Орны бөлек Орағам-ай…

Таңертең беймезгілдеу уақытта түскен телефон қоңырауы селк еткізген. Аса бір маңызды шаруа болмаса, бостекі хабарласа қоймайтын Төрехан Майбас ағам екен. Әлденені сезгендей тұла-бойым шымыр ете қалған…
Қысқа қайырым есендесуден кейін «Бір жаманат хабар жеткізгелі тұрмын», – деді құмығыңқылау үнмен. – «Оралбек ағаң келместің кемесіне мініпті…».
Қолым сылқ етіп, телефонның сырғып түсіп кеткенін де аңғармай қалыппын…
Жүрегінің кеңдігі, мейірімінің шексіздігі өзі қайталап айтудан (жазудан) жалықпайтын «Айналайын!» деген жалқы лепесінен-ақ аңғарылатын, қайран Орағам-ай! Орны бөлек еді ғой…
Шамамен айға жетер-жетпес уақыт бұрын тілдескен едік. Болмысы бөлек ағамның айналып-толғануымен басталған әңгіме, әдеттегідей, емірене айналып-толғануымен тиянақталған.
Сол жолы сөз арасында «Биыл жазда, бұйыртса, жеңгеңді жетектеп, Ұлытауға арнайы барамын. Төрехан ағаң да бірге баруы тиіс, айналайын!» – деп еді… Бұйыртпады.
«Адамның емес, Алланың айтқаны болады» дегеніңіз – осы!
Құдіреті күшті Жаратушының жазмышына қылар қайран не?!
Асыл текті азаматтың асыл жары Асыл жеңгеме, балалары мен туған-туыстарына, әріптестері мен қатары қалың оқырман қауымға, Қарағанды, Балқаш, Ақтоғайдағы пейілі түзу, ниеті таза ағайынның баршасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Қазаның арты қайырлы, Орағамның орны пейіштің төрі болғай.
Әумин!..
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы,
ҚР Ақпарат саласының үздігі,
Қарағанды облысы әкімі «Алтын сұңқар» сыйлығының лауреаты