Жаңалықтар

Отпен арпалысқан азамат

Аядай ғана аумақ. Қабырғалары – қолсозым ғана. Қою қара түтіннен бөлме ішін бағдарлау мүмкін емес. Тар жерде есікті таппай әлекке түсесің. Айтқанда көзге елестету қиын, әрине. Дегенмен, тура осындай сәттермен өрт сөндіруші Ілияс Ағыбаев жиі бетпе-бет келеді. Төтенше жағдайға төтеп беріп жүрген өрт сөндірушілердің әр секунды маңызды.

Ілияс Ағыбаев №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде екінші қарауыл, бөлім командирі. Шені – старшина.

Өрт сөндіруші қызметі басқа жұмыстарға қарағанда жіті әрекет етуді талап етеді. Себебі, дабыл түскеннен кейін арнайы киімдерді киіп, өрт сөндіру бөлімінен оқиға орнына шығу, өрт орны мен таралу аумағын анықтау, өрт сөндіру құбырларын дайындау санаулы минуттарды ғана қамтиды. Физикалық дайындық қорғану құралдарын пайдалануда зор міндет жүктейді. Өзгенің өмірі үшін өз жаныңды қию да – қайсарлық пен ерлік.

– Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Нағыз ер-азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындығы жоғары деңгейде. Мүлт кетуді кешірмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан отқа түсесің, – дейді кейіпкеріміз.

Санасына «құтқару» деген ұғым әбден сіңіп қалғандығы сонша кез келген өрт сөндіруші тілсіз жаумен бетпе-бет келуге дайын тұрады.

– 23 мамырда облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бөлімше қызметкерлері 35 рет құтқару жұмыстарына шықты. Оның ішінде өрт сөндіру мен жану бойынша 25, авариялық құтқару жұмыстарына 10 рет шығып үш адам құтқарылды, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Жанна Дәуренбекова.

Бұл – бір тәуліктегі жағдай. Күнделікті қайталанатын жағдай. Әсіресе, кейінгі уақыттарда өрттің жиілеп кеткендігі байқалуда. Бұлардың басым бөлігі жекеменшік тұрғын үйлер. Қызыл жалын ішінде қалып қойған бала туралы ойлау, тіпті, ауыр.

– Түтін тұмшалаған бөлмеден қолшамның да жарығын көру мүмкін емес. Бір ошақтағы өртті өшіруге бір звено 3-4 адам кіреді. Іркес-тіркес жүргеннің өзінде 20 см қашықтықта жүрген әріптестеріңді көре алмай қаласың. 5 шаршы метрде де адасуың әбден мүмкін, – деп еске алды Ілияс Ағыбаев қауіп-қатерге толы мезеттерді.

Басын қатерге тіге отырып, тәуекелден тайқымайтын жандардың қатарында Ілиястың қызмет жасап жүргеніне 12 жыл.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button