Жаңалықтар

Қорғаныс сарбаздары сап түзеді

1 наурыз – Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні. Осы орайда, 52859 әскери бөлімінің алаңында құтқарушылар сап түзеді. Төтенше қауіп туғанда олардың қалай әрекет ететініне сол арада жиналғандар куә болды. Аталған шараға кезектегі контрадмирал К.Әбікеев, Чернобыль мүгедектері қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы О.Ким, 52859 әскери бөлім сарбаздарының аналар кеңесі төрағасы М.Фатеева қатысты

Әскери бөлім командирі, подполковник Жанат Омаров жеке құрамды мерекемен құттықтап, тілегін білдірді.

– Сап түзеген бүгінгі сарбаздар – ертеңгі ел болашағына жауапты жандар. Бауырлас Түркия еліндегі табиғи апат барша ел назарында. Жанын шүберекке түйіп, қатерге қарсы жүрген де осы құтқарушылар отрядтары. Әрине, енді ондай зілзаладан сақтасын. Дегенмен, алдын ала қамдану, кез келген апатқа сақадай сай болу, қарапайым ел амандығын қамтамасыз ету – бізге міндет, – деді Жанат Болатұлы.

Бұдан кейін құтқару және радиациялық, химиялық, биологиялық қорғаныс бөлімшесі құтқару жұмысының қалай іске асатынын назарға ұсынды. Онда радиациялық аймақты арнайы иттермен барлау операциясы, көпқабатты құрылыс бөліктерін тазарту, көлік астында қалған адамды құтқару сияқты әрекеттер жиынтығы көрсетілді. Көпқабатты үйдегі төтенше жағдайдан адамды аман алып шығуда 52859 әскери бөлімінің құтқарушылары алдына жан салмайтынын көрсетті. Олар арқанмен жоғарыдан түсіп, мінуді кәнігі мамандай игерген.

– Дәл осы оқу-жаттығу алаңындағы оқиғаларды біздің құтқарушылар талай рет бастан өткерді. Олар салқынқандылықтан бір мезет те айныған емес. Ал, бүгінгі бағдарлама аясында ең алғашқы барлауды иісшіл иттермен бастағанымыздың өзіндік себебі бар. Өйткені, иттің сезу қабілеті адамнан анағұрлым артық. Түркия еліндегі апатта да арнайы дайындығы бар иттер кәдімгі батырға балануда. Тіпті, оларға ескерткіш тақта да орнатылып жатыр, – дейді рота командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Мақсат Балжанов.

Расында, 7-19 ақпан аралығында Түркияның үш бірдей провинциясы аумағында, атап айтсақ, Нурдагы, Газиантеп, Хатай қалаларында қазақстандық құтқарушылар азаматтарды іздестіру-құтқаруға атсалысқан еді. Сонымен қатар, қазақстандықтар Қахраманмараш провинциясына үздіксіз гуманитарлық көмек жеткізіп отырды.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button