Ресми

Отанға қызмет – азаматқа міндет

Биылғы көктемгі әскери қызмет қатарына шақыру науқаны басталды. Облыстық қорғаныс істері департаменті мамандарының айтуынша, биыл Отан алдындағы борышын өтеуге аймақтан 2000-ға жуық жас жасақталады. Оның 130-ы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне алынбақ. Ал, сәуір, мамыр айларында Ұлттық ұлан сапына шақыру шаралары жүзеге аспақ. Бұл жөнінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов пен әскерге шақырту және әскерден тыс жұмыс басқармасының басшысы Дмитрий Буксман өңірлік коммуникациялар орталығындағы брифингте мәлімдеді.

Сурет: kursiv.media сайтынан

Ата Заңымыздың 36-бабында «Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының борышы және міндеті» деп көрсетілген. Осы қағиданы, қастерлі борышты жастардың бойына сіңіру үшін жергілікті атқарушы органдары, қоғамдық ардагерлер ұйымы, білім және ішкі істер ұйымдары бірлесіп, бірқатар шараларды атқаруда екен. Бұны облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов атап өтті.

– Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі және облыстық білім басқармасымен, қарулы күштер ардагерлерімен бірлесе отырып, былтыр 150-ден аса шара өткізілді. Әлеуметтік желіде, баспа беттерінде әскери қызметтің беделін арттыру, сонымен қатар, жастарды әскери борышын өтеуге ынталандыру тақырыбына қатысты 500-ден аса ақпараттық сипаттағы жазбалар мен мақалалар жарияланды. Қарулы күштердің имиджін қалыптастыру мақсатында 40-қа жуық әскери һәм патриоттық билбордтар ілінді. Жергілікті телеарналарда әскери қызмет туралы арнайы сюжеттер жасалды. 2023 жылы аудан, қалаларда көктемгі, күзгі әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу мен қарсы алу бойынша 28 шара ұйымдастырылды, – деді Еркебұлан Мұстағұлов.

Жас буынды патриотизмге баулу – негізгі шаралардың тізімінде дейді сөйлеушілер. Бүгінде мектеп қабырғасындағы балаларға да Отан алдындағы қастерлі борыш хақында айтылып, насихат жүріп жатыр екен. Мәселен, былтыр 5-8 сынып аралығындағы 215 оқушы салтанатты түрде ант қабылдапты. Олар антына адал болуға, сабақты озат оқуға, жауапты, әрі тәртіпті сақтауға, мектептің даңқын шығаруға ант еткен.

Бүгінде облыс аумағында 78 «Жас сарбаз» сыныбы, 83 әскери-патриоттық клуб, 37 «Smart Sarbaz» үйірмелері бар.

Биыл Алматы қаласында Кеңес Одағының батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдығына орай «Айбын-2024» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны өтеді екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп жоспарланған. Осы жиынға қатысатындар мамыр айында іріктелмек. Үздік деп танылған 2 командаға жолдама беріледі.

Спикерлер сарбаздарға жасалып жатқан жағдайларды да атап өтті.

– Бүгінде әскерде жүрген сарбаздарда еліміздің 70-тен астам жоғары білім ордасына түсуге мүмкіндіктері бар. Бұл дегеніміз, Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырмай-ақ ақылы түрде оқуға түсе алады деген сөз. Ал, жауынгерлік дая­р­­­лығы жоғары деп бағаланғандарды грантпен оқыту қарастырылған. Әскери борышын өтеген барлық сарбаздар Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери институтқа тегін түсіп, офицер атанып, Қарулы күштер қатарына қызметке қабылданады, – деді Еркебұлан Мұстағұлов.

Әскерден жалтаратындардың да мәселесі айтылды. Департамент өкілдерінің сөзінше, 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтарға әскерге шақыру қағазы жеткені, немесе жеткізілмегені туралы ақпаратты дер кезінде білетін тетіктер ойластырылған.

– 2021-2022 жылдары Отан алдындағы борышын өтеуден қашатындардың саны көп болды. Кейінгі жылдары жағдай оңалып келеді деуге негіз бар. Жастардың көбі осы әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылатындарын түсінбейді. Кейбірі ештеңе естімедік деп сылтау айтады. Осы күнде шақыртуды естімей қалу деген – мүмкін емес. Үйіне де, жұмыс орнына да хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар, әскер қатарына шақыру маусымы басталды деген ақпараттар телеарна, газеттерге басылады, – деді Дмитрий Буксман.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button