Бас тақырып

Отбасы тыныштығы – Отан тыныштығы

… Өмір бір сәтке тоқтап қалғандай. Жер орбитасынан жаңылып, аспан айналып жерге түспесе де бір адамның әлемінің күл-талқаны шықты. Жасқа толған жанары құрдымға кетіп бара жатқан өмірін сақтап қалар сүйенер тіреніш іздеп жан-жағына қараған еді. Ешкімді таппады. Өзін кінәлі сезінді. Қайда барамын, не істеймін?! Бұл тығырықтан шығар жол бар ма? Әлде… қалғаны өзіне қол жұмсау ғана ма?! Көксегені де бұл емес еді. Балаларын кімге қиып тастамақ. Жалғыз­дық, жалғыздық. Бұдан құтылар жол да жоқ тәрізді. Жанын өзі қимаса, жан жарым, жұмағым деп, өмірін аманаттаған жанның да өмірін тозаққа айналдырып бара жатқаны бар. Біреуге тіл қатып, проблемасын айтуға тағы ұят. Ұятпен өткен күндер мен түндердің соңы түбіне жететінін білмеді. Кешірді. Қателескені сол болды. Тағы бір жанжал шыққан күні жарық дүниемен қоштасып кете барды. Өзі емес, өзім деген адамының қолынан қаза тапты.

Қарағандыда ғана бар орталық

Бұл – біз естіген, білген бір ғана оқиға. Білмейтініміз қаншама. Өзгеге сабақ болсын десек те, өмір бұрынғыдан өзгеше десек те, тұрмыстық зорлық-зомбылық тиылар емес. Бұға бергенге – сұға беретіндер де, қайғысын ішіне жинап, өзімен-өзі бұйығы күн кешетіндер де қоғамда бар. Айналасындағылар жоқ емес, бар. Бірақ, бәрінің құлағы – керең, көзі – соқыр.

Бірақ, бұдан былай бәрі басқаша болмақ деген үміттеміз. 1 шілдеден тұрмыс­тық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталған түзетулер күшіне енді. Тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу кезінде полиция­ға жәбірленушінің арызы қажет емес. «Көрдім, білдім, естідім!» деген адам болса болды. Іс қылмыстық емес, әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты болғанымен де, олардың дер кезінде ашылуы мен жолын кесу қылмыстың алдын алуға, жәбірленушілерді аса ауыр қылмыстардан, соның ішінде кісі өлтіруден қорғауға көмектеседі.

Облыстың полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлінісінің аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева осылай дейді.

Заңдағы өзгеріс тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қазақстандық әйелдер үшін жақсы жаңалық болса, қарағандылық әйелдердің қуанышы тіпті, екі еселенді. Оның себебі – Қазақстанда алғаш рет, тек Қарағандыда ғана пилоттық режимде «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығының» ашылуы болды. 25 қазан – Республика күніне орай есігін айқара ашқан Орталық – Тәуелсіздіктің игілігі. Оның ашылуына бірден-бір себепкер – облыстың полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры – Санжар Әділов.

– Орталықты ашу идеясын ұсынған облыстың полиция департаментінің бас­тығы, полиция генерал-майоры – Санжар Әділов. «Облысқа осы тәрізді бір орталық керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетін әйелдер мен балалар. Оларды қорғау – міндетіміз!» деп үнемі айтып жүретін. Идеяны жүзеге асырудың сәті биыл түсті. Одан бөлек, тек әйелдерден құралған «Әйелдер полиция бөлімін» құрдық. Тіпті, учаскелік полиция инспекторының өзі – әйел адам. Бұл өз кезегінде зәбір көргендердің осы жерге келіп, ойын бүкпесіз жеткізуіне мүмкіндік бермек, – дейді облыстың полиция департаментінің жанындағы Отбасына көмек көрсетудің бірыңғай орталығының жетекшісі Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.

 

Өткізу посты жоқ полиция бөлімшесі

Сырттан алай-дүлей күйде өрекпіп келген көңілің Орталықтың табалдырығын аттағанда сабасына түсіп, алып-ұшқан жүрек орныққандай күйге түседі. Санада түбегейлі төңкеріс орнамаса да, бұйығы көңілдің бір емі табылатындай жылт еткен сәуле оянып, батылдана түсесің. Атмосферасы осындай. Себебі, еңсені езіп, бір құпияны жасырғандай болатын сұр түс пен жеккөру мен қатыгездікті білдіретін қара түс мүлдем жоқ. Керісінше, табиғаттың, шөптің, жастық пен үміттің, денсаулықтың, ақшаның түсі ретіндегі жасыл түс пен позитивті, оптимизді, жастықты, сенімділік пен шығармашылықты білдіретін сары түске басымдық берілген. Тіпті, өмірден түңілмесең де, көңілің түсер болса, осы жердің табалдырығын аттасаң, сол да жеткілікті тәрізді. Орталықтың көздегені де – осы. Себебі, полиция бөлімшесіне кіргендегідей, өткізу пунктінде темірмен құрсауланған тордың әр жағында отырып, қабағын қарс түйген түсі суық полиция қыз­меткері де жоқ. Түрлі-түсті ресепшн ғана.

Ол жерде отырған да – әйел адам. Көргеннің үрейін алмаса да, күнделікті өмірде жоламауға, аулақ жүруге тырысатын погондағы қызметкер емес. Көрер көзге қарапайым ғана қызметкер. Бірақ, бұл бір көргенде ғана. Орталық жетекшісі Гүлбану Ратайқызының айтуынша, ресепшнде отырған жай адам емес, тергеуші. Бұл да – бір өзінше амал. Яғни, өзі де, жүрегі де шайлыққан әйелді қорқытып-үркітіп алмаудың тәсілі.

– Орталық орналасқан үй-жайдың жалпы ауданы – 500 шаршы метр. Бұл жерде 14 қызметтік кабинет бар. Құқық қорғау және әлеуметтік-құқықтық блоктарға бөлінген. Жұмыс орындары техникамен, байланыс құралдарымен, қызметтік автокөлікпен жабдықталған. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының ведомстволық базасына қосылғанын айту керек, – дейді Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.

Орталықтың құқық қорғау блогында «Әйелдер полиция бөлімшесі» орналасқан. Бұл жерде әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының, ювеналды полицияның, көші-қон қызметінің инспекторы, учаскелік полиция инспекторы, криминалдық полицияның жедел уәкілі, есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жедел уәкіл, тергеуші және пробация қызметінің қызметкері бар.

Ал, әлеуметтік-құқықтық блокта заңгер, психолог, медиатор, әлеуметтік қызметкер, сот орындаушысы, теолог кабинеттері бар. Тіпті, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен, балалармен және абьюзерлермен жұмыс істейтін қызметкерлер, сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық және инклюзия мамандары қарастырылған.

Психологқа бару ұят па?

Әрине, ұяты жоқ. Бірақ, бізде бұл үрдіс әлі қалыптаса қоймаған, оның үстіне, жақсы маман табудың өзі бір ғанибет. Десек те, жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, түрлі әлеуметтік мәселелер, отбасындағы түсініспеушіліктер тәрізді сан сұрақтардың шырмауынан психологтың көмегімен шығуға әбден болады. Дәл осындай маман іздесеңіз, Орталыққа келіңіз. Бір қызығы – психологтың кабинетіне емін-еркін кіріп шыға беруге болады. Ол үшін ешқайда тіркеліп, болмаса алдын ала жазылудың да қажеті жоқ. Кабинет кіреберісте орналасқан. Психолог маман проблемаңызды түбегейлі шешіп тастамаса да, тығырықтан шығар жолды көрсетіп, бағыт-бағдар сілтеп жіберсе, оның өзі көңілге медеу.

– Психологтың кабинеті кіреберісте. Оның да өзіндік себебі бар. Біздің қоғам психологқа бару дегенді әлі қабылдай қоймаған, ұят санайды. Бірақ, айналасында ішіндегі шерін тарқатып, тыңдайтын құлақ таппай қалған кезде осы кабинетке келсе болады. «Неге келдің, кімге келдің?» деп ешкім сұрамайды. Өздері келіп, кеңестерін алып кетіп жатады. Орталық ашылғалы психологқа әйелдер ғана емес, ер адамдар да келіп жүр, – деді Гүлбану Ратайқызы.

Психологпен қатар, теолог маманның да кабинеті – кіреберісте. Деструктивті діни ағымға түсіп, адасқандар да, жалпы дін туралы білгісі келгендер де осы жерге келіп, кеңес ала алады. Өзін таныстыру міндетті емес. «Біздің мақсат – отбасы проблемасын шешу. Осы жерге күніне кемі бір әйел келіп, көңілі жадырап шықса, ол – біз үшін үлкен жетістік», – дейді Орталық жетекшісі. Орталық ашылғалы психологтан 102 адам кеңес алғанын айтады қызметкерлер.

 

«Әкесіндей – қамқор, анасындай – мейірбан»

Жалпы, Орталық ашылғалы түрлі отбасылық келіспеушіліктер бойынша күніне кемі оннан астам адам көмекке жүгінеді екен. Қиналып келгендердің кез келгені көмексіз қалған емес. Мәселен, Орталық қызметкерлері зорлық-зомбылықтың құрбанына айналған 16 адамды дағдарыс орталықтарына орналастырған. Оның 6-уы – әйел, 10-ы – бала.

Жоғарыда Орталықта түрлі сала мамандары да қызмет істейтінін айтқан болатынбыз. Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева олардың барлығы бұл жерден жалақы алмайтынын айтады. Тек, кабинет қана тегін. Яғни, әр кеңсенің табалдырығын тоздырмастан, бір жерден барлық проблеманы бірден шешіп кетуге болады. Орталық ашылған айналдырған 2-3 айдың көлемінде 220 адамға заң көмегі көрсетілген.

Алимент өндіре алмай жүрген аналар да осы жерге келсе болады. Қағаздан бас алмай отырған сот орындаушылардың жұмысынан-ақ облыста ажырасқандар да, ажырасып алып, алимент төлеуден жалтарғандар да көп екенін көруге болады. Жұмыс та нәтижесіз емес. Басқасын білмедік, дәл осы жердегі сот орындаушыларының ықпалымен 96 адамның алимент бойынша мәселесі оң шешіліп, 7,3 млн. теңге өндірілген. Бұл – небары 2 айдағы көрсеткіш.

Орталықтың құқықтық блогында учаскелік полиция инспекторының кабинеті бар. Рина Шайхутдинова – облыстағы тұңғыш әрі жалғыз әйел инспектор.

– Учаскелік полиция инспекторлары – ер адамдар. Отбасындағы қылмыс бойынша ең бірінші болып жұмыс жасайтын да осы учаскелік инспекторлар. Көп жағдайда шағымданып келген әйелдер тарапынан «Инспекторлар «өзің кінәлісің!» деп шығарып салады» деген шағымды жиі еститінбіз. Әйелді түсінетін әйел. Сондықтан, Рина Ринатқызына келіп, әйелдер өздерінің сырларын айтып та жатады, – дейді Гүлбану Ратайқызы.

Рина Шайхутдинова он жылдан астам учаскелік полицейлердің жұмысын ұйымдастыру жөніндегі инспектор ретінде қызмет еткенін айту керек.

Тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеу кезінде полицияға жәбірленушінің арызы қажет емес деген болатынбыз. Рина Ринатқызының да жұмысы шаш етектен. Облыс бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты іс қозғалып, кейіннен екі тарап татуласқан болса да, бұндай отбасын көзден таса етпейді. Әкесіндей – қамқор, анасындай – мейірбан орталық қызметкерлері зардап шеккен әр әйелге қоңырау шалып, жақсы болып кеткенге дейін өздеріне жауапкершілік алады. Тіпті, үй аралап, алдын алу шараларын да жүргізеді. Мәселен, осы мақсатта тұрғылықты жері бойынша 38 тұрмысы нашар отбасыға барған. Одан бөлек, екі жүзге тарта абьюзерге қатысты алдын алу шаралары қабылданған. Бұл ретте алдымен профилактикалық әңгіме жүргізеді, қорғау жазбаларын қалдырып, әкімшілік жауапкершілікке тартады. Оған да көнбесе, мәжбүрлеп емдеуге жібереді.

«Көңіл көңілден су ішеді»

Отбасыға көмек көрсету орталығы ашылғалы «Не көмек керек?» деп келетін әйелдер де бар екен. Олар кезінде отбасында «абьюзер күйеулерінен» зардап шексе де, тығырықтан шыға білгендер.

– Әйелдеріміз қазір заманға бірте-бірте бейімделіп келе жатыр. Бірі – өз-өзін дамытса, бірі – үйде отырып, ақша табады. Олар 7-8 балалары болса да, өзінің «керемет әйел» екенін дәлелдеп, отбасында дұрыс қарым-қатынас орната білгендер. Жетістікке жетудің жолы көп. Сол жолда көңілің қалаған, жаныңа жақынын тауып алу керек. Ешкімді басындырмай, ешкімге құқығын дәлелдеп, әуре болмастан, бизнеспен айналысып отырған мықты әйелдер бар арамызда, – дейді Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева.

Аталған әйелдер өздерінің ақылдарын айтып, қажет болса, түрлі кәсіп түрлерін үйретуден де қашпайды.

Орталық жетекшісі отбасындағы проблеманы шешу керек дейді. Олай болмаған жағдайда орны толмас өкінішке әкелмек.

– Қиналып өмір сүргенше, жалғыз өмір сүргенің артық. Әрине, жалғыз адамға оңай болмайды. Қиналасың, жер тістейсің. Бірақ, жарық дүниеден артық ештеңе жоқ. Күнде ұрыс-керісті көріп өскен баланың да болашағы бұлыңғыр. Әйел де – адам. Әуелде жақсы болған оның неге тілі шығып, теріс қылық көрсетеді деп ойлайсыз? Демек, ер адамнан да қателік кетіп тұр. Тыңдамаса – тәрбиеле, тәрбиеге көнбеді ме, психологтан кеңес ал. Ал, тіпті болмай, таза ушығып бара жатса ғана ажырасу керек. Бірақ, қандай жағдай болсын, қол көтеріп, ұрып-соғудың қажеті жоқ, – деді Гүлбану Ратай­қызы.

 

Сөз соңы

Бұл – облыс орталығындағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ, оларға бір жерден әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетумен кешенді айналысатын «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығының» күнделікті атқаратын жұмысының бір парасы ғана. Демалысқа қарамастан, үздіксіз жұмыс істейтін орталық қызметкерлерінің шаруасы шаш етектен. Жаны жабырқап келген әр әйелді қабақ шытпай қарсы алып, әр отбасында мамыражай күй орнату үшін бал арасындай тыным таппайтын олар Орталықта түрлі кездесулерді де ұйымдастырады. Адамзатқа титтей де болсын пайдасы тиеді-ау деген, ойда жүрген шараңыз болса, дәл осы жерге жүгінсеңіз де болады. Орталық ешкімнің бетін қайтармайтыны, керісінше, қуана құп көретіні анық. Себебі, олардың көздегені – отбасының тыныштығы. Ал, Отан отбасынан басталады емес пе?!

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button