«Орталықта» онлайн-айтыс: Саят ТҰЯҚБАЙ — Төлеген ЖАМАНОВ

Жаңа жобамыз – жазба айтыс ойлы оқырмандарымыз бен зиялы қауым өкілдерінен оң бағасын алып, елдің ықыласына бөленуде. «Айтыстың атасы» атанған Жүрсін Ерман ағамыздың алдыңғы жұп – Дидар Қами мен Мақсат Күземханның өнер барымтасына өз пікірін білдіріп, «Орталыққа» ақжарма көңілден алғыс айтуы – жоба жетістігі десек, артық айтқандық емес… Жыр көкпарының келесі жұбы да – аламанда алқынып көрмеген жүйріктер. Олай болса, республикалық, халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Төлеген ЖАМАНОВ пен жазба поэзияда өзіндік орны бар Саят ТҰЯҚБАЙДЫҢ сөз сайысына куә болыңыздар, мәртебелі оқырман.

САЯТ:
Бісміллә, сөз бастайын байсалды анық,
Қиын шаққа қарсы тұра қайсарланып.
Үй қамақта айтысу біртүрлі екен,
Жастықтанып жатсаң да жайсаңданып.
Шаппа-шап қасиетті төл өнерді,
Əйтеуір жібермейік жай шаруа ғып.
Сырын айтып сыртқа шыға алмай жатқан,
Мүсəпірлеу халіміз ой салды анық.
Негізінде тарқатсам тарихымды,
Талай тайғақ кешуде тайсалмадық.
Армысың, қытай шашқан удан емес,
Құдайдан ғана қорқар қайсар халық.

Аман ба, ақын бауыр Төлегенім,
Көркем екен байқасам көп өлеңің.
Тудырған Алатаудай алыптарды,
Жазиралы Жаңаарқа өрені едің.
Өзі ақын, өзі əнші, өзі сері,
Озықтығы көрінді өнегеңнің.
Көрейік тебінгіден тер шығарып,
Қолтығын қазанаттың сөге бергін.
Арқаның абаданы шыққан кезде,
Қалайша жүрісімнен бөгелемін?!

Ақынсың тілінде бар бірақ уыт,
Төгілсін көкейіңнен жыр ағылып.
Айтыста алдаспандай жарқылдаушы ең,
Аламанда болаттай суарылып.
Іргемнен індет келіп іріткенде,
Кетпесін жаныңыздан жырақ үміт.
Тəжтажал əлемдегі талайларды,
Тəубесіне түсірді-ау, бірақ ұрып.
Ал, көрелік, рух беріп елге жырмен,
Қырандайын көрсетіп қырағылық.
Өзеуреп, өрге баспас өлең бастап,
Кетпеші карантинге шығарылып.

ТӨЛЕГЕН:
Əз Айтыс, ұлы өнердің төресі едің,
Атылған ақиқаттың жебесі едің.
«Орталық Қазақстан» о бастан сен,
Ұлттың рухын көтерген белес едің.
Соғыстың кезінде де айтыс қылған,
Шежірелі жылдардың шегесі едің.
Енді, міне, елге індет келген кезде,
Жұрттың жүгін көтерер кемесі едің.
Тар кезеңде тағы бір айтыс жасап,
Ел үшін езіледі емешегің.
Жамановпен жақсы айтыс жасайды деп,
Жұптапсың ақындардың ересегін.
Ересегің ел білер Саят ақын,
Ерегіспен ашпайтын ел есебін.
Ескілердің айта алсаң есті сөзін,
Ескегімді айдында тең есемін.
Алайда, абайламай сөз бастадың,
Сол жайлы енді өзіңмен кеңесемін.
Өзеуреп өлең бастап кетпе дейсің,
Менмендіктің білмеймін мен есебін.
Өлеңнен өнеге алып өскеннен соң,
Өнерге өгей бала емес едім.
Абадан деп ініңді ардақтасаң,
Карантинге қамаймын демес едің.
Мен далалық болғанда сен қалалық,
Жанына жастықтаған жеңешенің.
Тар қалада табанын тас қажаған,
Сен көрдің карантиннің көрешегін.
Мен деген еркін жортқан Көкбөрі едім,
Кең даладан іздеген келешегін.

Жемісі төгілмесе бақ құнарсыз,
Уа, Сəке, Сізде мендей ат құмарсыз.
Шабыңызға көрейін ши жүгіртіп,
Шамдансаң не шах не мат қыларсыз.
Үйқамақта айтысқан біртүрлі деп,
Қолданған сөзіңізге сақ тұрарсыз.
Үрейленіп айтардай үйқамақ деп,
Абақтыда отырған жоқ шығарсыз.
«Қайран менің өз үйім» деп жырлаған,
Жиреншенің айтқанын жақтырарсыз.
Сондықтан, ел қатарлы сабыр қылсаң,
Несіне асығасыз, аптығарсыз.
Қасыңызда Қарашаш жеңгем барда,
Оңаша қалған осы сəтті ұғарсыз.
Баяғы байлар құсап бəйбішеңе,
Кеш батса құс төсегін қақтырарсыз.
Шежіресін ұзартып Тұяқбайдың,
Шекесі торсықтай ұл таптырарсыз.

Осындай оңашаны пайдаланып,
Тағы бір қазақ санын арттырарсыз.
Үйқамақта қосқан бұл үлесіңе.
Үкіметтің көмегін ап тұрарсыз.

САЯТ:
Апырай, сөздерін-ай, жылқышының,
Тіліп түсер тілінің түрпісі мың.
Хатпен айтыс қиын екен қарсыластың,
Жағдайын біле алмайсың түр-түсінің.
Жекпе-жектің талайын көрсем-дағы,
Мұндай түрін көрмеппін қырқысудың.
Ау, Төке, қамағандай түз тағысын,
Еркіндіктің қадірін шын түсіндім.
Үйқамақта ұрпақты көбейт дейсің,
Жайына қарап алмай жұрт ісінің.
Ақылдасу керек шығар үкіметпен,
Ұл таптырмастан бұрын білші сырын.
Қала мен дала мұңы бір емеспе,
Бұл кесел кедергі ғой ұлт үшін мың.
Сендерге əсер етпей ме, сонда тəртіп,
Еркін жортуы қалай бұл кісінің?!
Жағдайы жақсы екен əкімдіктен,
Жылы жаққа ұшып кеткен жыл құсының.

Жайыңды жетеріне жеткізсең де,
Өкпеңді өресінен өткізсең де.
Қазіргі елдің жайын айтайықшы,
Сырыңды жамағатқа жеткіз сен де.
Тамыры нəр алмаса жайқалмайды,
Егінді ерекше ғып еккізсең де.
Интернет шөкесінен шөгіп түсті,
Көзіңді күндіз-түні кептірсең де.
Иілмеді «Егов» пен «Еңбек» сайты,
Желісіне «бисмилла» деп кірсең де.
Аспандағы алтын жамбы секілденіп,
Жыр болды-ау 42 мың 500 теңге.

Ел жайы елеңдетті бүгін мені,
Дауды көрдің денсаулық пен білімдегі.
«Ғашықтықтан» оқытқан мұғаліммен,
Дəрігер жайы жүректі тілімдеді.
Ардақтап аламанға қосқан тұлпар,
Шаңдатып шаппай қойды бір ілгері.
Керек қой көш бастаған көсемдерге,
Ана тілде елге айтқан ілімдері.
Тарылтып тынысымды ашпай тұрған,
Тұсамыс шешілсе екен тілімдегі.
Кімге мақтан, кімге сор бүгінгі бақ,
Тығылып тұншығулы үнің бірақ.
Ене алмай еркіндіктің есігінен,
Іргеден сығалайды тілім жылап.
Қазақ тілде қазақша ойлағанның,
Кім жығады тұғырлы туын бұрап.
Қаз дауысты Қазыбек қара қылды,
Қақ жарып ханды иілткен бұрынырақ.
Өз елінде өгейдің күйін кешкен,
Тіл жайы — кеудеме өксік тығылдырад…

ТӨЛЕГЕН:
Айтыссақ арқадағы мақамға сап,
Ат қосқандай қолдасын Ақан – қазақ.
Жылқышының сөзінен жік іздеген,
Саятты саясатқа апармасақ.
Майқы биге несіне мұрагерміз,
Өлеңнің ошағынан от алмасақ.
Індет жайлы іргемнен сөз бастадың,
Жарамас енді осыны қопармасақ.
Карантин бұл қазаққа таңсық емес,
Сонау бір ғасырларға сапарласақ.
Шешек пен сүзек дейтін індет болған,
Тарихтан дəлел айтып хат алмасақ.
Оңашалау арқылы Оба деген,
Ауруды жеңген екен атам қазақ.
Сондықтан бұл дерттен де сау шығармыз,
Тыйым салған жерлерге тақалмасақ.
Ағама жауап беріп кетейінші,
Қысырақ үйіріндей маталмасақ.
Бұл тəртіпке бағынбай жорта ма деп,
Қарсылас қапталымнан қатарласад(ы)
Қаладағы карантин далада жоқ,
Шаруасына шауып жүр шопан қазақ.
Мен де сондай бөрісі ем боздаланың,
Боз жусанның исіне қақалмасақ.
«Көзін ашқан көк бөрі көп жатпайды,
Енесінің баурында» – мақалдасақ.
Сол қасқырлық болған ғой бойымызда,
Апанның аузында көп жата алмасақ.

