Жаңалықтар

Отбасы орталығы ашылады

Қарағанды облысының кəмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру жəне сот жүйесін реформалау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы сонымен қатар «Отбасылық сот» пилоттық жобасын, отбасылық даулар бойынша соттан тыс медиацияны іске асыру туралы дөңгелек үстел өтті. Онда неке қию мен жас отбасыларды ажырасуға алып келетін салдар жайында сөз қозғалды. Ата-анасы ажырасқаннан кейінгі баланың жағдайы, отбасында болатын жанжалдың алдын алу жолдары, медиация жайында айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Он жылдай уақыт бұрын «Медиация туралы» Заңды қабылдады. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мəселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, қателікті жөндеу керек» деген болатын.

Шараға сот төрағалары мен басқарма жетекшілері қатысты. Шара облыстық кəмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы – Динара Мутубаеваның сөзімен басталды. Ол өз сөзінде пилоттық бағдарламаны жүзеге асыру аясында, көп балалы атааналарға əлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Одан бөлек, шара барысында облыстық соттың судьясы Елена Кириллова «Сот жүйесін реформалаудағы іс жүргізу заңнамасын жетілдіру мəселесі бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру», облыстық сот судьясы Лейла Калиакпарова «Отбасылық даулар бойынша соттан тыс медиация» тақырыптарында баяндама оқыды. Лейла Калиакпарованың айтуынша соттан тыс медиация дауды шешіп, келісімге келуге ықпал етеді. Медиацияда мүлікті бөліп, алимент төлеу туралы келісімдер болады. Отбасылық дау мен жанжалдың əсерінен ерлі-зайыптылар ажырасу үшін, сотқа жүгінеді. Сотта əр тарап істің өз пайдасына шешілгенін қалайды. Яғни, баланың тұрғылықты жерін ғана емес, сонымен бірге мүлікті бөлуді де анықтай бастайды.

Сонымен қатар, шара барысында Динара Маратқызы «Отбасылық сот пилоттық жобасын іске асыру туралы. Отбасы орталығын құру» атты баяндама оқыды.

Отбасы орталығын ашу 16 маусымға жоспарланды.

«Отбасы орталығы» – мұқтаж адамдарға қызмет көрсететін ұйым. Мемлекет мұндай мəселелерді шешумен тұрақты түрде айналыса алмайды. Сондықтан, жұмыстың осы бөлігін біз өзімізге алуға шешім қабылдадық. Орталықта тегін құқықтық жəне психологиялық көмек көрсетеміз. қызметкерлеріміз əкімдіктің барлық бөлімдерімен, соның ішінде жұмыспен қамту жəне əлеуметтік бағдарламалар бөлімімен жұмыс істейді. Біз қандай да бір отбасының мəселесі туралы біліп, көмектесуге тырысамыз, – дейді Динара Мутубаева.

Орталық жұмысына ардагерлер, медиаторлар, психологтар мен заңгерлер қатысады. Олардың қызметі ажырасу жəне басқа да азаматтық процестер кезінде тараптарды татуластыруға бағытталған. Жобаның негізгі мақсаты – ажырасуды азайтып, отбасылық құндылықтарды нығайту.

«Бүгінде ажырасу өте көп. Ал, отбасындағы жанжал балаға кері əсерін тигізеді. Ажырасудан көбінесе балалар зардап шегеді, оларға ата-анасының бірін таңдау қиын. Сондықтан, отбасылық даудың алдын алу біздің басты міндетіміз дейді», – Динара Маратқызы.

Шара соңында отбасы орталығында арнайы мамандардың жұмыс жасайтынын жəне ажырасудың алдын алу жұмыстары қолға алынатыны ескертілді.

Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия ұлттық университетінің II курс студенті

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button