшашу құрамында күкірт пен жарылғыш ұнтақ бар. Олар басындағы білтені тұтату арқылы жанады. Кейде сол білте су тиіп немесе ескірген соң адамдар оларды жарамсыз деп қоқыс жәшігіне тастайды. Әрине, түрлі қоқыс арасында жанғыш зат көп болғандықтан бұл өртке әкеп соғады, – деді Нұрлан Жақыпбаев.

Мамандар мейрам қарсаңында балалардың қайда және нендей заттармен ойнап жүргенін мұқият қарап, қадағалау керектігін жеткізеді. Олардың сөзінше, өрт қауіпсіздігін алдын алу, алдымен, тұрғындардың жеке әрекеттеріне байланысты.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button