Арғы анам болғаннан соң асыл Құртқа.
Қаным тұнып тұрыпты асылдыққа.
Қилы-қилы заманды қиып өтіп,
Қазағым жеткен осы ғасырлыққа.
Алайда, Ұлт айрылып мінезінен,
Қойдай жуас дегенге қосылдық па?!
Қолдан жем жеп үйренген үйректердей,
Етім өліп барады масылдыққа.
«Бөрі арығын білдірмес» ел едік қой,
Көзінің көрсетпейтін жасын жұртқа.
Азуы мен аяғы асырайтын,
Шынымен қасқыр қазақ, басылдық па?!
Заманаға зар айтып Саят отыр,
Осыдан ұлттың Рухын асырдық па?!
Жасықтау жұртқа айналып барамыз-ау,
Жалап жазар жараны жасырдық па?
Қайда кеткен қазақтың қайсар Рухы,
Қолын көкке жеткізген, басын бұлтқа?!

Шам жақсам, шабытыңыз шаттанарға,
Қанатың қайрылмасын қаққан алға.
Ал, Сəке, сізге қарай бұрылайын,
Жұлдызыңды жоғары жаққан Алла.
«Замдиректор» дей-тұғын заңды адамсыз,
Маңдайы жарқырайтын мақтағанға.
Жоғарыға жақындау жан екенсіз,
Арманыңа жеткізсін аққан арна.
Биліктің биігіне өрмелесең,
Тақта таяу тұрады бақ қонарға.
Дегенмен билік деген баянсыздау,
Екі ауыз ескертейін сақтанарға.
Тайғанақтау болады тақ дегенің,
Қатты айтсам шамырқанып шаптан алма.
Ұлттың рухы тақта емес, атта емес пе,
Ұлылар Ұран қылған аттанарда.
Тақ үстінде қалада сіз болсаңыз,
Ат үстінде мен едім шапқан алға.
Қазанатта қазақтың Рухы болса,
Азаматты түсірме аттан Алла!!!

САЯТ:
Сыр қозғадың тарихтан құп алар жұрт,
Осы боп тұр сын сəтте сынағандық.
Міндетті жүріп едік, тірлік істеп,
Індетті қалай басқа сұрап алдық?!
Құдіреті күшті Аллам бар əлемге,
Шұғылалы шуақ бер, қуанар жұрт.
Қиындықтан қайыспай алып шығар,
Ханымызға қуат бер мың адамдық.

Сен айтсаң еркін жатқан елді айтасың,
Боз жусанды, бетегелі белді айтасың.
Елдің бəрі бизнеске бейім бе екен,
Көп айтсаң өзіңдегі кенді айтасың.
Жалпы жұрттың жағдайын біліп алмай,
«Масылыңа» басталсын енді айқасым.
Мін тағып, ел мінезін не қыласың,
Астарын əр сөзімнің ел байқасын.
Ерлерім, жалған ұран жалаулатпай,
Ел жүзіне жиналған шер байқасын.
Сіңірі əбден созылған мініп-мініп,
Астындағы атынан тер байқасын.
Осыны шаршы топта сөз бастаған,
Бір байқаса, Төкеңдей ер байқасын.
Заманның запыранын айтпағанда,
Ендеше, одан басқа неңді айтасың?!

Бұрын талай ақпарға шұқшиятын,
Қалай-қалай сөйлейді «бывший» əкім?
Биліктің баянсызын біліп кеткен,
Жігіт ең жүрегіне жүк сиятын.
Тайғанақ тақтан көрі дала жақын,
Жансың-ау, өз ісіне ықтияр тым.
Өміріңнен бердің-ау өлең өріп,
Жатып алып жадына жұрт құятын.
Қызмет емес, өнер ед іздегенім,
Сондықтан айтар ойдың күтсей артын.
Саф алтындай салмақты сөз айтайық,
Алаңдатпай айтыстың мүфтиятын.

