Бас тақырып

Қор – жеткілікті, баға – бақылауда

Қараша туысымен ел ішін «көмір қат» деген қауесет кезді. Бірақ бұл шындыққа мүлде жанаспайды. Қарағанды аймағы көмірден тарыққан жоқ. Мұны ресми ұйымдар растайды. Десек те, шаншудай қадалған мұндай қаңқудың шығу төркіні басқада екен. Мәселе – шалғай ауылдағы ағайынға кеніштен шыққан көмірдің қымбаттап жетуінде.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Ал, негізі, көмірдің бастапқы бағасы көңілге де, қалтаға да қонымды екен. Айталық, «Шұбаркөл көмір» АҚ-ынан шығатын көмір тоннасы – 8 мың 790 теңге. Тағы бір еске салатын дүние. Биыл бұл компания жекелеп көмір әкететіндерге жол берген жоқ. 2023 жылы биржалық сауда-саттық қорытындысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық көмірді көтерме сатып алушы болып, «Көмір гарант» ЖШС анықталғаны аян. «Көмір гарант» ЖШС-мен бірқатар елді мекендердің отын базаларында көмір сату туралы шешім қабылдады. Ал ол көмір белгіленген отын базаларына үздіксіз жеткізілуде. Бірақ ауылға жеткенше бұл баға 3-4 есе «өсіп» барады. Дәніккен делдалдың бұл амал да айылын жиғыза алмады. Қайтпек керек мұндайда?

– Қарағанды облысының тұрғындарына көмір 55 пунктте сатылып жатыр. Облыста көмір қоры – 49,8 мың тонна. Қазіргі таңда көмір сататын орындарда кезек жоқ, – дейді өнеркәсіп және индус­триалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Басқарма басшысының хабарлауынша, «Шұбаркөл көмір» АҚ күн сайын облысқа 35 вагон жөнелтеді екен. ХМК ауданындағы негізгі көмір сату нүктесінде күніне 120-ға жуық көлік тиелетін көрінеді.

Кешегі күні Қарағанды қаласының басындағы «көмір жыры» туралы қала әкімінің орынбасары Абзал Рахымбаев баяндады. Оның айтуынша, «Қарағандының басы көмірсіз қалтырап отыр» деген сөз – бекер. Қарағандының өз басындағы 20 көмір операторында көмір шаш етектен, жетіп артылады. Нақтылағанда, бүгінде осы операторлардың алтауында 22 мыңға жуық тонна көмір жатыр.

– Қарағанды қаласында көмірді қажет ететін 214 көппәтерлі тұрғын үй мен 25 мыңнан астам жер үй бар. Кейінгі уақытта Қарағанды қаласында көмір жеткіліксіз деген хабар тарауда. Бүгінгі күні Қарағанды қаласының аумағында 20 көмір операторы бар. Олар халыққа отынды жеткізумен айналысады. Сол 20 оператордың алтауында 21 мың 885 тонна көмір бар. Оның ішінде, «Шұбаркөл көмірі» – 16 мың 500 тонна болса, «Майкөбе» көмірі – 2 мың тонна. Сонымен қатар, «Сәт» көмірдің 1 мың тоннасы жатыр. Айта кету керек, «Рапид» көмірі де жеткілікті, – дейді Абзал Рахымбаев.

Ал ауылдағы ағайынның жан дауысын шығарған баға қайдан келді? Әлбетте, делдалдың дәніккен тірлігі демеске, шара жоқ. Капиталистік қоғамда отырып, делдалдарды да кінәлау «біртүрлі» секілді. Бірақ, Қарқаралы ауданының басына тоннасы 21-25 мыңнан жететін көмір ауылдарда 28 мыңнан екен. Мұны Қарқаралы ауданы Татан ауылының тұрғыны Ерлан Хасенов айтып отыр. Татан ауылы Қарағандыдан – 400 шақырым қашықтықта.

Бұл тұрғыда ауыл әкімдігі қарап отырмаған көрінеді. Ауыл тұрғындарына баға 25 мың теңгеден асса, дереу әкімдікке хабарлау қажеттігін ескертіпті. Әйткенмен, бұдан құлағдар емес ауылдықтар алыпсатарлардың «жемі» боп жатқаны және өтірік емес.

– Бізге ауылға тоннасы 28 мың теңгеден әкеліп, саудалап жатыр. Ауыл әкімдігі бізге ескертті. Егер ауылға келген көмір тоннасы 25 мың теңгеден жоғары болса, бірден әкімдікке хабарлау қажеттігін. Бірақ 28 мың теңгеден алып жатқандар ауылда көп, – дейді Ерлан Хасенов. Бұл бір ауылдағы жағдай емес. Ауыл атаулының киген кепеші – осы.

Негізі, көмірдің үстінде отырып, оның қымбаттығы – нонсенс.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button