Тарих

Орталықтың «Даңқ» аллеясы

Қазыбек Бейсенұлы Нұржанов 1919 жылы Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай селосында дүниеге келген. Ол 1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды.

Ал, майданға 1942 жылы сәуірде енді. 5-ші атқыштар дивизиясы 61-ші истребитель дивизионының барлаушылар взводы командирі, аға сержант болды. Волга мен Орел түбінде соғысып, Зуш, Десна, Сож, Днепр, Друть, Березин өзендерінен өтті. Оның бүкіл соғыс жолы ерлік пен даңққа толы. Золотарев түбінде болған ұрыста Қазыбек бастаған бронебойшылар бөлімі жаудың үш танкісін жойып жіберді.

Қолбасшылар Қазыбек Нұржановтың көзсіз батырлығын және тапқырлығын жоғары бағалап, оған барлау взводын басқаруды тапсырды. 149.7 белгі тұсынан Друть өзенінен өтерде олар жаудың оғы астында барлау жүргізіп,  танк шабуылын тойтаруға жағдай жасаған бағалы мәліметтер берді. «Первомайск» совхозы жерінде Нұржанов жау тылына кіріп, олардың шегінер жолын кесіп тастады. Фашистер кейін шегінгенде оның бір өзі 8 гитлершілді өлтірді, капитан бастаған қалған 97 фашист жауынгерлерін тұтқынға алды. Қазыбек Нұржанов ерлігі үшін Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен және «Ерлігі үшін» медалімен наградталды.

Волковысск қаласын алардағы ұрыста бүйірдегі қамту топты басқарды. Топтың батыл қимылдауы жауды састырды. Гитлершілер соғыс техникасын, қару-жарақтарын тастап қашты. Қ.Нұржанов қашқан жауды қуып, 3 фашисті тұтқынға алды. Оның бірі – офицер. Ержүрек Қазыбек шабуылдаушы жаяу әскерді соңына ерте Волковысскке бірінші болып кірді. Және өте ауыр жараланды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығы бойынша көрсеткен қаһармандығы мен ерлігі үшін Қазыбек Нұржановқа қаза болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

***

Нұркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы өңірінде, бұрынғы 5-ші ауыл – қазіргі Нұркен ауылы аумағында дүниеге келген. Кейін ата-анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, әуе клубында ұшқыш мамандығын алған. Соғыс басталғанда Нұркен Орынбор әуе училищесінде оқыды. Майданға сұранып, алдымен Ташкенттегі, кейін сібір қалаларының біріндегі шабуылшы әскери ұшақ ұшқышын дайындайтын курстарға жіберілді.

Оқуды тәмамдаған соң 267-ші әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкы құрамында соғысқа араласты.

Нұркен Әбдіров талай әуе шайқасына қатысып, ерлік пен өжеттік, әскери шеберлік танытты. Әр тапсырманы мұқият орындап отырды.

Қазанның 23 күні тұңғыш рет әуе шайқасына аттанар алдында Нұркен былай деп жазған екен: «Егер, біз фашистерді құртпасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп, қуанышты, бақытты өмірмен қоштасамыз…».

Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нұркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде, оқ-дәрі тасыған 18 керуенді, жанармай құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын құртты.

1942 жылғы 19 желтоқсанда жерлесіміз өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Александр Комиссаров екеуі аспанға соңғы рет самғап шықты. Боков-Пономарев станциясы маңайында олар жаудың үлкен алты танкін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.

Жау оғы самолетке тиіп, өртене бастады. «Өзекті жанға бір өлім» деген ой шарпып өткен ұшқыш, отқа оранған күмісқанат сұңқарды фашист танктері шоғырланған тұсқа қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған самолет ішіндегі Нұркен мен оның қандыкөйлек серігі Александр Комиссаров қаншама жауды қырып, жастықтарын бірге ала кетті.

Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін Нұркен Әбдіровке 1943 жылғы 31 наурызда ең мәртебелі атақ – Кеңес Одағының Батыры атағы берілген еді.

Сарыарқа сұңқары осылай мерт болды. Оның ерлігі бүкіл елге жайылды. Қарағанды еңбеккерлері, оның ішінде, кеншілер Нұркен Әбдіров атындағы ұшаққа қаржы жинап, жауға қойды. Бұл ұшақ жеңіске дейін қатарда болды.

Батыр Ростов облысындағы Боков станциясының іргесіндегі Коньков ауылында жерленді. Қарағандының қақ ортасына Нұркен бейнесі мәңгілікке орнықты, Нұркен ауылында да ескерткіш орнатылды. Кеншілер астанасындағы спорт сарайы батырдың есімін иеленген. Қазақ батырының ерлігі талай жыр-хикаяға, ән мен әңгімеге арқау болды.

Боков орта мектебіндегі жасақтардың бірі Нұркен атымен аталады. Батырдың шешесі Бағжан ана Боков станциясының құрметті азаматы болып табылады. Вешенская ауылында жазушы М.Шолохов Нұркеннің анасын мейман еткенін білеміз.

Бүгінде қарапайым қазақ баласы Нұркен Әбдірұлының өмірі мен ерлігі қаһарман, қаншыл қазақ ұлтының бойындағы игі қасиеттердің айнасындай әлемге шұғыла шашып тұр.

***

Амантай Дәулетбеков 1917 жылы Жаңаарқа ауданында туған. Кеңес Армиясы қатарына 1936 жылы шақырылып, әскери қызметті Шығыста бастады.

КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 24 желтоқсандағы Жарлығы бойынша Амантай Дәулетбековке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

А.Дәулетбеков 1942 жылғы жазда өзінің қаруластарымен бірге Брянск майданына жіберілді. Ол 13-ші Армияға қарасты танктерді бұзып-жоятын 1180-ші полктің артиллериялық расчет командирі болды. Өзінің жауға қарсы алғашқы шайқасын сол 1942 жылғы жазда Орлов облысындағы байырғы орыс қаласы Ливнының оңтүстігінде бастады. Фашистер ол кезде Воронеж және Сталинград бағыттарында шабуылға шыққан болатын. Ливны және Касторной аудандарындағы әскер солтүстік қанаттан фашистік армияға қарсы лап қойды. Сөйтіп, Ливны түбінде бүкіл жаз бойы кескілескен ұрыс жүрді.

Бұдан кейін Курск доғасының солтүстігінде 1943 жылдың қысы мен көктемінде ұрыстар өтті.

1943 жылдың қанқұйлы жазы еді. 6 шілдеде Орел мен Курск теміржолдары арасындағы Поныри қалашығы түбінде кескілескен ұрыс басталды. Поныри түбінде 13-ші армияның 307-ші дивизиясы полктары қорғаныста тұрды. Танктерді бұзып-жоятын 1180-ші полк та ұрыс позициясында болды. Жаудың танктері мен жаяу әскерлерінің көптеген шабуылына тойтарыс берілді.

Дегенмен, жау 9 шілдеде 1019-ші атқыштар полкы учаскесі тұсынан бекіністі бұзды. Фашистердің танктері мен автоматшылары бұзып-жою полкының батареясына лап қойды. Артиллеристер тапжылмады. Зеңбіректер істен шығып, туған жерін қорғаған батырлар мерт болып жатты.

Жаңаарқалық жауынгер Амантай Дәулетбековтің зеңбірегі қоршауда қалды. Аз ғана ержүрек артиллеристерге 18 танк және өздігінен жүретін 14 зеңбірек қолданған жаудың әскері нөсерлете оқ боратты. Бұл ұрыс екі сағатқа созылды. Фашистердің танктері өртеніп жатты. Артиллеристердің оғы немістің жаяу әскерлерін еріксіз жерге бұқтырды. Немістердің 14-ші шабуылында Дәулетбековтің зеңбірегі істен шықты. Бірақ, ұрыс тоқтамады. Артиллеристер жақындаған жауды гранатпен жойып, мылтық пен автоматтан атты. Сөйтіп, ажал отының астында жүріп жаумен шайқаса берді. Дәулетбеков бастаған солдаттар жараланып, қансырағанда, гранаттары мен патрондары бітіп, шөлмекке құяр жанармай таусылғанда ақырғы – шешуші ұрысты бастады. Олар атып тұрып, жаумен қоян-қолтық ұрысқа шықты. Бұл 1943 жылғы 9 шілдеде Поныри түбінде болды. Батырлар қаза тапты. Бірақ, фашистер Амантай Дәулетбековтің артиллеристерінің позициясында қираған 29 танкісін, өздігінен жүретін 13 зеңбірегін және 200-ге жуық солдатын қалдырды. Және осы шепте тоқтады.

(«Қаһарман қарағандылықтар – Герои-карагандинцы» жинағы негізінде әзірленді).

Басқа материалдар

Back to top button