Білім

Он сегіз мектеп салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Үкіметке «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жолға қоюды тапсырды. Яғни, «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады», – деді Мемлекет басшысы.

Тапсырмаға сәйкес, біздің облыста да үш жылда 18 мектеп салу жоспары тұр. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовтің қатысуымен өткен ұлттық пилоттық жобаны іске асыру мәселелері пысықталған кеңесте мәлім болды.

Сурет : Облыс әкімінің баспасөз қызметінен

Жоғарыда айтқанымыздай, аталған мектептер облыстың қалалары мен ауылдық жерлерінде тұрғызылады. Биылға он мектеп құрылысы басталуы тиіс. Кеңесте осы құрылыстардың алғышарттары қаралды. Яғни, жер телімдерін ресімдеу, ол жерлерге инженерлік коммуникация тарту сынды мәселелер талқыға түсті. Сондай-ақ, салынып болған соң мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету шаруасы да назардан тыс қалмады.

Өз кезегінде Мәулен Айманбетов сапар барысында осы жұмыстардың аяқ алысын бағамдауды мақсат тұтқанын да атап өтті.

– Біздің өңірлерге сапарларымыздың мақсаты – атқарылып жатқан жұмыстар қарқынын тексеру. Samruk-Kazyna Construction Үкіметінің қаулысымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде мектептер салу дирекциясы белгілеген. Қазіргі уақытта біз оны іске асыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен шарттар жасаймыз. Олардың мәні – әкімдіктер бізге тапсырыс берушінің функциясын тапсырады. Біз барлық қажетті конкурстарды өткіземіз. EPC келісімшартына бастан-аяқ барлық жұмыстар кіреді. Яғни, жабдықты жобалау, салу және жеткізу қатар жүреді. Ауылдарда, қалалар мен мегаполистерде бірыңғай стандарт бойынша оқушыларға бірдей ыңғайлы және жайлы жағдай жасалады, – деді Басқарма төрағасы.

Облыс әкімі ұлттық жобаны жүзеге асыру жөнінде Жол картасы бекітілетінін айтты.

– Жол картасы аясында мектептер құрылысы қарқын алады. Нәтижесінде, Президент айтып өткендей, біз қазіргі мектептердегі үш ауысымда оқыту, апаттық ғимараттар мен орын тапшылығы проблемаларын жоямыз, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Мектептердің жобасы оқушы санына қарай бір типті болады. Сәулет үлгісі бірегейлікті көздейді. «Жайлы мектеп» деп аты айтып тұрғандай, жаңашыл білім беру жүйесіндегі талаптар ескеріледі. Заманауи жиһаздармен, құрылғылармен, бейнебақылау жүйесімен жабдықталады. Сонымен қатар, мектепте STEM зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт залдары, коворкинг орталықтары орналасады. «Ерекше» балалар мүддесі де назардан қалмауы шарт.

Мектептердің сыйымдылығы әртүрлі. 300-ден 2000 орынға дейін шақталады. Орналасуына келсек, биыл Қарағандыда – төрт, Балқашта – үш, Бұқар жырау ауданында – екі, Шет ауданында екі мектептің құрылысы басталады. Келесі жылы бұл нысандар тапсырылуы тиіс. Ал, 2024- 2025 жылдары Қарағанды, Абай, Қарқаралы, Приозерск қалалары мен Нұра кентінде тағы сегіз мектеп бой көтереді.

Нұрқанат ҚАНАПИЯ.

Суретті түсірген Еркебұлан ХАДЫЛБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button