Руханият

Қос жанрды қатар дамытқан

ТМД елдерінде музыкалық комедия театрлары баршылық. Ал, Қарағанды музыкалық комедия театры – Қазақстанда оперетта және мюзикл жанрында өнер көрсететін жалғыз ұжым. Тарихы мен репертуары бай труппа биыл жарты ғасырлық мерейтойын тойлағалы отыр.

Сурет автордан

Алғашқы маусымын Исаак Дунаевскийдің «Еркін жел» шығармасымен ашқан театр репертуарында 300-ден астам қойылым бар. Атап айтсақ, опера, мюзикл, оперетта, музыкалық комедия, водевиль және балет жанрындағы қойылымдар көрермен көңілінен шығып жүр.

– Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры – 1973 жылы Теміртауда қазақстандық Магнитка жұмысшыларының демалысын ұйымдастыру мақсатында құрылған. Уақыт өте келе ұжым бұл шекті бұзып-жарып шығып, кәсіби әлеуетке ие болды. Осы кезде, 1981 жылы оны облыс орталығына ауыстыру жөнінде шешім қабылданды. Дайындық және өндірістік үй-жайы бар керемет ғимарат салынды, – деді Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраев.

– Бұл жанр тек біздің театрға ғана тән. Біз тек көшбасшы емес, оның жалғыз өкілі екенімізді мақтан тұтамыз. Мұны білген жөн. Оперетта мен мюзиклді қатар дамытып, насихаттап келеміз, – деп атап өтті Амантай Темірбайұлы.

Қол жеткізген жетістіктерімен тоқтап қалмай, ұжым басшылығы уақытылы өз бетімен бірегей қызметтің жаңа бағыттарын да құрған. Түрлі қалалар мен елдерге гастрольдік сапармен барады. Іргелі ұжым қарағандылық көрерменнің сұранысына сай келетін тың әрі қызықты дүниелерді үнемі іздеп тауып, сахналап жүр. Ересек көрермендер үшін ғана емес, аз уақыт ішінде кішкентай көрермендерге арналған – «Театр на подушке» қағидаты бойынша кемпірқосақ залы құрылған. Бұдан бөлек, театр жанында Ростов қуыршақ студиясы, «Буратино», балет балалар ұжымдары жұмыс істейді. Оларды ел облыстың мақтанышы деп атайды.

Студия мен балет үйірмесіне балалар тегін қатысады. Бұл – өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамыту және өнерге деген сүйіспеншілікке жас кезінен тәрбиелеу мәселесіне жауапкершілікпен қараудың жарқын мысалы.

– Әлемдік кеңістіктегі барлық тенденцияны, өзіміз өнер көрсететін жанрдың озық үлгілерін қолжетімді, тартымды және танымал ете отырып, қолданысқа сапалы түрде енгізуге тырысамыз, – деді театр басшысы. Кадр мәселесін шешу үшін Теміртауда құрылған кезінен бастап, Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжі базасында болашақ сахна жұлдыздарын даярлау дәстүрге айналған. Штаттық шығармашылық ұжымның 99 пайызы Тәттімбет өнер колледжінің түлектерінен тұрады.

Қарағанды музыкалық комедия театрының барлық қойылымы сәтті сахналануда деуге әбден болады. Әр қойылымның табиғи әрі жанды шығуына бар күшін салып, сәнін кіргізіп жүргендер қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Елена Филинкова (лирикалық-драмалық сопрано), халықаралық фестиваль дипломанты Анна Беспалова (лирикалық-колоратуралық сопрано), «O-FEST» халықаралық фестивалінің дипломанты Дарья Пивеньді (сопрано) айрықша атап өтуге болады.

Амантай Ибраев театрды 1998 жылдан бастап, жемісті басқарып келеді. Алғаш рет 1994 жылы ҚАМКТ табалдырығын аттап, табанды еңбек ете бастағалы жас республикамыздың қалыптасуы кезінде театр ұжымның қандай қиындықтарды басынан өткергенін және осы 22 жылда қандай деңгейге жеткенін бес саусағындай біледі және ұмытпайды.

– Өте қиын кезеңдерден өттік. Кейін, еліміздің экономикасы тұрақталып, жағдайымыз жақсара бастады. Тұтас мәдениет саласының серпінді дамуы 2000 жылдан басталды. Өйткені, «2000 жыл – Мәдениетті қолдау жылы» деп жарияланды. Осының арқасында гастрольдік қызмет кеңейе бастады, техникалық жабдықтарды жаңартумен нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді, – деді ол. Осы сәттерден бастап, театр ұжымы жаңа кәсіби деңгейге шығып, ұйымдастыру мәселелерінің көбін өз бетінше шешуге, репертуарды таңдау еркіндігіне және әлемнің жетекші артистерін, қоюшылар мен дирижерлерін шақырып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алған. Сонымен қатар, өз қызметінің аясын кеңейте отырып, шетелдерге гастрольге барып, шығармашылық шоуларға қатысты. Онымен шектеліп қоймай, заман талабына сай дами түсті. Театрдың қалыптасқан өз талғампаз көрермені бар. Олар бұл театрды не үшін құрмет тұтады? Өнерге адалдығы, киелі театр сахнасында оптимизм мен өмірдің сүйіспеншілігін, қуанышын табиғи түрде сомдап, көрерменге сыйлайтын шексіз сезімі үшін жақсы көреді. Өйткені, мұндағы әр қойылым – күйбең тірлікті ұмыттырып, көрерменді өзге бір сиқырлы әлемге жетелей түсетін бөлек салтанат…

Жәлел ШАЛҚАР.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button