Сөз бастадың басында Жиреншелеп,
Қиындықты бар халық игерсе деп.
Көп елдің өз күркесі болмаған соң,
Кім келіп құлазыған күйді өлшемек.
Қасымнан қалған жырдың аспаны əлі,
Ашылмай тұруына билер себеп.
Мен де бір армандаған ағаң едім,
Үкімет күйсіздерге күй берсе деп,
Үйсіздердің басына үй берсе деп.
Жарайды мұның да бір жөні болар,
Кемшілікті жырменен түйреу себеп.
Екеумізге ел-жұрт та қарап отыр,
Қара өлеңнен халқына сый бөлсе деп.
Үлкенге ұлағатты жан екенсің,
Əр сөзің сыйластықты күйді еңсеред(і)
Аға деуден аспадың айтыс бойы,
Көкейіңе өнеге – түйген себеп.
Дəл осындай аға-іні жарастығын,
Тілеймін бүгінгі ұрпақ үйренсе деп!

ТӨЛЕГЕН:
Бостандық байтақ елдің бағы емес пе,
Жаратқан жақсы адамның жары емес пе.
Халықты Төлегенге айдап салып,
Уа, Сəке, бастап отсыз тағы егеске.
Масылдық мəселесін қозғап едім,
Ойлауыңның шеңбері тар емес пе?..
Ықылымнан ханды да халықты да,
Асырап келе жатқан дала емес пе?
Көмір менен темірін саттырмай-ақ,
Сақтап келген төрт түлік малы емес пе?
Алтын – күміс ас болмас, Алашыма,
Менің ойым қазақтың қамы емес пе?
Бизнеске бейімдеудің керегі не,
Атакəсіп қаныңда бар емес пе?!
Ауыл деген асхана сияқты ғой,
Елдің көшін сүйрейтін нар емес пе?
Дала заңын ұстанған жігіт едім,
Бабамның басқан мөрі зор емес пе?
Мен сізді айтыс бойы ағаласам,
Үлкендік, ескіліктің жолы емес пе?
Танымайтын жанға да сəлем берген,
Ауылдың тəрбиесі сол емес пе?!

Танығың келсе Саят шындап мені,
Тағы бір көрсең қайтед(і) тыңдап мені.
Алтыннан сауыт киген арғы атамның,
Тақымы тайбурылдан құрғап па еді?
Ер үстінде отырып Еділ бабам,
Билігін күллі əлемге құрмап па еді?
Абылайдың тұсында қайсар қазақ,
Жоңғарды жойылғанша қырмап па еді?
Ұлты үшін ұран салған ұлы адамдар,
Ұлтарақтай жеріңді қымбат деді.
Ақ найзаға сүйеніп аналарым,
Дулығалы ұлдарды тумап па еді?
Қыздары қырық үйден тыйым көріп,
Көңіл түгіл, көйлегін былғап па еді?
Руы мен Рухын биік ұстай білген,
Бабалар бірлікке бет бұрмап па еді?
Бізге ұқсап үй сұрамай, күй сұрамай,
Ризығына қанағат қылмап па еді?
Жер-Ананың желінін емген қазақ,
Жер басып жүргендігін бұлдап па еді?
Мұнайға емес, Құдайға тəуекел ғып,
Күн астында күркіреп тұрмап па еді?!

Жүйрік ем шаң көтерген алыстардан,
Жүлдесіз оралмадым жарыстардан.
«Бывший» əкім дедің-ау бір сөзіңде,
Не болды орысшаға ауысқаннан.
Тіл тағдырын айтып ең жаңа ғана,
Түріңізге болайын намыстанған.
Айтыс деген айтулы ой жарысы,
Сөзге сақ болу керек сауысқаннан.
Қаражалда қызмет қылғаным рас,
Арманыма асықтым алыс қалған.
Əлихан, Ахмет, Мағжан, Сəкен сынды,
Бағдар алып өсіп ем барыстардан.
Ел ісіне ертерек араласу,
Қалмап па ед сондай сүрлеу арыстардан.
Мені сөзден жығардай не таптыңыз,
Менің өмірбаянымды тауысқаннан.
Əр нəрсенің отырсыз басын шалып,
Қарманған жайың ба екен қалысқаннан.
Əр нəрсені талғажау қылады екен,
Əл кетсе азу түсіп арыстаннан.

