Жаңалықтар

Орынсыз алаңға негіз жоқ

Қазақстан мен Қытай екі жаққа да визасыз режим енгізуді жоспарлап отыр. Яғни, шекарадан өту үшін паспорт пен көлік билеті жеткілікті. 30 күнге дейінгі визасыз режим туралы келісімге қол қою мамырда Сиандағы Орталық Азия – Қытай саммиті аясында күтілуде. Бұл – Қазақстанның ежелгі көршімен ынтымақтастық жолында қабылдап отырған алғашқы қадамы емес. Мәселен, 2022 жылы Қытайдан келушілерге 14 күндік визасыз режим енгізілген болатын. Атап айтқанда, «аспан асты елінің» азаматтары елімізде түрлі себептермен екі аптаға және транзитпен ұшатындар 72 сағатқа дейін бола алатын еді. Бірақ, қазақстандықтарда көрші елге бару үшін мұндай мүмкіндік болмаған. Егер, келісімге қол қойылатын болса, бұл алдымен, отандастарымыз үшін де, ел экономикасы үшін де таптырмас мүмкіндік болмақ.

Себебі, Қытай Қазақстанның ғана емес, Орталық Азияның өзге елдерінің негізгі сауда серіктесі екенін білеміз. Мәселен, Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда рекордтық көрсеткішке, атап айтқанда 24 млрд. АҚШ долларына жеткен. Ал, визасыз режим экономикалық байланыстарды нығайтуға оң әсер ететінін айтады мамандар. Мәселен, «Қарағанды облысының кәсіпкерлер қауымдас­тығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Санаубаев визасыз режимнің әр жағында тек экономикалық және іскерлік мүдде ғана жатқанын айтады.

– Визасыз режим туристік ағымды арттыруға бағытталған. Ол экономикаға жағымды әсер етеді деп болжануда, өйткені туристерден қонақ үйлерге, мейрамханаларға, және мәдени ойын-сауық орындарына ақшалай пайда түседі, – дейді ол.

Серік Мәлібекұлының сөзінің жаны бар. Мәселен, statista.com ресурсының мәліметінше, Қытай – туризмге ең көп шығынданатын ел. Мұны Мәдениет және спорт министрлігі де растап отыр. 2023 жылдың небары үш айының өзінде Қытайдан келген 8 мыңнан астам турист тіркелген. Ал, бір Қытайдың өзі кемі елімізде 1000 Ақш долларынан астам қаржы қалдырып кететінін ескерсек, Қазақстанға өткен жылы туристердің өзінен ғана 16 млн. доллардан астам кіріс кірген. Еліміздің турис­тер үшін, оның ішінде Қытайдан келетін туристер үшін тартымдылығын ескерсек, визасыз режим аталған көрсеткішке айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз.

Бұл ретте, елімізге визасыз режиммен кірген Қытай азаматтарына жұмыс жасауға рұқсат етілмейтінін де айту керек. Яғни, тек туристік, іскерлік сапарлар үшін ғана келе алады. Шетелдік азаматтарға визасыз режим шеңберінде еңбек және өзге де ақы төленетін қызметті жүзеге асыруға тыйым салынады. Режим бұзылса, көші-қон заңнамасына сәйкес, тиісті түрде жазаланады. Осы орайда «қытайлықтар тарапынан отандастарымыздың жұмыс орындарына қауіп бар» деген жаңсақ ойдан да аулақ болған жөн. Олар жұмысқа да орналаса алмайды. Тіпті, шетелдіктер елімізде кәсіпорын ашқан күннің өзінде, жұмыскерлерінің өзі толығымен өзге елдің азаматтары ғана емес, қазақстандықтар да болуы керек деген заң бар. Ал, келгендердің барлығы Ішкі істер министрлігі мен уәкілетті органдардың қырағы бақылауында болады. Заң бұзғаны жауапкершілікке тартылып, елден депортациялануы мүмкін.

Облыстық мәслихат депутаты, «Отандастар» қоры фронт-кеңсесінің бас сарапшысы Меруеш Башай да босқа даурығудың орнына кәсіп жасап, шетелмен байланысты нығайтуға бейімделген дұрыс екенін айтады.

– Елімізде Қытай тауарларына қажеттілік артып келеді. Олар да біздің өнімдерді тұрақты тұтынады. Визасыз режимді енгізудегі басты мақсат – экономикалық байланысты нығайту. Бұл біздегі шағын және орта бизнес өкілдеріне де өнімін экспорттауға мол мүмкіндік береді, – дейді депутат.

Визасыз режимнің тағы бір артықшылығы – медицинасы дамыған Қытай еліне барып, ем алушылар үшін таптырмас мүмкіндік болмақшы. Одан бөлек, дәл осы жағдай медицина саласында кедергісіз тәжірибе алмасуға жол ашпақ. Тіпті, Қытай Халық Рес­публикасында білім алып жатқан сан мыңдаған студенттер барын ескерсек, визасыз режим ғылым, білім саласындағы қатынасты да нығайтады.

Жалпы, Қазақстанның сырт­қы саясаты барлық елдермен визалық режимдерді ырықтандыруға бағытталған. Белгілі бір мақсаттар үшін визасыз режимге келісім жасау – бұрыннан бар үрдіс. Мұны 2022 жылғы маусымда Иранмен де, Үндістанмен де визасыз режимнің енгізілуі айғақтайды. Демек, Қытаймен арада болатын келісімнен де елге келетін қауіп жоқ. Барлық қатынастар мемлекет тарапынан реттеліп отыратынын ескеріп, екі ел арасында тек паспортпен ғана жүріп-тұруға болатын мүмкіндік Қытай азаматтарынан бұрын, қазақстандықтар үшін ыңғайлы болатыны сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button