Жаңалықтар

Оралдан қалған күй-сарын

Алаштағы күйдің кіндік Отаны Сарыарқа Тәттімбеттің елі десе артық емес шығар. Тәттімбет Қазанғапұлы заманында ешкім шендесе алмаған бал-бармақ күйші әрі елтұтқа болғаны тарихтан белгілі. Оның «Саржайлауы» Ұлы Даланың күйұраны сияқты, «Қосбасарлары» бабалардан қалған сыр секілді, «Бестөресі» мен «Бозайғыры» намысты жанитын жігер сынды, өлмейтін туындылар. Сол Тәттімбеттің мұрасын жалғастырған пәуескелі күй көшін барласақ, небір қазақтың ірі классиктерінің шоғырын көреміз. Олардың әрқайсы – бір төбе. Әлбетте, бірегейі – күйші Қыздарбек Төребайұлы екені елге аян. Ал Қыздарбек күйін осы заманға оздырған дара күйшілердің алдыңғы сапында біздің Орал ағамыз, Орал Исатайұлы тұр.

Күй дүлдүлі атанған Орал ағамен бір елденмін. Сондықтан жастай ағаның күй-сарынына қанығып өстім. Дүниеден ертерек өткен ағаның артында ізін жалғастырған шәкірттері көп қалды. Дәл Орекеңдей шертпесе де, бірқағары бар өнерпаздар жетерлік. Орекеңнің жақын ағасы – атақты Дәулетбек Садуақасұлы. Ол кісі де Орал інісіне деген құрметін үнемі айтып жүрді. Үзеңгілес досы, сыршыл күйші Қалкен ағамыз да Орал ағамыз өнерін кең насихаттады, бізге солардан жұққан бірер көсем қағыс бұйырды, қал-қадерімізше үлкен сахналарда Орал аға үлгісімен домбыра шертіп жүрміз.

Өзім білім алған Тәттімбет атындағы өнер колледжінде жүргенімде Орал Исатайұлының атын кәсіби күйшілер қауымы құрмет тұтатынын көріп, еңсем көтерілді. Ақсу-Аюлы күйшілік мектебінің тағы бір мықты өкілі, атақты қобызшы әрі ұстаз Жаңқаш Жұмабеков аға ел шежіресін терең таныған жан. Сонау Итаяқтан басталып, Оралға жалғасқан күйшілік дәстүрді жақсы білетін. Студент кезімде сол кісінің Орал күйшінің шеберлігі туралы айтқан естеліктері жадыма жатталды. Кейбір күйлердің аңызын да сол кезде естідім. Кейін білім қуып елордаға, университетке барғанымда Орал күйшінің аты шертпе күй мәдениетінің тарихында берік орныққанын аңдап, туған жеріме деген перзенттік мақтанышым арта түскенін жасыра алмаймын.

Орекеңді еске алу кеші 2015 жылы Шет ауданы, Ақжал кентінде өтті. Бұл Тәттімбеттің қос ғасырлық (200) мерейтой жылы еді. Сәті түсіп концертке шықтым, Орал аға жеткізген «Тәубе қосбасарды» шерттім. Кеш барысында елдегі өнерпаз ұрпақтың күйіне қанықтым. Әсіресе, Өмір Кәріп, Зәрубай Сүйіндікұлы сияқты ағалардың әңгімесін естіп, Орал күйші туралы білігім молая бастады.

Осы жерде жалпы Тәттімбет мектебінің болашағына, оқытылу мәселесіне тоқтала кетуді жөн санаймын. Арқада шертпе күйдің насихаты әлі кемшін екендігі сырт көзге бірден байқалады. Арқа күйшілерінің күй антологиясын шығару, Сайдалы сары Тоқа, Аққыз, Қыздарбек, Әбікен сынды саңлақтардың күй байқауларын дәстүрлі түрде өткізу шараларын көпшілік болып қолға алуымыз керек шығар?! Сонымен қатар, Арқаның жалпы музыкалық мұрасын зерттейтін ғылыми орталық, фольклорлық кабинеттер ашу жұмыстары бүгінгі талапкерге һәм болашақ ұрпақ үшін аса қажет. Енді шертпе күйдің мәдениеті, орындалуы, сахналық саясаты жөнінде алқалы жиындар, шығармашылық басқосулар болса құба-құп дер едік. Осынау шаралардың арасында Орал Исатайұлының да орындаушылық үлгісі кең насихатталғаны жөн болар еді, себебі, оның орындауында Қыздарбектен Рысқұлбекке дейін жалғасқан ұлы мектеп бар. Орал ағаның соңында қалған сирек күйтаспалардың бұзылмай бізге жеткені үшін күллі Арқа елі жазушы Кәмел Жүністегінің алдына жүгініп, бас исе артық болмас. Кәмел аға кешегі шертпе күй қудаланған, мүлде тартылмай, сазы үзіліп кеткен кезеңдерде соңынан қалмай жүріп, талай күйшілерді ыждаһаттылық сезіммен магнитофонға жазып алып қалды. Бұл күнде сол қазына ел игілігіне айналып отыр. Егер Кәмел аға жазбағанда, насихаттамағанда Қыздарбек, Сембек, Әбди, Мақаш, Бегімсалдарды ел білер ме еді, білмес пе еді?! Арада талай уақыт өтсе де Орал шығармашылығы өзінің тұнық мелодиясымен таңдандырмай қоймайды. Ол – күй қонған тұлға. Оның әр дыбысы сөйлеп тұрады. Сазы жігерлі, қағысы көркем, перне басуындағы виртуоздық қабілет екінің біріне біте бермейтін өнер.

Орал ағаның соңына ерген, қолынан күй үйренгендердің ішінде менің ұстазым Жанғали Жүзбайдың болғанына шүкір дегім келеді. Себебі, ол Орал ағаның шертісіне қанық, шеберлігіне куә болған адам. 2006 жылы шыққан «Қазақтың шертпе күйлері» атты кітабына Орал ағаның орындауындағы күйлерді алғаш кіргізген күйші. Кештеу болса да Орал Исатайұлының күй жинағы шығатынын естіп шаттанып отырмыз, Жанғали ағамыз күйді нотаға түсіру саласында көп тәжірибе жинақтаған адам. Күй өнері, мәңгілік сарын кеудемізді күмбірлетіп, рухани шырағымызды маздатсын дәйім!

Мадияр СҮЛЕЙМЕНОВ, Тәттімбет атындағы

Өнер колледжінің ұстазы, республикалық күй конкурстарының лауреаты.

Басқа материалдар

Back to top button