САЯТ:
Ақын деген ақиқат қой кеңге жүрген,
Қаратпайтын халықты жерге мүлдем.
Саған елді айдап салу ойымда жоқ,
Қарымта сөзім еді кермеге ілген.
Біздің жыр жақсылыққа сеп болсын деп,

Теңеуімді бауырым теңдеп ілгем.
Айтыс бойы апаныңның жайын айтып,
Бөрінің шыға алмадың шеңберінен.
Қасқыр да ұяласын жауға бермес,
Көсіп-көсіп айтпаймысың сен де бірден.
Ақын болсаң айтпаймысың елдің жырын,
Едігедей ер емес пе ең елде жүрген.
Ел басына күн туғанда тұлпарыңа,
Ер салып ел жарасын емде жырмен.
Өтерміз тірлік болса бұдан да аман,
Арқадан əн естілсін шығандаған.
Сен айтқандай бөрі тектес халық едік.
Қақпанда да дыбысын шығармаған.
Шап дегенге біраз жерге барыппыз-ау,
Үйлесімді үн шығарып бір арнадан.
Сонда да сен «зам.» ал мен «бывший» деген,
Сөз қоспайық тілімді шұбарлаған.
Көппен көрген ұлы той қазақ үшін,
Бұл күн де өтер басыңнан бұлаңдаған.
Тірлікте сыйластыққа не жетеді,
Жақсылыққа күн тусын жыр арнаған.
Рухы биік, тегеурінді текті еліме,
Бармақтай бақ тілейік бір Алладан!

Торқа ілген түсінер ме тон қадірін,
Жорға мінген білер ме жол қадірін.
Өлең дейтін өлмейтін қазынаның,
Қорқа-қорқа көтердік қолға жүгін.
Қандай айтыс шықса да халыққа аян,
Ақынның бағалайтын зор қарымын.
Жарасымды бір жоба бастап жатыр,
Ортаңнан озып шыққан орта буын.
Карантинде елге жырдан рух берген,
Отың мəңгі сөнбесін, «Орталығым»!

Кім білсін бар əлемге мүмкін бұл сын,
Қадірін сыйластықтың жұртым білсін.
Ауылы бұл індеттің алыс болып,
Күлімдетіп көгімнен Күн күлдірсін.
Ал, Төке, жолыққанша сен де аман бол,
Бұл дода бір серпілтіп, сілкіндірсін.
Алла бізге алыстан хатпен емес,
Көзбе-көз айтысатын күн тудырсын!

ТӨЛЕГЕН:
Қазақтай кім бар білген жердің құнын,
Өзіңдей менде айтқанмын елдің мұңын.
Ел билеген Едіге болмасам да,
Өз əлімше көтердім елдің жүгін.
Саят-ау, сұйық сөйлеп не қыласыз,
Сұраған сыбағаңды бердім бүгін.
Бір сөзбен тоқтатайын бабама ұқсап,
Екі ауыз сөзбен шешкен ердің құнын.
Тарихты айтсам несіне тасырқайсың,
Өткеннен өнеге айтып келдім бүгін.
Өз тамырын танымай өскен ұрпақ,
Ертең сақтай ала ма Ел бірлігін.
Тарих деген Отанның төлқұжаты,
Төлқұжатың ол сенің Еркіндігің.
Өлеңнің шөл қандырған суатында,
Шəкіртпіз Абай дейтін Ұлы ақынға.
«Барлық ақын баласы бір ананың»,
Бір ақын демеу болсын бір ақынға.
Айтысты аяқтайық енді осымен,
Бір тоқтамға келейік, бір ақылға.
Сəулелі сəт тілеймін бұл сайыста,
Саяттай сайыпқыран сұрапылға.
Көңіліңе көлеңке түсірмесін,
Мен сізді шыққан жоқпын құлатуға.
«Ұлт саулығы болса егер Ұлы мұрат»,
«Орталық» мін жоқ екен мұратыңда.
Ұлттың Рухын көтерсең Ұлы айтыспен,
Шек бар ма қара өлеңнің қуатында.
Алтын құрсақ, ағайын, сен аман бол,
Жайғасқан жақсылардың жұратында!!



Дауыс беру аяқталды!

*Ескерту: Қос ақынға дауыс беру 25 сәуір сағат 21:00-де аяқталады. 


Дауыс беру «Инстаграм» желісіндегі ресми парақшамыздың «Оқиғалар» (Сториз) бөлігінде де жүргізіліп жатыр.

Сілтеме — @Ortalyq.kz

*Ескерту: «Инстаграм» желісінде дауыс беру 24 сағат ішінде аяқталады (23 сәуір сағат 21:00) 


Пікірлеріңіз болса Уатсапқа жазуға болады.

Сілтеме — Whatsapp