Спорт

Оралдан жүлдемен оралды

2-7 қыркүйек аралығында Орал қаласында жүгіру арқылы қала ішінде бағдарлаудан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Чемпионат жарыстары қатысушылардың жас айырмашылықтары бойынша бірнеше топқа бөлініп ұйымдастырылған.

Осы біріншілікте 15-16 жастағылар арасындағы сында қарқаралылық Санжар Толымбеков топ жарып, бірінші орынды иеленді.

Қалалық бағдарлау – интеллектуалдық ойлау элементтерін қамтитын және спорттың осы ғасырда ғана пайда болған жаңа түрі. Сайысқа қатысушылардың мақсаты – ұйымдастырушылар белгілеген бақылау нүктелерін барынша қысқа мерзімде табуы қажет. Классикалық бағдарлауға қарағанда, қалалық бағдарлауда бақылау-өткізу бекеттерін орнатудың бірнеше тәсілдері бар. Бұл қала ландшафтына тән мекен-жайлар, жергілікті атаулар мен бағдарлар, шартты схемалар мен фотосуреттер, жалпылама сипаттама мен қаланың беймәлім қалтарыстары болуы мүмкін. Осынау спорт түрінде озу үшін физикалық дайындығың, жылдамдығың мен бағдарлау қабілетің мықты болуы шарт.

Өзіне беймәлім қалада да алдына қара салмай, республикалық додада чемпион атанған өреніміздің жеңісі құтты болсын!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ

Қарқаралы ауданы

Сурет автордан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button