Қош болыңыз, жайсаң аға!

Таң атпай соғылған қоңырау «дүниеден Оралбек Жүнісұлы өтті!» деген суық сөзді жеткізді. Айналасын шуаққа толтырып жүрген жайсаң ағадан қапияда айырылу қабырғамызды қайыстырды. Ол қарымды қаламгер ғана емес, соңынан ерген буынға қамқор аға, ақылман ұстаз бола білген тұлға еді.
Оралбек Жүнісұлымен бір топырақта тусақ та, етене араласқан тұсымыз – алғаш еңбек жолын бастаған кезіміз. Бізді ағамыздың өзі іздеп тапты. 2003 жылы «Балқаш өңіріне» Ілияс Мұқаев, Ерлан Тасырбай деген әріптесіміз бар, үш тілші қатар қабылданғанбыз. Іле-шала ақжайлау ағамыз редакцияға арнайы келіп, үшеуімізді соңынан ертіп, ақыл-кеңесін айтып, батасын бергені бар. Содан бері ұдайы қамқорлығын сезініп келдік. Қашанда жөн сілтеп, жол көрсетіп жүретін ағалық пейіліне тәнті болдық. Ол ешкімді бөліп-жарымай, қалам ұстап жүрген барлық бауырын бірдей көріп, барлығына бірдей тілеулес болатын.
Ардақты ағамыздың журналистикадағы елеулі еңбегі – туып өскен өлкенің тарихын түгендеп, айтулы тұлғаларын ұрпақ жадына сіңіруі еді. Оның шығармаларынан туған жерге деген перзенттік махаббаттың, елге деген адалдықтың лебі есіп тұратын. «Сағынатын күн туар», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Алтын аймақтың адамдары» сынды жинақтарында туған өлкесінің еңбекқор адамдары жайлы көркем суреттеме жасап, оқырман жүрегінен жол тапты.
Ұзақ жылғы еңбегінің арқасында ел-жұрттың құрметіне ие болды. Оның қаламынан туған мақалалар мен кітаптар қазақ журналистикасының алтын қорына айналды. Сол мұра – ертеңгі ұрпақтың рухани азығы, кәсіби жолдағы темірқазығы болары анық.
Қош болыңыз, жайсаң аға!
Қамбар АХМЕТ,
«Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының орынбасары