Жаңалықтар

Қос боксшы дауыс берді

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауда балқаштық спортшылар да қалыс қалған жоқ. Бокстан екі дүркін Азия чемпионы Ерасыл Ермек пен Нормандиядағы (Франция) XIX Дүниежүзілік жазғы гимназияның алтын жүлдегері Рамазан Нұрлыбаев №193 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

– Бүгін біз, өз таңдауымызды жасадық. Біз тұрақтылықты таңдаймыз. Дауыс беріп, таңдау жасау әр қазақстандықтың асыл парызы. Еліміздің көк туын желбіретіп жүрген спортшы ретінде, осы елдің азаматы ретінде болашағымыздың жарқын болғанын қалаймын. Сайлауға биыл екінші рет қатысып тұрмын. Мен үшін бұл сайлаудың маңызы жоғары, – дейді Азия чемпионы Ерасыл Ермек.

Ал, биылғы жылы ересектер арасында Қазақстанның ұлттық құрамасына қабылданған Рамазан Нұрлыбаев сайлауға тұңғыш рет қатысып тұрғандығын жеткізді.

– Мен бірініші рет дауыс беріп жатырмын. Сайлаудың еліміз үшін берері көп деп ойлаймын. Өйткені, елдегі жағдай екі тізгін, бір шылбырды тең ұстар азаматтардың арқасында жақсара беретіндігіне сенімдімін, – дейді Рамазан Нұрлыбаев.

Айта кетейік, бүгінде Балқаш қаласынан шыққан жас боксшылар дүбірлі додаларда топ жарып келеді. Олардың қатарында, 60 келіде Ерасыл Ермек, 54 келіде Рамазан Нұрлыбаев, 63,5 келіде Мадияр Тайпақов және қыздар арасында 48 келіде Гүлназ Бөрібаева, Камила Бажбеновалар бар.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button