АймақТеміртау

Қоржын толы болса, көңіл де тоқ

Өткен аптаның сенбісінде Теміртау қаласының «Экспресс» базарында ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті. Мұнда Бұқар жырау мен Осакаров ауданының шаруашылықтары әкелген мал мен құс, бау-бақша өнімдері қала тұрғындарына базар бағасынан 15-20 пайыз арзанға сатылып, олардың қысқа қажет азығын молынан қамдап алуына мүмкіндік берді.

Атап айтқанда, Бұқар жырау ауданы ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Манат Құрманғалиевтің мәліметіне қарағанда, бұл күнгі жәрмеңкеге олар әр түліктің 8,5 және құстың 1,3 тонна етін, 1,5 тонна сүт өнімдерін, 50 мың дана жұмыртқа, 8 тонна картоп, 1,5 тонна сәбіз алып келген көрінеді.

– Ал осакаровкалықтар жәрмеңкеге, – дейді осы аудан ауыл шаруашылық бөлімінің басшысы Қабылда Әбілдинов, – 6,5 тонна ет, 20 тонна картоп, 2 тоннадан сәбіз, орамжапырақ, сүт өнімдерін сатуға шығарды.

Тиісінше, жоғарыда жазғанымыздай, бұл өнімдердің бәрі де әдеттегі базар бағасынан едәуір арзанға саудаланды. Мәселен, сиыр етінің әр килосы – 2300, жылқы – 2600, картоп – 100, жұмыртқаның 10 данасы 430 теңгеден сатылып, теміртаулықтар оларды молынан сатып алып, қоржындарын толтырып жатты. Жәрмеңкеге 2 сиыр мен 1 жабағының ұшасын әкелген осакаровкалық фермер Байболат Үрімхан сол жабағысының етін бір адам көтере сатып әкеткенін айтып болғаны сол, Райхан Қайырбекова атты апайымыз сиырдың жарты етін өлшетіп, ақшасын төлей бастады. Келесі Бұқар жырау ауданының сөрелерінен тор қалталарын сықа толтырып алған Николай Уваровтың да көңілі тоқ, жүзі шат. Әрине, саудасы жүріп, әрі қала ұлттық-мәдени орталықтары өнерпаздарының жәрмеңке басындағы концертін тамашалаған адам көңілді болмағанда қайтеді?!

Таңертеңнен қызған жәрмеңкенің саудасы мен думанының ішінде Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков пен оның орынбасары Самат Зияшев те болып, қала әкімдігінің қызметкерлері осындағы сауда тәртібі мен ветсанитарлық талаптардың бұзылмай, қатаң сақталуын жәрмеңке аяқталғанша қадағалап, бақылауда ұстады.

Ержан ИМАШ,
ТЕМІРТАУ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button