Қос салаға – құрмет
Өткен аптада Атасу кентінде аудан атын шығарып жүрген спортшылар ұлықталып, кәсіби мерекелеріне орай мәдениет саласы қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.
Аудандық мәдени-сауық орталығында шымылдығы түрілген салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Қанат Қожықаев ашты. Спорт саласында тер төгіп жүрген азаматтардың жетістіктеріне тоқтала келе, спортшыларға алғысын білдірді.
Өңір спортшылары түрлі республикалық додаларда облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Мәселен, 2014 жылғы «Қазақстан барысы» турнирінде Асыл Бәрменов күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасындағы футбол біріншіліктерінде де аудан құрамасы биіктерді бағындырып келеді. Жеткіншектер командасы 2014 жылы республикалық «Былғары доп» додасында І орын алса, 2015-2016 жылдары облыстық турнирлерде бас жүлдеге ие болды. Орта мектептер және колледждер арасындағы биылғы республикалық спартакиадада шағын футболдан ІІ орынды иеленді.
Облыстық «Сарыарқа – 2015» ауыл спортшыларының жазғы спартакиадасында аудан спортшылары командалық есепте І орынды ұтып алса, былтырғы спартакиадада да сол биіктен көрінді. Екі жыл қатарынан көш бастаған аудан құрамасы қазақ күресі, ат спорты, асық ату, үстел теннисі, волейбол, дойбы және шағын футболда жеңіске жетті.
Ат спорты ауданда жақсы дамуда. Ат спорты командасы мамыр айында Бұқар жырау ауданының Құрылыс ауылында өткен облыстық чемпионатта «Көкпар», «Аударыспақ» ойындары бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Салтанатты рәсімде аудан әкімінің орынбасары өнерсүйер қауымның көңілінен шығып, ыстық ықыласқа бөленіп жүрген мәдениет саласының қызметкерлерінің де еңбегін жоғары бағалап, төл мерекелерімен құттықтады. Спорт және мәдениет саласының үздіктеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Индира АСАМИДАНОВА,
аудан әкімінің баспасөз
хатшысы.
ЖАҢААРҚА ауданы.