«Орталықтың» олжасы

   2017 жыл – облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы үшін жемісті жыл болды. Шерхан Мұртаза аға айтқандай, журналистің арқалағаны – алтын емес пе?! Әріптестеріміздің әрбір биігін адал еңбектің нәтижесі, оқырманның ақ тілеуі деп білеміз.

Бірден айтайық, өзімізді жарнамалаудан аулақпыз. Тек, өтіп бара жатқан жылдағы белестерімізге көз жүгірттік…

Әдеттегідей, жаздың белортасы, кәсіби мерекеміз қарсаңында редакциямызға сүйіншілі хабарлар көптеп келді. Газеттің Бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мағауия Сембаев ҚР Президенті БАҚ саласындағы сыйлығының иегері атанды. Көзмайын тауысып, қырық жылдан астам ғұмырын газетке арнаған Ағаның бұл марапаты әбден лайықты. Не керек, басшымыздың жолы Бас редактордың бірінші орынбасарына жұғысты болды. Жақсы ырымға баладық. Ақпарат саласының үздігі Ерсін Мұсабекке облыс әкімінің сыйлығы үшін өткізілген «Тіл жанашыры» байқауында «Тіл майталманы» сыйлығы бұйырды. Ерсін Кәрібайұлы республикалық «Шаңырақ» байқауының облыстық кезеңінде де Бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ, Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасын алды. Ж.Тәшенев атындағы мүшәйрада «Жылдың үздік қайраткері» атанды.

Жауапты хатшы Нұрқанат Қанафин республикалық «Самғау» ұлттық байқауында топ жарды. Және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті ұйымдастырған байқауда «Баспа бетіндегі үздік жарияланым» аталымын жеңіп алды.

Облыс әкімінің «Алтын сұң­қар» сыйлығынан да құралақан қалмадық. Дәстүрлі байқауда бет қаттаушы Ботагөз Ахмадиева топ жарды.

Газеттің Балқаш, Приозерск қалалары және Ақтоғай, Шет аудандары бойынша меншікті тілшісі Оралбек Жүнісұлы «ҚР Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен наградталды.

«Орталықтай» қарашаңырақта Алаштың Ақселеуі (Сейдімбек) де бір кездері қызмет еткен. Демек, Ахаңның атындағы дәстүрлі байқауда «Орталық» оғландарының олжа салуы заңдылық болар. Биыл газеттің бөлім меңгерушісі Нұрдос Кәрім осы байқауда публицистика жанры бойынша көш бастады.

Газеттің аға тілшісі Рауан Қабидолдин республикалық «Ру­хани жаңғыру – ұлттың ұлы мұраты», «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым!» және «Мәңгілік Ел – мұратым» мүшәйраларында І орынды жеңіп алды. «Алтын бесік – Атамекен» аймақаралық мүшәйрасында ІІ орынды еншіледі.

Ал, Қасым Аманжолов атындағы облыстық мүшәйрада газеттің бөлім меңгерушісі Жәнібек Әлиман – Бас жүлдені еншілесе, Рауан Ержанұлы І орынға лайық деп танылды.

Сондай-ақ, жуырда ғана екі жас ақын арнайы шақыртумен Әзірбайжан еліне барып қайтты. Әзірбайжан тіліне аударылған өлеңдері енген антологияның тұсаукесеріне қатысты.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.