Рухани жаңғыру

Қос алыптың әлеміне саяхат

 

Жуырда Достық үйінде Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мұрындық болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Әлем таныған Абай» атты Абай оқуларының және ақын Шәкәрім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫНЫҢ 160 жылдық мерейтойына орай өткізілетін айлықтың шымылдығы түрілді.

Салтанатты шара «Ұрпағыма қалдырам – Ұлы жыр» атты поэзия кешімен басталды. Айлықтың мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін, эстетикалық талғамдарын, тұлғалық сезім мәдениетін дамыту және оларға қолдау көрсетуге арналды. Оның ішінде Абай мен Шәкәрім – туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, асқар тау, ағар бұлағы, қасиетті ана тілінің шешендік бастауы екендігін насихаттау.

Поэзия кешіне қатысушылар қос алыптың сөзі – қазақтың бойтұмары болып, қайта тумас бір әлем күйінде қалатындығын танытты. Үш тілде өрбіген шарада ақындардың терең ойға құрылған алуан түрлі өлеңдерін этномәдени бірлестіктердің өкілдері оқып, Абай әндерін әншілер асқақтата шырқады.

Құттықтау сөзін жеткізген облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Ерлан Құсайын ұлылар поэзиясына, рухани мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу бүгінгі күннің талабы екендігін айтты. Сондай-ақ, Қазақстанның болашақ жастарын Абай мұрасымен Тәуелсіздіктің Туын тігіп, егемен ел атанып жатқан кезде тереңірек таныстырып, оның таусылмас ілімімен сусындата білу парыз деп ой түйді.

Сонымен қатар, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғап:

– Алдымен қазақты тану үшін Абайды оқу қажет, ал Абайды түсіну үшін азамат болу парызың. Абай мен Шәкәрімді тану – қазақтың өзін-өзі тануының адастырмас темірқазығы. Қос тұлға ақын ғана емес, олар өлеңдері мен қара сөзі арқылы өз халқын жол сілтеген, қатал сыншы. Халқының асыл қазынасын пайдалана отырып, оған жаңа түр еңгізіп, жаңа бағыт беріп, дамытқан қазақтың бас ақыны – Абай. Сұлтанмахмұттың «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе, адамдықты көздесең, жаттап тоқы көңілге!» деуі келешек ұрпаққа Абайды оқу барысында берілетін өнегелі тәрбиенің тереңдігін жеткізсе керек. Абай мен Шәкәрімнің үндестігі бүгінгі айлықта байланыстырылып отырғандығының тағылымы зор, – деді.

Сонымен қоса, шара барысында ақынның ғибратты өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, айлық кезінде облысымызда үш тілде жастарға ақындар туралы дәріс оқылып, дөңгелек үстелдер мен көрмелер, мүшәйра өткізілетін болады.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button