Жезқазған

Орны ерекше орталық

«Цифрлы Қазақстан» және “Ру­хани жаңғыру” мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асы­ру мақсатында былтыр жазда ашылған “Жарқын ақыл” білім және даму орталығы – білім беру саласындағы маңызды әлеуметтік жоба. Оның құрыл­ тайшысы әрі демеушісі – Сәуле Шәуенова басқаратын “Ютария LTD” өндірістік-инновациялық компаниясы.

Таяуда қала әкімі Қайрат Бегімов, облыстық мәслихат депутаты, ҚХА мүшесі, “Арқаның Атымтайы” атанған білім меценаты Бекзат Алтынбеков, “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, “КәсіпҚорған” кен-металлургия қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Тоғызбай Тәжбенов орны ерекше орталыққа арнайы барып, ұжымды бір жылдығымен құттықтады. Орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы бала- лармен және жастармен пікірлесті. Үздік оқушыларға сый-сияпат жасады.

Орталық бір жылда бірқатар оң нәтижеге қол жеткізді. Мәселен, IT-сыныпта дәріс алған №4 мектеп оқушысы Александр Шарепин ойын құрастырып, ол жобасын Массачусетс технологиялық институтының Scratch. Mit.edu халықаралық платформасында жариялады. Домбыра үйірмесіне қатысатын №10 мектеп оқушысы Расул Бірімжанов Алматыда өткен “Жеті өнер” республикалық турнирінде, ал, робототехникамен айналысатын №3 мектеп оқушысы Айғаным Фазылова мен №8 мектеп оқушысы Тәңірберген Нұрмұханбетұлы республикалық “Дарын” байқауында І орынды иеленді.

Бұл орталықта балалар ІТ-технологиядан қосымша білім алады, шет тілін оқып-үйренеді, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына қажетті басқа да пайдалы ақыл-кеңеспен қаруланады. Қазір қаладағы жалпы білім беретін мектепте 5 ІТ-сынып бар, биыл тағы 12 сынып ашу жоспарланып отыр. Төрт мектепте коворкинг-орталық, 11 мектепте зияткерлік кабинеті жұмыс істейді, – дейді қала басшысы Қайрат Бегімов.

Қонақтармен кездесу кезінде тағы бір қайырлы істің куәсі болдық. “Ютария LTD” өндірістік-инновациялық компаниясының бас директоры Сәуле Шәуенова кәсіпорындағы көпбалалы үш отбасына, атап айтқанда, металл-пластик бұйым құрастырушы Жастілек Исинге – 4, тігінші Гүлмира Арыстанбаева мен оператор Әйкерім Келбетоваға 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды.

Әлібек ӘБДІРАШ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button