Қош бол, қару!
Тарих қойнауына кеткен Бірінші Дүниежүзілік соғыс уақыт жарасын әрең емдеп жазған із қалдырды. Әлемдік өркениеттің кейінгі даму жолдарын анықтады. Осы орайда Е. Бөкетов атындағы тарих факультетінде соғыстың аяқталғанына 105 жыл толуына орай интерактивті көрме өтті. ХХ ғасырдың басты оқиғаларының бірін суреттеуге «Галея» әскери-тарихи қайта құру студенттік клубы ұйытқы болды.
Көрмені Қарағандыдағы мектептердің студенттері мен мұғалімдері тамашалады. Тарих кафедрасының студенттері мен оқытушылары көрермен қатарынан көрініп, ХХ ғасырдың жаңа тарихындағы маңызды оқиғаға негізделген бейнелерді талқылады. Бірінші дүниежүзілік соғыстың негізгі қатысушыларының киімін киген студенттер тарихи суреттер мен бейнематериалдар жайлы ой бөлісті. Соғысқа қатысқан елдердің қайта жаңғыртылған киімдерін киіп, өнер көрсеткен жастар 1914-1918 жылдар аралығындағы тарихи жәдігерлер: әскери техника элементтері, марапаттар, тұрмыстық заттарды таныстырды. Сондай-ақ, көрмеге түпнұсқа бұйымдарға айналған – дулығалар, наградалар, дүрбілер де қойылды. Аустрия, Венгрия, Ресей, Ұлыбритания банкноттарының көшірмелері кездесті.
– Бұл соғыс – мемлекет тарихында 1916 жылғы көтеріліс драмасы, кейінгі революциялық оқиғалар, 1920 жылдардағы азаматтық қақтығыс және кеңестік кезеңдегі қуғын-сүргін оқиғаларымен сипатталған. Көрмеде сондай-ақ, жаһандық қарулы қақтығысқа қатысушыларды еске алып, құрмет көрсеттік. Қарулы күштердің мемлекетаралық қайшылықтарды шешудегі маңызына тоқталдық, – деді ҚарУ-дың тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.
Көрмеде студенттер Бірінші Дүниежүзілік соғыс жайлы ойларымен бөлісті. Жиырма миллион адам өлім құшқан, ондаған миллион адам мүгедек болған соғыстың қайта оралмауын құптайтынын жеткізді.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz