Жаңалықтар

«Орталық» өңірлік қолбасшылығында жас офицерлермен екі күндік оқу-әдістемелік жиын өтті

2025 жылғы маусым айында Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығында жас офицерлермен екі күнге созылған оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға биылғы жылы Ұлттық ұлан академиясын тәмамдаған 31 жас лейтенант қатысты.

Суреттер ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Жиынның басты мақсаты — жас офицерлердің теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру, әскери қызметтің нақты жағдайларымен таныстыру, бөлімшелерде басқару дағдыларын қалыптастыру және оларды Ұлттық ұлан құрылымына тиімді бейімдеу болды.

Іс-шара барысында жас офицерлерге командирлік дағдыларды дамыту, жауынгерлік дайындықты ұйымдастыру, әскери тәртіпті сақтау, жеке құраммен жұмыс жүргізу, сондай-ақ моральдық-психологиялық жағдайды нығайту бағытында теориялық және практикалық сабақтар өткізілді.

Жиын барысында «Орталық» өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамы және офицерлері болашақ командирлерге зор сенім артатынын, жас офицерлердің Ұлттық ұландағы абыройлы қызметтің тірегі болатынын атап өтті.

– Сіздер — әскери қызметтің жаңа буынысыздар. Академия қабырғасынан алған білімдеріңізді енді тәжірибемен ұштастырып, нағыз көшбасшыға айналуға үлкен мүмкіндіктеріңіз бар. Әрбір сарбаз сіздерге қарап бой түзейді. Сол себепті сіздердің бойларыңызда кәсібилік, тәртіп, жауапкершілік және патриотизм қасиеттері болуы тиіс, – деп атап өтті жиын барысында өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы генерал-майор Сакентай Амантайұлы Шекарбеков.

Жиын соңында барлық қатысушыларға арнайы әдістемелік материалдар таратылып, болашақта қолдануға қажетті ұсынымдар берілді. Сонымен қатар, жас лейтенанттар бір-бірімен тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстар орнатты.

Мұндай оқу-әдістемелік жиындар жас офицерлердің біліктілігін арттырып қана қоймай, оларды Ұлттық ұлан жүйесіне тез бейімделуге, өз міндеттерін жауапкершілікпен атқаруға бағыттайды.

ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Back to top button