Жаңалықтар

«Орталық» – оқырманның олжасы

      Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

     1931 жылдың 4 қазанында Сарыарқа даласына, Қарағанды қаласына заманның күндей күркіреген екпінді үнін, рухты жырын ала келген «Орталық Қазақстан» газеті облысымыздағы ақпараттың қарлығашы һәм қалың оқырманның көзінің қарашығы десек, айтар ойдан жаңылыспасымыз анық. Өйткені, қаракөз оқырманға «Орталық Қазақстан» газеті олжа болды.

Көмірлі өлкенің тұрмысын тақырыпқа арқау етіп, өңір еңбеккерлерінің сенімді серігіне, айнымас досына айналған, жаңа дәуірдің жылнамасын жазған басылымның бағы басым. Еңбектің еселісін, ойдың көшелісін, бұқараның бұйымтайын жеткізген бұл газетке Арқа елінің ықыласы ерен. Себебі, санаға сәуле, жүрекке жігер беріп, жалпақ жұрттың жан таянышына, жақсылықтың жаршысына, намыстың сілтер қамшысына айналған осы басылым еді.
Газеттің сарғайған беттері сайын даланың тыныс-тіршілігін, қатпарлы тарихын, тамырлы шежіресінен сыр шертеді. Атап айтсақ, ұрпақ тәрбиелеген ұстаз, қарына құрық ілген жылқышы, таяқ ұстаған шопан, орақ орған егінші, механизатор, жетіқат жер астына түсіп, қара алтын қазған шахтер мен өмірі өндіріспен өрілген металлург – сүйікті кейіпкерлері.
Отарлау саясатының қазақ зиялыларына салқыны тиген заманда газет – ақиқаттың алдаспаны, таймас тағы болды. Тіпті, ана тілінен ажырап, ұлттық салт-санадан бейхабар болып, өзге тілде тілі шыққан жас ұрпақты мәңгүрттіктен сақтауға барын салған байырғы басылым еді. Ол – шындық. Тіл мәселесін жалтақсыз жазған «Орталық Қазақстан» газеті мектептер мен балабақшаларды мемлекеттік тілде атауға, қазақыландыруға, келмеске кеткен кеңестің кейінгі ұрпақ танып-білмейтін қала көшелеріне Алаш арыстарының есімін беру жөнінде қоғамдық пікір қалыптастырды. Соның нәтижесін бүгінгі ұрпақ – біз көріп отырмыз. Басылымды парақтасақ, күдік сезімнің көңілден тарқай қоймаған шағында ерлікке барып, ақырып теңдік сұраған, қалам ұстап, ой кешкен аға буын журналистердің тәуекелге бел буғандығын байқаймыз.
«Газет – халықтың айнасы», ұлттың бесігі, жарқын болашақтың есігі. Жақында Арқаның бас басылымына бас сұққанда Әлиханның, Міржақыптың тәмсілдерін есіме түсірдім.
«Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай ағаға амандасқанымда тағы да бір оқиғаға қанық болдым. Бір уақытта «Орталық Қазақстан» деп латуньнан (қорғасын мен қалайы аралас жез қоспасы) құйылған құйманы қолыма ұстатқанда денем шымырлап қоя берді. Қолыма ұстатып жатып «салмағын көр», – деді. Ықшамдалып құйылса да, салмағы ауыр екен. Бұл редактордың емеурін білдіргені. «Газеттің салмағы – ауыр, көтеріп жүру кез келген пенденің маңдайына бұйырмаған бақыт» дегенді отты жанары айтып тұрды. Осыны ұқтырғысы келгендігін түйсіндім. Қаламгер ағаның бұл сөзінен басылымға деген махаббатты, жауынгер жанрдың сарбаздарына, жалпы, редакцияға өлшеусіз еңбек жасаған жандарға деген шапағатты сезіндім. Өмір бекеті секілді бірі келіп, бірі кетіп жататын газет уақыттың жаршысы, дәуірдің тамыршысы екендігін терең түсіндім. Уығы ұлылыққа қадалып, керегесі кеңдікке керілген газет мені асқақ мұратқа, жазиралы өмірге, тылсым сырларына іңкәр етті. Қараңғыдан жарыққа ұмтылдырған, өркениетке ұмсындырған «Орталық Қазақстан» газетінің ақпарат айдынындағы қадамы – аршынды!

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button