Қормал қарттың қазынасы
Ел ішінде көненің көзіндей құнды қазынаны тірнектей жинап, көздің қарашығындай сақтап келе жатқан қормал қарттарымыз көп емес. Бұл жөнінде биылғы өткен Ұлттық Құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз болашаққа сенімді қадам басу үшін төл тарихымыздың ауқымы кең екенін толық сезініп, мәдени мұрамызды сақтап, дәріптеуіміз қажет» деген сөздері Саран қаласында тұратын, жасы жетпіске жақындаған Амангелді Кейкинге арналған сияқты.
Өйткені, ол облысымыздың қазағы қалың Шет ауданында туып-өсіп, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының санитарлық-гигиеналық факультетін бітіріп, зейнетке шыққанша осы салада еңбек етсе де, жасынан өнер мен мәдениетті жанына серік еткен арқалы әнші, дәулескер күйші, ақындығы да бар, ескілікті әңгіме мен шежіреге жүйрік санаулы қарияларымыздың бірі саналады.
Ең бастысы, Амангелді ақсақалдың өткеннен сыр шертетін бағалы бұйымдар мен заттардың ойдан-қырдан басын құрап, сол үшін үйінің бір бөлмесін тұтастай мұражайға айналдырғаны. Мұнда не жоқ дейсіз?! Кешегі даңқты бабалары Бекештің бітеу Кетбұға домбырасы, Ұланбек бидің ас табағы мен өрме жүгені, атасы Кейкі мен атақты Иманжүсіптің ат тұсайтын темір кісендері, Аққыз бен бауыры Әбілқап күйшілердің, Мағауия Хамзин мен Шәміл Әбілтаевтің, Қадірбек Халилиннің домбыраларын қосқанда, осындай 41 аспап, Шәмши Адамбайұлының көне қылқобыз, Сәкен Сейфуллиннің саквояжы да осында тұр.
Аужекең осы тозығы жетіп, ескіргендерін шамасы келгенше өзі жөндеп-жаңғыртып, қалпына келтіргеннен кейін шашау шығарғысы жоқ. Себебі, олардың әрқайсының осы әулетке, өзіне тікелей қатысты тарихы бар.
Егер соны таратып айтар болсақ, Амангелді ағамыздың ата-бабалары Кенесары көтерілісі кезінде Жоламан, Бұқарбай батырлар бастап келіп, Арқа жеріне қоныстанған Кіші Жүз-Жетірудың Табын-Тарақты руынан. Содан осы өлкеде қалып, өсіп-өнген олар патша заманында Қарқаралы округінің Нұра болсын, ал Кеңес өкіметі тұсында жоғары аталған ауданның бұрынғы «Кеншоқы» кеңшарының аумағындағы Көрпетай, Мыңқауға дейтін жерлерін мекендеген. Осында жүріп, бесінші атасы Бекеш асқан күйші болып, соңында «Қоңыржон», «Сандықсары», «Кернейбасар», «Боғда-ола», «Қосбасар» тәрізді күйлерін қалдырған көрінеді. Әзірге нотаға түспеген бұл күйлерді өзі ғана орындап жүр. Сол бабасынан қалып, қалпына келтірілген домбыраның шанағында тесігі болмағандықтан аңыздың ізімен оны «Кетбұға домбырасы» деп атайды. Осы аспап пен оның баласы Ұланбек бидің өрме жүгені мен ас табағы әулетімен кәмпескеленгенде Әміре қорасына киізге орап көміліп, кейін студент шағында атасы Кейкінің ағасы Омармен бірге барып, оларды қазып алады.
– Ал, мына бір күмбірлеп тұрған күрең домбыраны, – дейді Амангелді ағамыз, өткен ғасырдың 70-ші жылдары әнші Мәдениет Ешекеевпен біздің үйге келгенінде шертпе күйдің шебері Мағауия Хамзин сыйлаған болатын. Ол бала күнінде әкем Еркебаймен балалар үйінде қатар тәрбиеленген адам еді.
Біз көрген екі қалақ домбыраның бірі атақты күйші Аққыз (Мүгілсім) бен екіншісі оның бауыры Әбілқап Ахмет балаларының мүлкі болып шықты. Олар мұның марқұм анасы Нәзіммен аталас туысы, Ақтоғай аймағын жайлаған Тобықтының Ақсақ атасынан тарап, өзара сыйластықтың белгісі ретінде тарту етіпті. Осы Әбілқаптың елге беймәлім «Көкдомбақ» күйі де Кейкиннің репертуарында.
Ендігі бір домбыраны қорабымен күйші, сазгер Шәміл Әбілтаев Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейханов ауданы ашылғанда келген сапарында мұның орындаушылық шеберлігіне риза болғандықтан басы бүтін беріп, қорап ішінде қолтаңбасын қалдырыпты.
Амангелді ақсақалдың шаңырағында сақталып тұрған тағы бір киелі дүние – Шәмши Адамбайұлының қылқобызы. Ол кісіге бұл аспап кезінде Шоқан Уәлиханов жазған атасы Әшірбек қобызшыдан қалып, содан кейін Әужекеңе көшкен. Бірақ әбден ескірген аспаптың қылы үзіліп, жаңғыртып, жөндеуді қажет ететіні байқалады.
Сол сияқты әкесі Еркебаймен қызметтес болған досы, ақын әрі күйші Қадырбек Халилиннің ұстаған домбырасын да екеуінің көзіндей көріп, ұстап отыр.
Қормал қарттың үйіндегі шағын мұражайында ерекше бір назар аударғаны ат тұсайтын екі темір кісен болды. Оның алғашқысы атасы Кейкінікі болса, соңғысы онымен досжар болған әйгілі Иманжүсіп Құтпанұлының ешбір дәнекерлеусіз темірден бұрап жасаған кісені де, ол өзі арнайы кілтпен ашылады екен.
Осы жәдігерлердің ішінде өте-мөте құнды мұра Қызыл сұңқар ақын, биыл туғанына 130 жыл толатын Сәкен Сейфуллин тұтынған саквояж дер едік. Жазықсыз жаланың құрбаны болып кеткен оның бұл затын Аужекеңе бір кезде Саран қалалық сотының төрағасы болып істеген досы, кейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болған марқұм Зейнолла Мұхамедиұлы Мақашев бұған аманаттап тапсырыпты. Сөйтсек, Сәкен ағамыз Зейнолланың әкесі, жақын ағайыны Мұхамедияның үйіне сәлем-сауқатын бір келгенінде осыған салып әкеліп, тастап кеткен көрінеді. Сосын оны Зекеңнің анасы қастерлеп ұстаса, енді Амангелді ағамыздың үйінің төрінен орын алған.
Сонымен, әңгімемізді тағы да Мемлекет басшысының Ұлттық Құрылтайда айтқан «Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр» деген сөздерімен аяқтасам деймін.
Ержан ИМАШ,
САРАН
Суретті түсірген автор
Ortalyq.kz