«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң қабылданды
10 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платфмормалар және онлайн-жарнама» туралы Заңға қол қойды. Жаңа Заң туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірген еді.
– Баршаға белгілі, әлеуметтік желілер бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. «Қоғам тынысының барометрі» атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті. Мәселен, күні кеше ғана Reuters Institute жариялаған биылғы «Дижитал жаңалықтар есебі» бойынша, әлемде әлеуметтік желі арқылы жаңалықпен танысу 30 пайызға ұлғайған, – деді Дархан Қуандықұлы.
Заңның негізгі міндеттемелерінде онлайн-платформалар қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттырып қана қоймай, онлайн-платформалардағы балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан, ел азаматтарының дербес деректерін қорғайтыны көрсетілген. Бұқара үшін ақпаратты тұрақты және жүйелі түрде жинақтауды, сақтауды, талдауды әрі таратуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ел азаматтары үшін қауіпсіз онлайн ортаны қалыптастырып, заңсыз және зиянды контентке қарсы іс-қимыл жүргізілетіні айтылған.
Бұдан бөлек, жаңа заңға «Ақпараттандыру туралы» қолданыстағы Заңның онлайн-платформалар мен жедел хабар алмасу сервисін реттеу бөлігіндегі ережелеріне де ішінара өзгерістер енгізілген.
Аталған өзгерістерде заңда онлайн-платформаларды пайдаланушылардың құқықтары, Қазақстан Республикасының және басқалардың заңдарында көзделген олардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделерін сақтау талаптары регламенттелген. Бұл ретте пайдаланушылар онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы заңнаманы сақтауға, орналастырылатын, таратылатын контенттің дұрыстығын тексеруге, жалған ақпаратты, құқыққа қарсы контентті орналастырмауға, таратпауға, сондай-ақ оларды орналастырған, таратқан жағдайда жалған ақпаратты, құқыққа қарсы контентті жоюға міндетті болады.
Ел аумағында қызметті жүзеге асыру үшін онлайн-платформалардың меншік иелері және (немесе) өзге де заңды өкілдері дербес деректердің сақталуын және құпиялылығын қамтамасыз етуге, контентті қазақ тіліне автоматты түрде аудару мүмкіндігін жасауға, адам мен азаматтың өміріне немесе қауіпсіздігіне қатер төндіретін құқыққа қайшы контент анықталған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарын дереу хабардар етуге міндетті. Сонымен қатар, құқыққа қарсы контентке қарсы іс-қимыл шаралары туралы уәкілетті органды хабардар етіп, Қазақстан Республикасының сот актілері, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарының сұрау салулары негізінде уәкілетті орган сұратқан пайдаланушылар туралы мәліметтерді ұсынуға, контентке, интерфейске, басқа пайдаланушыларға, онлайн-платформаның әрекеттеріне шағым беру функциясын қамтамасыз етеді. Ал, шағым беру тетігі мен қағидаларын онлайн-платформаның меншік иесі айқындайды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz