Жаңалықтар

Ортақ тарихқа айналған тағдыр

Өткен ғасырдың 40 жылдарындағы Кеңес Одағы халықтарының депортациясы – кеңестік кезең тарихының қасіретті жылдарының бірі. Шежіресі сексен жылдық бұл оқиғаның өзегінде кешегі Ұлы Отан соғысының зардабы тұр. Тарихтан білетініміздей тұтас бір халықты зобалаңға салған КСРО Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің 1944 жылдың 31 қаңтарында қабылданған №5073 Қаулысы еді.

Суреттер: Д.Құрманғалиев

Осы құжаттың пəрменімен Шешен-Ингуш АССР-і таратылып, оның тұрғындары Қазақстан мен Орта Азияға жер аударылады.

1944 жылдың 23 ақпаны түнгі сағат 2:00-де тарихта «Чечевица» операциясы атауымен қалған жер аудару басталады. Деректерге жүгінсек, алғашқы тəуліктің өзінде-ақ шешен-ингуш ауылдарынан күштеп жиналған 333 739 адамның 176 950-ін эшелондарға тиеп, шұғыл түрде Қазақстанға аттандырған. Сол ақпан айында Кавказдан 493 269 адам тиелген 180 эшелон Қазақстан мен Орта Азияға жөнелтіледі. Жол бойы 56 адам дүниеге келіп, 1272 адам қайтыс болған.

1944 жылы Шешен-Ингуш АССР-інен көшірілген 496 мың адамның 411 мыңы немесе 85 мың отбасы Қазақ ССР-іне қоныстандырылған. 1953 жылғы дерек бойынша Қарағанды облысына 38 699 шешен, 5 226 ингуш ұлты орнығады.

Жалпы сексен жылдық қасіретті тарихтың қара табы Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейінде жеткілікті. Музей директоры Светлана Байнованың айтуынша, бұл жерде 6 мыңдай экспонат бар, олардың 2 мыңнан астамы – ҚарЛаг уақытының жəдігерлері. Музейдің негізгі қорына жататын аса бай жəне əртүрлі материалдар көп жиналған. Жыл сайын осынау қаралы дата қарсаңында шешен-ингуш ұлтының өкілдері музейге арнайы келіп, кешегі тарихтың қасіретті беттерін тағы бір мəрте парақтап, сол заманғы саяси ойынның жазықсыз құрбандарын еске алады.

Мəселен, 1944 жылдың наурызында жүк вагонына тиелген вайнахтарды алыстағы қазақ ауылына алып келгенде, сол ағаш вагонның бір жолаушысы Сулим қажы Исакиев бес жаста екен. Ал Қарағанды облысының «Вайнах» шешен-ингуш этномəдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев пен Шахтинск қаласының тұрғыны Хамзат Муступаев – кейінгі буын өкілдері. Көпшілік басқосуларда, жастар ортасында кешегі қиын-қыстау кездегі қазақ халқының қамқорлығын, тағдыршешті сəтте шыңдалған достықтың маңыздылығын əрдайым айтып отырады.

– Біз – солардың ұрпағымыз, – дейді Увайс Джанаев. – Оларды туған жерінен, Отанынан бір-ақ сəтте айырды. Айналдырған 1-2 аптаның ішінде 1,5 млн. адамды жер аударып жіберді. Жеткенше соның жартысы суық пен аштықтан қырылып қалған. Біздің аталарымыз қайда бара жатқанын да білген жоқ. Суық болғандықтан, Сібір деп ойлаған. Бірақ, қазақ халқының қамқорлығы мен көмегінің арқасында аман қалды. Қасіретті жылдар болса да, адамгершілік танытып, адами қалпынан таймаған қазақ халқына алғыс айтамыз. Жер аударылған аталарымыздан өрбіген ұрпақ – бүгінгі Қазақстанның азаматтары. Оның құндылығын сақтап, мүддесін қорғаймыз. Сол заманда тұтас халықтарды аман алып қалған қазақ халқының ролін ерекше айтып отырамыз.

Бүгінде облыс аймағында 10 мыңға жуық шешен, ингуш өмір сүріп жатыр. Олар ортақ болашағымызды бірлікпен байланыстырады. Сол бірлікті бекем ету үшін «өткенге тағзым – болашаққа тағылым» ұстанымын ұмытпағанымыз абзал.

Əшімхан ЖƏМПЕЙІСОВ,
Қарағанды облысы ҚХА жанындағы Журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button