“ҚОСКӨЛДЕГІ” КҮЗЕМТОЙ
“Соңғы ширек ғасырдың шамасында осынша жұрт жиналып, дүбірлі думан жасағаны есте қалмапты” дейді, арқа-жарқа қуанышқа кенелген ауылдас.Кейкі батырға арналған Торғайдағы керемет іс-шарадан түн ортасы ауғанда оралып, осы қуанышқа ортақтасу үшін таңмен таласа тағы жолға шыққан аудан әкімі Әнуар Омарға елдің ризашылығы ыстық ықыласынан айқын аңғарылып тұрды.
Шойынжолдың шапағатын сезінгің келсе, Қарақұмға бар. Екі-үш жылда ел ерен өзгерді. Адамның көңіл-күйі қалыпқа түссе, сенімі орнықса, өзгесі өзінен-өзі реттелетін сияқты ма, қалай?! Ауылға барған сайын бір марқайып қайтамын: бұрынғыдай болбырап жүрген біреуі жоқ, жерлестің жайдары жүзіне қарап-ақ, буырқанған ішкі бұлқынысын безбендеймін.
Экономикадағы ілгерілеуді, әлеуметтің әлеуетін айта бастасам, әңгіме ұзап кетері анық. Сондықтан, тақырып арнасынан ауытқымауға тырысайын. Тек бір байқағаным: ауыл азаматы қол артқан кәсібіне “бизнесмен көзімен” қарай бастапты. Демек, қазір қиын көрінетін күрмеуі көп кейбір күрделі мәселені келешекте көп ұзатпай шешудің берік негізі пісіп-жетілуде.
Жас біткеннің ауылға оралуы — жақсылықтың нышаны. Жалпы жеке кәсіпкерлікті жандандырып жүрген солар. Қаладан көргенін туған топырағына таратуда. Тіпті, Зәбида әкенің тұяғы — Тұрсын ағаның шаруа қожалығын ұстайтын ұлы ауылда екі қабатты тұрғын үй тұрғызып тастады: тұрмысқа қолайлы, суы ішінде.
Әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық нысан бой көтеруде. Бұл жолы жеке кәсіпкер Нұржан Мақашев салған “Жасұлан” тойханасы тұсаукесер жасады. “Берекелі іс баянды болсын!” деген аудан әкімі Әнуар Омар мен “Жастардың жарқын ісі жалғассын!” деген ауыл ақсақалы Қадыр қажы Үңгітбаев қызыл таспаны қиып, табалдырықтан аттады…
Этнофестиваль аясындағы мерекелік іс-шара ауыл сыртында арнайы дайындалған алаңда өтті. Бағдарламасы бай екен: жүннен жасалған бұйым көрмесі, ауыл шаруашылық өнімінің жәрмеңке-көрмесі, ұлттық ойын, қой қырқудан “Алтын қайшы” сайысы, бәйге, концерт. Бәрін тамашаладық. Сапа жағынан кеткен сәл-пәл “әттеген-айы” болмаса, жалпы көңілден шықты.
Елдің еңсесін тіктеген, есінде ұзақ сақталатындай, ең бастысы, жадының жаңғыруына сілкініс тудырған тамаша жиын болды. “Рухани жаңғыру — жаңалық ашу емес. Бұл басқосу — ұмыт бола бастаған дәстүрді жалғастыру ” дейді аудан әкімі Әнуар Омар.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Ұлытау ауданы.