“Орталық” – үлкен мектеп
Еңбек жолымды 17 жасымда Жезқазған кенішінде проходчик болып бастап, екі жылдан кейін Алматы барып, университет бітіріп, Қарсақбай мектебінде бала оқыттым. Ел тұрмысы, зауыт металлургтері туралы жазып тұратынмын. Газеттегі ағаларым талабымды бағалапты. Арнайы адам жіберіп қызметке шақырды.
Қарағанды облысы экономикалық әлеуеті жағынан қашаннан әйгілі, соған сәйкес газеті де беделді, аптасына алты рет шығады. Газет бетінде мақталу ұжым үшін де, жеке адам үшін де – бақ, сынға ұшырау – сор, мақталғаны бүкіл елге – үлгі, сыналғаны – сабақ. Ал, осыныңбәрі журналистер қаламының құдіреті. Осындай білім-білігі мол, қабілетті ортада мен де тез ширадым.
Одақ дейтін империя құлады, еліміз тәуелсіздік алды. «Өтпелі кезеңде өмір сүр» – деген қытайлардың ең ауыр қарғысы бар. Сондай кезең туды. Мен бұл уақытта телерадиокомпанияда Төраға едім. Жарнаманың заманы туған. Бізге оңынан келді. Жарнаманың арқасында телерадионың жағдайы күрт жақсарған. Бюджетке қарайтын газет редакциялары қиналып жатты. Ол үшін биліктегілерді кінәлау орынсыз, білем. Өйткені бюджет қоржыны бос. Одақ құлағанмен бұрыннан қалған қор бар-тын, бірақ, сарқылған. 1996-2000 жылдар өтпелі кезең – қыл көпірдің ең жіңішкерген тұсы. Өзіме мектеп болған, өсірген «Орталық Қазақстан» газетіне Бас редактор болып баруыма тура келді. Ұжым маған үлкен үміт артты, өйткені телерадионы қалай көтергенімді біледі, бізді де сөйтіп көтерер деп ойлаған болар. 4 айға шейін айлық алмай жұмыс істедік. Газетті ақшасыз шығаруға болғанмен, бала-шағасы бар елу шақты адам айлықсыз қалай күн көрмек? Кәсіпорын, мекеме басшыларынан көмек сұрадым. Есік қағып өзім жүрдім. Қаппен ұн әкеп тараттық. Газет таралымы сақталды, нөмірлері уақытылы шықты. Қазір ес жиған шақ. Қай тұрғыдан алсақ та ұжымның бүгінгі хал-ахулы ол уақытпен салыстырғанда жер мен көктей. Сондықтан, бүгінгі тоғайған көңілмен сол бір қысылтаяң жылдардағы жүдеулікке жоғарыдан қарамайық. Газеттің бұрыннан жиған-терген абыройын қылкөпірден құлатпай бергі жағаға аман-есен алып шыққандар менің түсінігімде, өз ісін шексіз сүйетін нағыз жанкештілер, шынайы журналистер. Сол еңбек газеттің 90 жылдық мерейлі, биік шаңырағын көтеріп тұрған уықтардың қатарындағы бірегейі дер едім.
Өтен АХМЕТ, газеттің 1997 жылғы сәуір-қараша аралығындағы Бас редакторы. Нұр-Сұлтан қаласы.