Қош келдің, ІТ-дəрігер!
Қарағандыда «IT-медицина» инновациялық білім беру бағдарламасының алғашқы 38 түлегіне дипломдар табысталды. Ендігіде жас мамандар қос бірдей маңызды саланың – ақпараттық технологиялар мен денсаулық сақтау жүйесінің байланыстырушы буыны болмақ.
Бакалавриат деңгейінде жаңа білім беру бағдарламасын 2019 жылы екі жоғарғы оқу орны – Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жəне Қарағанды медицина университеті əзірлеп, ашқан болатын. Бүгінде осы мамандықты таңдаған 80 студент денсаулық сақтауда қолданылатын ақпараттық технологияларды, бағдарламалау құралдарын, мəліметтер базасын, биомедициналық ақпаратты өңдеу жəне талдау əдістерін үйренеді.
– Отандық медицинада көптеген заманауи ақпараттық технологиялар күн сайын енгізілу үстінде десек, қателеспейміз. Бүгінгі дəрігер зерттеу жүргізгеннен кейін деректерді өңдеу керек. Бізде медициналық оқытумен техникалық оқытуды толықтыру жүріп жатыр. Оқу төрт жылға созылады. Осы арқылы мамандарымыз бірден екі салада құзыретті болады. ІТ-дəрігер – жақын болашақтың кəсібі, – дейді Əбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің ақпараттық-есептеу жүйелері кафедрасының меңгерушісі Алексей Калинин.
Жаңа бағдарлама бойынша оқитын студенттер емханалар мен дəріханаларда тəжірибеден өтеді Медициналық деректерді өңдеумен айналысатын ІТ-мамандарына үлкен қажеттілік бар. Қазірдің өзінде, ІТ-дəрігерлер республикалық медициналық зерттеу орталықтарында үлкен сұранысқа ие. Оқуды жалғастыруға да болады. Мысалы, Қарағанды медицина университетінің «Биомедицина» білім беру бағдарламасына магистратураға құжат тапсыру мүмкіндігі қарастырылған.
– Биомедицина – бұл барлық жаратылыстану-ғылыми мамандықтардың өкілдерін шақыратын кең бағыт деп айта аламын. Бұған биоинформатика да кіреді. Геном құрылымын математикалық əдістермен зерттеу жəне молекулалық-генетикалық механизмдерді, патологиялық процестердің механизмдерін зерттеу нысаны етуге болады. ІТ-дəрігерлер – келешектің əмбебап мамандары, – дейді Қарағанды медицина университетінің стратегиялық даму жəне халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Виктор Рик лефс.
«ІТ-медицина» бағдарламасы бойынша оқығандар өзі қабылданған университеттің дипломын алады. Бұл – ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бакалавры немесе денсаулық сақтау бакалавры. Əр дипломға екі университеттің пəндері мен бағалары бар екі транскрипт бар. Яғни, түлектердің шығу құзыреттілігі бірдей.
«IT-медицина» білім беру бағдарламасы бойынша жоғары оқу орнын Тамырлан Алдоңғаров қызыл дипломмен бітірген.
– Əуел баста мен университетке түсуге дайындалып жатқанда, бағдарламашы болғым келген. Ұлттық бірыңғай тест тапсырдым жəне техникалық университетте менің салама сəйкес келетін бірнеше бағдарлама бар екенін білдім. Мені ІТ-медицина қызықтырды. Бұл – бейінді жəне қиын мамандық. Менің ағам облыстық онкологиялық орталықта хирург-онколог болып жұмыс істейді. Өзім жай бағдарламашы емес, өмірімді медицинамен байланыстырғым келетінін жете түсіндім. Оның үстіне, біздің елімізде осындай мамандардың жетіспеушілігі де сезіледі. Оқуды əрі қарай жалғастырғым келеді, дамимын, міндетті түрде магистратураға түсемін, – дейді 21 жастағы президенттік стипендиат Тамырлан Алдоңғаров.
Биыл жаңа білім беру бағдарламасына талапкерлерді қабылдау жалғаспақ.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz