«Ортақ іске үлес қосайық»

Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бағытында жұмыс басталғанына – 4 жыл. Өңірде атқарылған мәдени, тарихи әрі руханият төңірегіндегі шаралардың нәтижесінде өңірлік штаб 6 бағыт аясындағы 17 арнайы жоба шеңберінде ілкімді дүниелерді жүзеге асырды.

Оның ішінде, республика көлемінде үздік деп танылған облыстың екі жобасы бар. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірдегі жобалық кеңсесі ілкімді шараларды жоғары деңгейде өткізіп, оны көпшілік арасына кеңінен насихаттау бойынша республика деңгейінде үздік бестіктен көрінді. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВТЫҢ қатысуымен өткен жиында кеңінен айтылды.

–Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар қоғам өмірінің барлық саласына әсер етуде. Бұл ретте 2020 жылы Ұлы Абайға арналған шаралар өтіп, қаламызда Абай атындағы көше пайда болғанын атап өткен жөн. Алдағы уақытта атқарылатын бірқатар ортақ істерге бірге атсалысып, үлес қосайық, – деді Абзал Нүкенұлы.

Биылғы сәуір айында жұмысын бастағанына 4 жыл толатын бағдарлама аясында республика бойынша өңірімізде 1286 іс-шара жүзеге асты. Облысымыз аталған бағдарламаның сәтті жүзеге асуына мұрындық болған адамдарды қамтуы бойынша алғашқы орынға шықты. Сондай-ақ, кеншілер шаһарының көрінісі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы «Рухани жаңғыру» Қазақстандық қоғамдық даму институты «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға, нақты міндеттерін шешуге бағытталған өңірлердегі ең үздік жобалар жинағында көрініс тапты. Аталған үздік жобалар жинағына Қарағанды облысының «Ұлтқа қызмет» және «Qasym кitaphanasy» үздік деген бағаға ие болып, енгізілді.

–«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің жұмысын жүргізуге үлес қосқан азаматтардың арқасында облысымыз алғашқы бестікке енді. Көпшілік тарапынан қолдау тапқан біраз жобаларды атап өтуге болады. Мысалы, Қазақстанның «100 жаңа есімі» жобасы бойынша азаматтар арасында 130 шара ұйымдастырсақ, «Киелі жерлер географиясы» бойынша 79 шара атқарылды. Әр аудан өкілдерінің әуесқой түсірілімдерінің нәтижесінде Ұлытау, Қарқаралы, Ақтоғай өңірлеріндегі мәдени әрі тарихи нысандарды қамтыған ерекше түсірілімдер көпшілікке  оң әсер етті. Бұл біздің жұмысымызды ілгерілетуге сеп болды. Облыстағы туристік базаны дамытуға ықпал етті, –  деп атап өтті «Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесінің басшысы Айтбай Жұмағұлов.

Сондай-ақ, кеңсе басшысы қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде атқарылған жұмыстар аясында респбулика бойынша аймағымыздың көш бастап тұрғанын тілге тиек етті.

–Қазіргі таңда қазақ тілін латын әліпбиіне көшіруде атқарылған жұмыстар бойынша Қарағанды өңірі көш бастап тұр. Бұл жетістікке аймағымыздағы кітапханалар, Жоғары оқу орындары, білім ошақтарының қызметкерлері атсалысты. Оған қоса, «Ұлы даланың Ұлы есімдері» бойынша 189 шара өтсе,  «Өнегелі өмір» жобасы аясында көптеген мектепте ілкімді шаралар жалғасуда, – деп атап өтті Айтбай Ботпайұлы.

Жиында сөз алған Абзал Нүкенұлы алдағы уақытта Жол картасы бойынша жұмыстар жүргізіп, респбуликалық кеңсемен байланыс жұмыстарын жандандыру қажет екенін алға тартты.

– Мәдениет пен руханият терең ұштасқан дүниелер. Қарағанды облысын Тәуелсіздікпен  ұштастырып жатқан тарихи оқиғалар көп. Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облысымызда 126 шара өтеді. Қазақ хандығын мысалға алар болсақ, ол – Ұлытау ауданымен тығыз байланысты. Осы орайда Ұлытау ауданы, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мереке аясында өтетін игі шаралар төңірегінде бастама көтеруі тиіс.

 

Тәуелсіздікке тоқталғанда Алашорданы айтамыз. Оның айналасындағы тәуелсіздікке ұмтылған қайраткерлер Ақтоғай ауданынан түлеп ұшқан. Осы бағытта аудан өкілдері терең ойластырылған жүйелі жұмыс істеп, ұтымды ұмтылыс үлгісін көрсетуі керек. Осындай дүниелерді жарқырата көрсетіп, «Рухани жаңғыру» аясында сараптамалық топтар құру керек, – деді Абзал Нүкенұлы.

Жиында Айтбай Жұмағұлов «Құқықтық мәдениет» жобасына тоқталып, ауыл, аудандардағы тегін кеңес беретін орталықтар жұмысының насихатталуы жағы халыққа жетпей тұрғанын атады. «Құқықтық мәдениеттің» өз кезегінде құқығын білмей, өзін қорғай алмай жүрген жандарға үлкен көмек болары сөзсіз екенін айтты.

Осы орайда Қарағанды академиясының өкілдері «Рухани жаңғыру» жобасы аясында азаматтық әрі қылмыстық құқық саласында көпшілікке тегін кеңестер беруге дайын екенін жеткізді.

Жиынға қатысушылар елдегі ахуалға орай көп шаралар тоқтатылғанымен, олардың көпшілігінің онлайн түрде жүзеге асқанын атады. Қайырымдылық шараларының өтуі БАҚ тарапынан қолдау тауып, уақытымен жарияланып тұрды. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» кеңсесінде «Ұлтқа қызмет» жобасының жұмысы қарқынды жүзеге аспақ. Кеңсе мамандары түркиялық ғалымдармен кездесіп, сұхбат құрмақ ниетте.

Жиын соңында Абзал Нүкенұлы басқарма басшыларына алдағы уақытта бағдарлама аясында жүзеге асатын жұмыстардың уақытында әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды. Сондай-ақ, бұл іске жастарды тартуды міндеттеді.

–«Рухани жаңғыру» дегенімізде, алдымен жастарды ойлаған жөн. Олар ағылшын тілін, ғылым мен білімді меңгеруі тиіс. Ол үшін тығыз қоян-қолтық жұмыс істеу арқылы жарқын істердің айналасына жұмылдырып, жұмыс істетуіміз керек. Ғылыми, кәсіпкерлік гранттар бөліп, жастарды ынталандыру арқылы ғылыми-техникалық хаб ұйымдастыру керек, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

«Рухани жаңғыру» өңірлік-жобалық кеңсесі мамандарының айтуынша, жоба бойынша биыл 1206 шара өткізу жоспарда тұр. Осы орайда бағдарламаға жаңа бағыттар қосылып, алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» мекемесі құрылмақ.

Аяулым СОВЕТ.