Жаңалықтар

Қоршаған ортаны қорғау жолында

«Жер сағаты» жаһандық экологиялық акциясының қатысушылары қоршаған орта мәселелеріне, климаттың өзгеруіне, сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің жойылуына назар аудара отырып, кешкілік жарық пен электр қуатын бір сағатқа өшіреді. Бұл акция Қарағанды экомұражайында сенбі күні өтті.

Облыстық экологиялық музей қызметкерлері келген қонақтарға арнайы бағдарламалық шаралар ұйымдастырды. Акцияға қатысушылар мұнда жарықпен сурет салу, шеберлік сыныптары, үстел үстіндегі экологиялық ойындар, көлеңкелер экотеатр және музыкалық концертке куәгер болды. Кеш барысында «TribalPro» бишілері мен өнерпаздар Вадим Ким, Роман Тен және Стас Огородников өнер көрсетті.

Сонымен қатар, «Жер сағаты» науқанына арналған кездесу барысында көрермендерге «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тапсырысы бойынша түсірілген «Ғаламшарды қоқыстан құтқарудың 10 тәсілі» бейнесюжеті көрсетілді.

Қазақстанда қанша қоқыс полигоны бар? Қоқыс атаулы қанша жылда жерге сіңіп жоқ болады? Әдетте қоқыс жәшігіне қандай қалдықтарды тастауға болмайды? Қазақстанда зиянды қалдықтар қалай өңделеді? Әрбір қазақстандық ғаламдағы қоқыс мөлшерін азайту үшін не істей алады? Осы және өзге де сауалдарға тұшымды жауап та, экологиялық сауап деңгейін арттыруға, өскелең ұрпақты қоқысты азайту және қайта өңдеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі толымды дәйек пен деректер арнаулы бейнероликте қамтылған.

Естеріңізге сала кетейік, «ЭкоОбраз» атты экологиялық білім беру орталығы облыстық экомұражай және эколог Дамир Каримовпен бірлесіп, 2011 жылдан бері «Жер сағатын» өткізіп келеді. Бұл әрдайым шығармашылық кеш форматындағы шаралар легіне ұласып, онда әртүрлі жастағы адамдар шай ішіп, жаңалық алмасады. Мұнымен бірге, шеберлік сабақтарына, театрландырылған қойылымдарға қатысады. Олардың көпшілігі бір-бірімен бұрыннан таныс, олар қоршаған ортаның, қаланың және жалпы елдің тағдырына, қоршаған орта ахуалына мән береді.

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен Экологиялық реттеу және бақылау комитеті ұйытқы болған акция облыстың барлық қала мен аудандарын қамтыды.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button