«Қоштасайық, қоштасуға қолың бер…»
Қайран, Сейіл дос, Сейіл бауыр, Сейіл аға…
Қоштасуға қолыңды да ала алмадық-ау…
Арқаның ақ самалындай аңқылдаған қалпыңды, сұңқардай саңқылдаған үніңді сағынамыз-ау, Секе…
«Өтті күндер, өткен күндер, сол күндер» естелікке айнала ма енді, Секе?
«Жанарымда тамшы болып мөлдіреп» сенің бейнең тұр, Секе…
«Бір құлаған қайың қайта көктер ме?»…
Екеуміз жолыға қалсақ, жүрегіміздің сырқатын айтып, бір-бірімізге дәрігер болып кетуші едік қой. Сен мені аппақ пейіліңмен емдеуші едің. Енді менің дімкәс жүрегімнің дүрсілін кім тыңдайды, Секе?
Соңғы сөйлескенімізде: «Анамды сағынып кеттім!», – деп едің мұңайып. Енді мауқыңды басып, пенделердің былғаныш тірлігіне жеті қат көктен маңғаздана қарайтын боласың. Сенің даладай дархандығыңды да, баладай аңғалдығыңды да сағынамыз әлі. Сенің әндеріңнің әр үзігі сағына білмейтіндерге сабақ еді. Ол да үзілді.
Еліңнің алақанынан жүрегіне көшіп барасың-ау, қайран Секем… Қадіріңді білмегендер қабіріңді өлшеп-пішіп жүр.
Алаш көгінен жұлдыз ақты. Із тастап ақты. Әні жаңғырып, алтын бесігі Қызылтауына ұшып барады… Қарағанды қара жамылып, Шет шер төгіп тұр. Жаңаарқаң жабырқап, Алатаудан «Асылымай!» деген азалы үн жетті. Қаратау қамыға көңіл айтып, Көкшетаудың көл болып ақтарылған көз жасынан сексен көлдің мұзы еріді.
Беу, жалған дүние!
Бақұл бол, адал дос, асыл аға!
Ерсін МҰСАБЕК.