АймақТеміртау

Қоршаған ортаға қамқорлық

Теміртау қаласының тұрғындары полиэтилен пакеттерін қайта пайдалануға болатын ыңғайлы сөмкелерге айырбастау­ға мүмкіндік алды. Акцияны қаладағы сауда орталықтары жанында жергілікті экоеріктілер ұйымдастырды.

Пакеттерді шоперлермен ауыстыру «Халықтың экологиялық ойлау деңгейі мен мінез-құлқын қалыптастыру жөніндегі кешен» жобасы шеңберінде өтті. Жобаның басты міндеті – экология­лық білім беру және табиғатты қорғау идеяларын тарату.

– Мұнымен тоқтамаймыз. Балалар мен ересектерге арналған тренинг, шеберлік сағаттары және басқа да түрлі іс-шара өткізіледі. Әрине, егер полиэтилен пакеттерінің мәселесін шешпесеңіздер, қоқыстың сұрыпталуы екіталай болмақ. Шоперлерді таратуға көшпелі экологиялық мектепте оқыған балалар қатысатынын айта кету керек, – дейді «Отражение» қоғамдық бірлестігінің басшысы Елена Варганова.

Сатып алуға 600 сөмке дайындалған. Оларды Теміртау қаласының шеберлері берік материалдан тіккен. Жобаның логотипі бар шоперлердің бір бөлігі тұрғындарға ірі дүкендердің жанында таратылады. Қалған бөлігі шеберлік сабақтары кезінде қолданылмақ.

Бұдан бөлек, жобаға қатысу­шыларға қайта өңдеу туралы кеңінен мәлімет беріледі. Кейін шоперлерді өз қалауы бойынша рәсімдеу ұсынылады. Оларды бояуға, жеке логотип немесе жазу қолдануға болатынын да айта кеткен жөн.

«Акцияға қатысу арқылы бір­қатар дос таптық. Түрлі ісмер әрі өз ісінің шеберлерімен таныстық. Айналаңа жақсылық жа­­сау, қоғамға пайдаңды тигізу адамға керемет көңіл-күй сыйлайды екен. Оның үстіне пайдалы дүниеге үлес қосудың әсері бөлек. Сондықтан, акцияға қа­тысқанымызға қуаныштымыз» дейді қала тұрғындары.

Теміртау шаһары Қарағанды облысындағы ірі өндіріс ошақ­тары орналасқандықтан экоакциялар жиі өтеді. Жергілікті тұрғындар да мұндай шаралар­ға белсенді түрде қатысып келеді.

«Жыл сайын өткізілетін осындай акцияларды қалт жібермей қатысуға тырысамын. Уақытты пайдалы дүниеге жұмсау да бір бақыт. Осы қалада өмір сүргендіктен, оның таза болуы, күннен-күнге құлпырып, дамуы, көркеюі – мен үшін аса маңызды. Полиэтилен пакеттерді сапалы сөмкеге айырбастап алдық. Бұл өз кезегінде қаланың тазалығын сақтауға септігін тигізетін бастама. Қала таза болса, ауа да таза. Сонымен қатар, болашақта талдардың қисық өскен бұтақтарын қию, қураған бұтақтарынан тазарту сынды жұмыстар да қамтылса екен деген ұсынысымыз да бар», – деп атап өтті қала тұрғыны Ерболат Қуатбек.

Шындығында, айырбасталған сөмкелердің сапасы көз қуантады. Қала жұртшылығы атал­ған акцияны жылы қабылдап, оң бағасын беріп, алғысын жаудырып жатты.

Өз тілшімізден
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button