Орман 17 рет өртке оранды
Биылғы жазда облыс аумағында 17 рет орман өртке оранды. Жалын жалмаған жасыл желектің жалпы аумағы – 55,71 гектар. Мамандар бұдан сабақ алып, келешекте олқылыққа жол бермеудің амалдарын жасап жатыр. Өңірдегі ахуалды Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғи пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бахтияр Санбаев әлеуметтік желідегі тікелей эфирде баяндап берді.
Басқарманың қарамағындағы жердің жалпы ауданы – 127 039 гектар. Оның 68 962 гектары – орман. Биыл дала мен орманды қосқанда 192,62 гектар жанып кеткен. Жоғарыда айтқанымыздай, 55,71 гектары – орман.
Өрт қаупі күшейгенге дейін басқармаға қарасты орманның айналасы қотарылған. Қотарылған жердің ұзындығы – 4293,2 шақырым. Жауапты басшының сөзінше, қажетті жұмыс күші дер кезінде жұмылдырылыпты.
Орман қорын тілсіз жаудан қорғауға арналған шаралардың жоспары облыс әкімімен осы жылдың наурызында бекітілген.
– Қарағанды облысының аумағында орман өртінің алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимыл жоспары бар. 2023 жылға арналған табиғи өрттерді жою кезінде табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы және төтенше жағдайлар Министрлігі Қарағанды облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бөлімшелерінің өзара іс-қимыл тәртібі туралы алгоритм әзірленді. Биыл орман шаруашылықтарын жарақтандыруға 1,1 млрд. теңге бөлінді және 349 заманауи жабдық пен мүлік сатып алынды, – деді басқарма басшысы Бахтияр Санбаев.
Атап айтсақ, басқарма паркі өрт сөндіру көліктерімен, мотоциклдармен, квадроциклдармен, тракторлармен толыққан. Тағы да басқа төтенше жағдай кезінде қолданылатын құрылғылар жеткізілген. Сонымен қатар, ормандардың маңында 5 өрт сөндіру станциясы бой көтермек. Станциялар Қарағанды қаласының, Ақтоғай ауданының, Бұқар жырау ауданындағы Белағаш ауылының, Шет ауданындағы Ақсу-Аюлы ауылының, Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ ауылының іргесінде орналасады.
Басқарма басшысы жасыл желекке біздің ғана емес, тұрғындардың да жаны ашуы керек дейді. Өйткені, тілсіз жау кейде демалушылардың салақтығынан да тұтанады. Көбіне қауіпсіздік ережелері ескерілмейді екен.
Орман өртімен қоса, басқарма заңсыз ағаш кесушілермен де күрес жүргізіп жатыр. Заң бұзушыларды анықтау мақсатында 101 рейд ұйымдастырылған. Нәтижесінде 2 заң бұзу дерегі анықталды. Пысықайлар 3,8 текше ағаш кесіп үлгеріпті.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz